Жамбыл облысында 14 жыл бұрын шетінеген баланың жәрдемақысын белгісіз біреу алып отырған
14 жыл бұрын жеті айлық нәресте кезінде шетінеген баланың анасы әлі күнге перзентінің бақилық болғанын дәлелдей алмай жүр
Жамбыл облысының тұрғыны Саяхат Сұлтанова тұла бойы тұңғышын 2009 жылы өмірге әкелген. Туа бітті гидроцефалия (басына сарысу жиналған) диагнозымен туған бала ауруханада 7 ай жатып өмірден өткен. Ауыл дәрігерлері бұл туралы білген. Міне, арада 14 жыл жыл өткенде жергілікті білім бөлімі баланы іздей бастаған. Саяхат Сұлтанова баласының тірілер санатында тұрғанын осы білім басқармасындағылардан білген, деп жазады jambylinfo.kz.
Белгілі болғандай, осы уақытқа дейін баланың жәрдемақысын белгісіз біреулер алып отырған. Саяхат Сұлтанова баласы шетінеген кезде өлім туралы құжаттарды дұрыс рәсімдей алмаған. Енді тұңғышының «өлі» екендігін дәлелдей алмай жүрген ол аурухана мен АХАЖ бөліміне талай барған. Алайда, жарты жылдан бері нәтиже жоқ дейді ол.
«Аурухана мен АХАЖ балаңыз туралы ешқандай құжат сақталмаған дейді. Бұдан асып ештеңе айтпайды. Енді құжатын жөндемесек, келесі жылы тіпті қиын болады. Әскерге шақырады, жеке куәлік алады, сол кезде де іздейді», – дейді Саяхат Сұлтанова.
Бұл мәселені тек сот шешетіні белгілі болып отыр. Ол үшін баланың туу туралы куәлігін қайтадан алу керек. Осылайша тағы сотқа барады. Аталған мәселеде көмек беруді азаматтарға арналған үкімет мекемесінің мамандары мойнына алып отыр. Сонымен қатар, қызметтік тексеріс аясында жөргекпұлды кім алғаны анықталады.
«Жуалы ауданды бойынша АХАЖ бөліміне барып өтініш береді. Өтінішті АХАЖ бөлімі қабылдамайды, бас тартады. Ол заңда қарастырылған. Бас тартқан құжатпен сотқа жүгінеді. Бір айдың ішінде шешім шығарып берсе, күшіне енген күннен 3 күн ішінде базаға енеді», - деді «Азаматтарға арналған үкімет» МК Жамбыл облыстық филиалы директорының орынбасары Мұхтар Әлімбетов.
jambylinfo.kz Саяхат Сұлтанованың мәселесін назарда ұстайды.