Жамбыл облысында ауылдарды құм басу қаупі бар
Жамбыл облысында шеткері ауылдарды құм басуы мүмкін. Қазір біраз елді мекендерге қарай құм жылжып келеді. Тіпті көшкіннің алды кейбір ауылдарға кіріп те үлгерген. Ауыл тұрғындары топырақты қолмен тазартып әлек. Көшкен құмның кесірінен жайылым да тарылып барады. Жергілікті жұрт ауыл үшін алаңдап құмды тежеуге жәрдем сұрап отыр.
Кенжебек Оразәлиев, Үшарал ауылының тұрғыны: – Бұрын мына жерде құм жоқ еді. Мына құм желмен көшіп келген құм. Сондықтан жол да құммен жабылып қалды.
Ғалымжан Өтеулиев те құмның қорлығын көріп отыр. Қазір оның қора-жайын басып, үйіне кіруге шақ тұр. Ауыл тұрғыны түбінде баспанам құмның астында қала ма деп қауіптенеді. Ол күн сайын үйіліп қалатын сырғыма құмды сыпырып тұруға мәжбүр.
Ғалымжан Өтеулиев, Үшарал ауылының тұрғыны:
– Құм көшкінінен жылдан-жылға биіктігі қорамен бірдей болды. Бастапқыда мынадай еді. Қазір биіктігі осы жерден 3-4 метр болады. Сенбесеңіздер, қораның ішіне кіріп көріңіздер!
Елді мекеннің күнбатыс беткейінен соққан жел сусылдаған құмды ауылға қарай суырып жатыр. Жұрт оны тоқтату үшін шеңгелден тоқып, қолдан тосқауыл жасаған. Алайда ол да жылдар өткен сайын тозған. Салдарынан құм біртіндеп ауылға қарай кіріп барады. Енді құм осылай көше беретін болса, бірінші болып анау тұрған мектепті басады. Үшарал ауылындағы бұл проблема бұған дейін де бірнеше рет көтерілген. Ақыры жолдан өту қиындап, мектепті құм басатын болған соң 6 жыл бұрын тазарту жұмыстары жүргізілген. Желдің өтіне сексеуіл, жиде сияқты ағаштар отырғызылыпты. Құм біраз уақыт тоқтағанымен, араға жылдар салып қайта көше бастады. Құмның жылжығанын мамандар да растап отыр. «Негізгі себеп – орман шаруашылығы қорындағы ағаштардың өртеніп, өскіннің азаюы», – дейді олар.
Сымбат Бейсенов, Ақкөл орман шаруашылығының испекторы:
– Құмның көшетін жері – осы ауылдың маңайы. Себебі алдында ешқандай пана, төбелер жоқ. Құм ауыл іргесіне қарай жақындап келе жатыр. Оны тоқтату үшін майда бұталарды көп егу керек. Ағаштар егілсе, бұл құм тоқтайды.
Ал орман шаруашылығының ардагері Пәрімбек Бейсенұлы: «Құмның жиі жылжуына орман қоры жерлерінің игерілмей жатуы себеп», – дейді. Өйткені орман жерлеріне шаруашылық малдарын кіргізуге рұқсат жоқ. Жазда мал жайылмаған жайылымдар күзге дейін қалың орманға айналады. Мұндай қураған қалың орманның басын өрт шалуы да оңай.
Пәрімбек Бейсенұлы, Аққұм ауылының тұрғыны:
– Орман алқаптарында көптеген жер өрттеніп кетті. Кезінде құмды паналап мал өсірдік. Сонда ол орман өрттенген де жоқ. Қираған да, құрыған да жоқ, керісінше жайқалып отырды. Мысалы, менің 200 қойым бар. Қайда барамын? Баратын жер жоқ. Жан-жақты алып алған. Құмға кірейін десең рұқсат жоқ.
Құмды аймақ Жамбыл облысының 5 млн гектар жерін алып жатыр. Мамандардың мәліметінше, 10 шақты жыл бұрын бұл орман қорының 90%-ке жуығы өртеніп кеткен. Биылдың өзінде от орман қорының 41 мың шаршы шақырымын шарпыған. Мамандар: «Құмдағы орман қорын арттыру ісін қолға алу керек», – деп санайды. Бұл жағдай дер кезінде қолға алынбаса, құмдағы ауылдар экологиялық апатқа ұшырауы мүмкін.
Руслан Бақытбекұлы,
Тимур Сейілхан,
Бақытжан Бапаев
24.kz
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Келесі мақала