Қоғам

Жамбыл облысының 85 жылдық мерейтойына арналған салтанатты жиын өтті

Шарада аймақтың дамуына үлес қосқан азаматтар марапатталды

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің  қатысуымен «Көне-Тараз» тарихи-этномәдени кешенінде Жамбыл облысының 85 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.

Іс-шараға республиканың әр аймағынан келген мәртебелі меймандар, зиялы қауым өкілдері мен жергілікті тұрғындар қатысты. Жиында аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев сөз алып, жамбылдықтарды мерейлі датамен құттықтап, ақ тілегін жеткізді.

Мұнан кейін облыс басшысы  «Мәдениет – асыл қазынам» атты аудандар арасындағы облыстық байқаудың қорытындысын жариялап,  байқау нәтижесі бойынша жүлделі  орындарға ие болған Талас ауданы мен Жамбыл  ауданына шағын автобустардың кілттерін табыстады.

Ал жүлделі үшінші орынға Байзақ және Сарысу аудандары лайық деп танылып, арнайы дыбыс құрылғысына ие болды.

 Сондай-ақ, облыс әкімі өңірдің дамуына елеулі үлес қосқан азаматтарды  «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісімен,  «Алғыс хатпен», «Құрмет грамотасымен» марапаттады.

Салтанатты жиын соңы облыс өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.