Қоғам

Жамбылда мониторингтік топтардың жұмысы күшейтіледі

Жамбылда мониторингтік топтардың жұмысы күшейтіледі

Өткен айда Жамбыл облысында коронавирустық инфекцияның 60 жағдайы тіркелген десек, ол алдыңғы аймен салыстырғанда аурушаңдық деңгейінің 1,4 есеге өскенін көрсетеді.

Бұл туралы облыстық жедел штабтың кезекті отырысында   санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаменті басшысының міндетін атқарушы Нейля Муликова хабарлады.

10 қазан мен 6 қараша аралығында мониторингтік топтар 1328 рейдтік тексерістер жүргізіп, 9125 нысан қамтылды. Карантиндік режимнің 530 бұзылу дерегі анықталып, 17 852 840 теңгеге 163 хаттама толтырылған.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев мониторингтік топтарға тұрғындар мен кәсіпкерлік субъектілерінің шектеу және карантиндік шаралардың сақталуына бақылау жүргізу жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

Полиция департаментінің бастығы Жанат Сүлейменов тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің қызметкерлеріне аталған рейдттік шараларға қатысуға шақырды. Өз кезегінде Нейля Муликова аудандардағы барлық ведомстволардың жедел өзара іс-қимылын ұйымдастыру үшін үйлестіру орталықтарын құруды ұсынды.

Сырттан тасымалданатын жағдайлардың көбеюіне байланысты мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттерінде санитарлық-эпидемиологиялық бақылау күшейтілді. Облыс әкімі эпидемиологиялық жағдай күрделене түскен жағдайда, облыстың кіреберістеріне санитарлық посттар орнатылатынын атап өтті.

Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев тұрғындарды тұмауға қарсы вакцинациялау барысы туралы баяндады. Бүгінгі күні 345 мыңнан астам адам вакцинациядан өткен десек, халықты қамту көрсеткіші 30 пайызды құрайды. Жұқтыру қаупі жоғары топтағы адамдарға вакцина ақысыз егілуде. Бұл тізімге медицина қызметкерлері, жүкті әйелдер, 14 жасқа дейінгі балалар және зейнеткерлер кіреді. Сонымен қатар, Әсет Қалиев медициналық мекемелердің инфекцияның ықтимал жаңа толқынына дайындығы туралы хабарлады.

Ол аурудың ықтимал толқынына медициналық қызметтердің толық дайындығын қамтамасыз етуді тапсырды.

Басқосу соңында Бердібек Сапарбаев санитарлық нормалар мен шектеу шараларын сақтау бойынша тұрғындарға жүргізілетін түсіндіру жұмыстарының маңыздылығын еске салды.