дүйсенбі, 23 желтоқсан, 2024 18:38

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

«Жайлы ел іздеп кетті деп...»

«Жайлы ел іздеп кетті деп...»
ашық дереккөзі
«Жайлы ел іздеп кетті деп...»

Жақында Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің отырысында Елбасы Н.Назарбаев жастардың шетел асуына не себеп деген мәселені к­өтерді. Білікті мамандардың ­өз елінен жыраққа кетуі – жалғыз Қазақстанды ғана емес, к­өптеген дамушы елдерді алаңдататын ө­зекті мәселелердің бірі деген пікір бар.

Бұл жағдай Ұлыбритания секілді дамыған елдерде де жиі кез­десетін көрінеді. Мәселен, Бри­тан үкіметі қазір Brexit сал­дарынан Еуропалық одақ елдеріне ағылған мамандар туралы айта бастады. АҚШ, Канада се­кілді Батыс елдері білікті азамат­тарды жұмысқа тарту бойын­ша арнайы саясат жүргізіп, әлемнің түкпір-түкпірінен келген ең мықты мамандардың бар жағдайын жасап бағады. Ливанның белгілі саясаткері, Парламент спикері Набих Берри елдегі ақыл-ой эмиграциясын ең үлкен мәселелердің бірі деп атап өтіп, мұны жастар арасындағы жұқпалы індетке теңеген екен. Расында да,  ел ауыстыруға жас аза­маттар бейім келеді. Статис­тикаға сүйенсек, дүние жүзі бо­йынша 300 миллионға жуық мигрант бар. Дүниежүзілік эко­но­микалық форумы өзге елге қо­ныс аударуға елдегі саяси жағдай мен табиғи апаттардан бөлек, көп жағдайда жақсы жұмыс пен сапалы білімге деген сұраныс себеп болатынын айтады.

Еркебұланның отбасын Ұлы­британияның Рединг қаласында білім алып жүрген 2016 жылы кездестірдік. Өзге елге оқуға келген бір топ қазақ сту­­денті үшін шағын қалада өз отан­­дас­тарын кездестірудің қан­дай ба­қыт екенін білсеңіз ғой. Дү­­кенде өзара қазақша сөй­лесіп тұрған бізге қолында кіш­кен­тай баласы бар, жасы отыздар ша­ма­сындағы әйел келіп, өзінің Аты­­рау­дан екенін, осында төрт жыл­дан бері тұратынын ай­тып, үйі­не қонақ болуға ша­қыр­ды. Осы­лайша, ше­телде қа­зақ көрсе туы­сын тап­қандай қуа­на­тын сту­денттер Анг­лияның оң­түс­тігін­дегі шағын қала­ның жа­ңа үйлер салынған ау­дан­ына қа­рай беттедік. Екі қабат­ты кең пә­тер­де Еркебұлан мен Жансая екі ұлымен бірге тұрады екен.

Арасында қонаққа Қазақстаннан немерелерін сағынған ата-әжесі де келіп кететін көрінеді. Әңгіме­лесе келе, жаңа танысы­мыздың британдық мұнай компанияларының бірінде қызмет ететінін, жұмыс берушісінің жергілікті өлшем бойынша мына зәулім пәтердің ақысын, ұлының жеке меншік мектептегі оқуын төлейтінін де айтты.

Бұл бір ғана қазақ отба­сы­ның басындағы жағдай емес екені белгілі. Шетелге қызметі бойынша қоныс аударатындардың көбі – жоғары білімді, білікті, тәжі­рибесі мол, бәсекеге қабі­летті азаматтар. Ағыл­шынша «brain drain» деп аталып кеткен бұл құбылыс жаһандану ғасырымен қатар ілгерілей бастады. 1970 жылмен салыс­тырғанда туған жерінен жырақта өмір сүріп жатқан адамдардың саны әлденеше есе өскен. Бұрындары өзге елге жұмыс істеуге кеткен бірлі-екілі адамды білсек, бүгінде әркімнің шетелге кеткен танысы бар.

Тілдес­кен азаматтарымыз­дың бірі білікті ма­ман бола тұра, елдегі күн­көріс көзіне көңілі толмай, АҚШ-та қызмет көрсе­ту са­ласында еңбек­тенуге келісіп отыр. Елі­мізде мемле­кеттік қызметте бір­не­ше жыл жұмыс істеп, «Болашақ» бағ­дар­ламасы арқы­лы шетелде білімін жетіл­дірген Мақсат Елубай елге қайта кел­генде 110 мың теңге айлыққа күн көру мүмкін болмағанын айтады. Оның өзі қарапайым жас маманның емес, тәжі­рибелі, шетелде оқыған, бір мекемедегі бөлім меңгерушісінің жалақысы еді.

«Шетелден келген соң, жұмыс­қа орналастым. Айлы­ғым – 110 мың теңге. Бұл қар­жыға отбасыңды асырау мүм­кін емес, күнделікті шығыннан да артылмайды. Жалақының жақында көтерілетін түрі жоқ, ертеңге сенім артатын перспектива да көрмедім. Күйбелең тіршіліктен шаршап, шарасыз шетелге кету туралы шешім қабылдадым», дейді Мақсат.

Қазір ол мамандығы бо­йынша емес, қызмет көрсету саласында қарапайым қыз­метші болып, адал еңбегім­мен аптасына 8-9 мың доллар ақша табамын дейді. Өз елінде осындай мүмкіндіктің жоғына ашынған кейіпкеріміз елге қайт­қысы жоқ. Тек жылына бір рет туған-туысын көріп, сағы­нышын басса жеткілікті көрінеді. Қазақстандағы білік­­ті маманның өмір сүру дең­гейінен АҚШ-та қатардағы еңбекқор тұрғын­ның жағдайы әлдеқайда жоғары екеніне көз жеткізген Мақсаттың  әзірге елге оралғысы жоқ, оны  кәсіби маман ретінде елге шақы­рып жатқан құзырлы мекемелер де жоқ.

Расында, елдегі төмен жалақы, әсі­ресе, шетелде білім алып немесе жұ­мыс істеп келген адам үшін мардым­сыз екені белгілі. Ұлттық ста­­тис­тика бюро­сы 2020 жылы Қазақ­стандағы ор­та­ша жал­ақы­ны 200 мың теңгеден жо­­ға­ры деп белгіледі. Десе де 200 мың тең­ге ең­­бек­­а­қыны елде нақты қанша адам ала­ты­ны үлкен сұрақ тудырады. Қа­зақ­­­стан­­­ның білікті кадрларының дәл осы жал­ақы мә­селесіне көңілі толмай ел асып ке­туі Қазақстандағы әлеу­­мет­­тік мә­се­ленің өзекті екенін көрсетеді.

Бір қызығы, Қазақстан­ға жұмыс іздеп келетін шет­ел­дік мамандар да көп екен. Миграция бойынша халық­аралық ұйымның (IOM) есебіне сәйкес, 2019 жылы елімізде 3,7 млн шетелдік азамат өмір сүрген. Халықаралық ұйым Қазақстанға шетелдік білікті мамандар үшін тартымды елдердің бірі деген баға берген. Байқағанымыздай, елі­міз өз азаматтарын басқа елдерге жі­бер­генімен, олардың орнын шетелдік кадрлар толтырып жатыр екен. Бізге келген ха­лық­аралық мамандарға жұмыс бе­ру­шілер әлдеқайда жоғары жалақы беруге да­йын көрінеді. Бұған елі­міздің кей­бір аймақтарындағы өнді­ріс орын­дарын­дағы осы сипаттағы жан­­жал­дар дәлел бола алады. «Қол­­­дағы ал­тын­ның қадірі жоқ» секіл­ді, жер­гілікті жоғары білімді әрі тәжі­рибе­лі қызметкерлердің еңбегі қашан лайықты баға­ланады? Бүгін­гінің басты сауалы – осы.

Мадияр Нұрланов Гер­манияда денсаулық сақтау саласында қызмет етеді. Ол шетелге көшудің бәрі ойла­ғандай оңай емес екенін айтады.

«Туған жеріңді, туыс-тумаң­ды тас­тап, діні мен ділі басқа елге көшу – өмірім­де қабылдаған ең қиын шешім­дердің бірі болды. Екі баланы мектепке орналастыру, баспана, жұмыс табудың өзі оңай болған жоқ. Ойлап қарасаңыз, тіркеуі не азаматтығы жоқ адамды шетелге келгенде ешкім құшақ жайып қарсы алмайды. Амал жоқ. Жүгіңмен қоса бар үмітіңді жинап келген елден түк бітірмей қайтсаң тағы болмайды», деп күрсінді, он жыл бұрынғы оқиғаны есіне алған кейіпкеріміз.

Қазақстаннан көшуге не себеп болғаны туралы толғанған ол біраз мәселенің түйінін тарқатты. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деп сы­наған қанша танысым бар. Өз басым, ері­ккеннен елден жырақта жүрген жоқ­пын. Сол кезде медициналық мекемеде алатын айлығым мардымсыз еді, баспана жоқ, алған ақша пәтер мен азық-түлікке әрең жететін. Балалар өсіп келе жатты. Әрине, ана тілін, мәдениетін ұмытпасын дейсің. Алайда сапалы өмір сүріп, жақсы білім алуын одан жоғары қоясың. Мұны адамның сапалы өмір деңгейіне, жақсы тұр­мысқа ұмтылуы дер едім бір сөзбен. Бізге кінә тағатындар осыны түсінсе деймін», деп түйіндеді әңгімесін Мадияр.

Ұлттық статистика бюро­сы­ның мәлі­меті бойынша былтырдың өзін­де қараша айын қоса алғанда 26 мыңнан астам адам Қазақстаннан  шетел­ге ке­ткен. Олардың көбі – білім­ді жастар. Әрбір үшінші эми­грант­­­тың жоғары білімі, ал әрбір төр­тін­­ші­сі­нің орташа білімі бар. Қоныс аударған­дардың төрттен бірі 28 жас­қа дейінгі азаматтар екен. Дәл осы құбы­лысты мамандар «ақыл-ой көші» деп атайды.

Шетел асқан отандастары­мыздың бір бөлігі күнкөріс мәселесін бас­ты себеп десе, енді біреуі білімін шың­дап, біліктілігін арттырып, ха­лық­­­аралық тәжірибе жинау үшін қоныс аударуға мәжбүр. Солар­дың бірі – Айжан Данабекова Ирлан­дия­­­дағы Google компаниясына қыз­мет көрсететін ұйымдардың бірі­нен ұсыныс алған. «Болашақ» бағ­дар­ла­ма­сының түлегі бас­тапқыда тәжі­рибе жинау мақса­тын­да елде тағы бір жыл қалуға ше­шім қабылдайды. Халық­аралық бағ­дар­ламалар орталы­ғынан рұқсат алған Айжанды келесі жылы Majorel Ireland Limited компаниясы аға контент-шолушы лауазы­мына шақырады. Алайда «Болашақ» бағдарламасы шетелде уақытша қалуға рұқсат бермейді. Айжанның алдында Дублинде қалып халықаралық тәжірибе жинау немесе елге оралып, осында қызмет ету таңдауы тұр. Шетелде өз мамандығы бойынша жұмыс істеу кез келгеннің бағына бұйыр­майтынын білетін отан­дасымыз мемлекеттік стипен­диядан бас тартып, қаражатты қайтару туралы ойланып жүр­генін айтады. Бұл секілді қиын таңдауда оның шетелде озық компаниялардың бірінде ең­бек етіп, бәсекелі ортада кәсіби біліктілігін арттырсам деген тілегі таразы басын тартып тұрғаны түсінікті. Интернет қауіпсіздігі саласында шың­далған кадрдың болашақта ел пайдасына  кәдеге асары сөзсіз. Қалай бол­ғанда да, Айжан секілді елден көшіп кетуді емес, тәжірибе жинап келуді ойлап жүргендер қаншама.

Жоғарыда тілдескен жан­дар­дың барлығы елден жырақ­қа өздерінің қарым-қабі­летін тиісінше бағалайтын, өз мүмкіндіктерін мейлінше жүзеге асыратын орта іздеп кеткеніне көз жет­кіздік. Бұл – көші-қон саласы­ның мәсе­лесі ғана емес, еліміздің эко­но­ми­калық, әлеуметтік әл-ауқатымен, адами капитал­дың бағасымен тікелей байланысты үлкен проблема. Шетелде өмір сүріп, қызмет етіп, білім алып жатқан азаматтарды «жайлы ел іздеп кетті деп» кінәлауға болмас. Оның орнына мәселенің мән-жайын зерттеп, шешу жолын іздегеніміз дұрыс. Іргелі ел боламыз десек, өркениет көшінің алдыңғы қатарында болуға ұмтылсақ, білікті кадр­ларымызды бағалай білгеніміз абзал. Ендеше, «Жайлы жер  іздеп кетті деп, Жазғыра көрме, қарттарым» деп, кезінде ақын Сағи Жиенбаев жырлағандай, ендігі жерде «жайлы ел іздеп кетті деп...» білікті, интеллектуалды жастарды жаз­ғырудың жөні жоқ!  Жазғырудың орнына білікті мамандарға мемлекет тарапынан сергек көзқарасты қалыптастыру керек-ақ!

egemen.kz

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар