Қоғам

Жуалыдағы жиырма жетінші имандылық үйі

Жуалыдағы жиырма жетінші имандылық үйі

Бүгінде жас ұрпақтың имандылыққа бет бұра бастағаны қуантады. Мұны олардың мешітке көптеп келуінен де байқауға болады. Жуырда Жуалыда Қосбөлтек және Көктөбе ауылдарының ортасында аудандағы 27-ші заманауи үлгідегі 100 орындық зәулім мешіт жамағатқа есігін айқара ашты. Оның ашылу салтанатына облыстың бас имамы Бейбіт Әліпбекұлы, ел ағалары, қос ауылдың қариялары мен тұрғындары қатысты.

Салтанатты шараны «Асыл арна» телеарнасының қызметкері Нұғман Тұрлыбеков ашып, жүргізді. Ауданда ұзақ жылдар басшылық қызмет атқарған ел ағасы Болат Қайыпбеков ақ тілегін ағыл-тегіл ақтарып, бата берді. Облыстың бас имамы Бейбіт Әліпбекұлының имандылық туралы ғибратты әңгімесі тәмам жұртты ұйытты. Осы жерде Алланың үйін салуға бастамашы болған әрі оның іске қосылуына үлкен үлес қосқан марқұм Еркебұлан Қадырханұлының ізгі ісіне ерекше тоқталды, оның аруағына құран бағыштады. Меккеге қажылыққа үш рет барып келген асыл азамат Еркебұлан биыл шілде айында коронавирустан көз жұмған болатын. Облыстың бас имамы қасиетті ғимаратты салуға атсалысқан басқа да ауыл азаматтарына алғысын жаудырды. Жаңадан ашылған «Аннұр» (Алланың көркем атының бірі) мешітінің имамы Алғабек Сүгірбековке техникалық құжаты мен Құран сүресі жазылған картина тарту етті. Ал Алғабек Сүгірбеков еңселі ғимаратты салуға, көріктендіру, көгеріштендіруге өз үлестерін қосқан азаматтардың аттарын атап, оларға алғыс айтты. Еркебұланды өсіріп, тәрбиелеген әкесі Қадырхан, анасы Раушанға айрықша ризашылығын білдірді. Жиында ауыл ақсақалы Ербол Помаш бата бергеннен кейін Бейбіт Әліпбекұлы, Қадырхан Абдуллаев және Ербол Помаш мешіттің алқызыл лентасын қиды. Мешітте жамағат алғашқы намазды оқыды. Артынша аруақтарға бағышталып ас берілді.

 

Кәмшат Қадыр, Жуалы ауданы