Қоғам

Журналистикадағы ұстазым еді

Журналистикадағы ұстазым еді

Микеланджелоның сөзі бар ғой, тамаша мүсінді қалай қашайсыз деп сұрағанда «Тасты аламын да, одан артығын алып тастаймын» дегені ше... Сол сияқты мен де тас едім. Тас болғанда да, қара шомбал тас. Қашауға қиын, жонуға жарамайтын тас Өркен деп журналистикаға келгендегі жолымды айтамын. Таланттың тамшысы да таңдайыма тамбағанын, жарытып кітап оқымағанымды, прозадан да, поэзиядан да алыс екенімді білемін, бағдарламалаушылықты кәсіп еткенім бар, қысқасы, менен бірдеңе шығару мүмкін емес еді. Бірақ, менің Микеланджелоларым мықты болды, бақытыма орай. Колледжде жүргенде шатпақтарымды «Jambyl-Taraz» газетіне басқызған Сапарғали Әлібай қандай ғажап кісі? «Журналистикаға түспе» деп кеңес берген еді, тыңдағаныма өкінбеймін. «Jambyl-Taraz»-ға барғанда қаламымды ұштаған марқұм Еділ Әлиев еді. «Алтын Орда» мен «Жас қазақ» секілді республикалық газеттерге шимайымды сүйрелеген Дүйсенбек Айбеков ше? Келместің кемесіне мініп ол да кетті. Енді Болат ағам, «Araı» газетінде бас редактор болған Болат Бекжан да о дүниеге аттанды. Болат ағаммен туыс едім. Әйтпесе, журналистикадан мүлдем тәжірибесі жоқ мендей адамды қай жер жұмысқа алушы еді? Содан 11 айдың ішінде бәйге атындай жаратып, Алматыға жіберіп, аламанға қосты ғой. Ағамнан алғанымды айтсам, тым көп. «Мақалаң жақсы шығыпты» деп мақтаған соң, оны көтере алмай, үстеліндегі кәмпитті алғаным үшін ескерту жасағанын жазғанмын. «Бұл ұсақтық» болды деп. Бір қатеңді тауып алып, жарты сағат ұрысса да, кейін ренжи алмай қалатынымды да жазғанмын. Қандай ашуға мінсе де, қатеңе сай сөз таңдайтыны, артық теңеу қоспайтыны шедевр еді. Еркіндік берді. «Araı»-да жүріп, «Леонардо да Винчи неге 2 сағат сайын 15 минуттан ұйықтады» дегеннен бастап, Сингапур ғаламатына дейін жазғызды. «Облыстық жастар газеті деген шегіне қарамаңдар» деді. «Журналист бәріне дайын болуы керек» деп, театр сахнасына да шығарды. Айта берсем расында алғанымыз көп. Жаныңыз Жәннатта болсын, Ұстазым! Бәріміз де Аллаға қайтамыз, амал не?..

 

Өркен КЕНЖЕБЕК, журналист-блогер, «Хабар» агенттігі арнайы жобалар қызметінің редакторы