«Өзімді қазақпын деп есептеймін»
«Өзімді қазақпын деп есептеймін»
Отаны ортақтың діттеген мұраты да бір болса керек-ті. «Кемедегінің жаны бір» дегендей-ақ, Қазақстанды өз үйіне балап өмір сүріп жатқан көптеген өзге ұлт өкілдері жергілікті ұлтпен біте-қайнасып, тұрмыс еткендіктен де тілі басқа болса да тілегі бір, түрі басқа болса да жүрегі бір. Сондай жандардың бірі – Қордай ауданындағы Қызылсай ауылының тұрғыны Суров Сапар Юбрұлы. Ол өзі ғана емес, әкесі де қазақы ауылда кіл қазақтың ортасында туып-өскендіктен, ұлты дүнген болып туылғанымен өзін «Қазақпын» деп санайды.
– Атам ертеде Қазақстанға жер ауып көшіп келген екен. Содан бері осы Қордайдың құнарлы жерінен нәпақамызды тауып, бейбіт күн кешіп келеміз. Адам туып-өскен ортасына, қоршаған қоғамына қарай бейімделіп бой түзейді, ой қалыптастырады емес пе?! Мен де қазақы ауылда туып, қазақ мектебінде оқып, достарымның, араласатын жақындарымның көбі қазақтар болғандықтан да өзімді қазақпын деп есептеймін. Тілім де қазақшаға жатық сынған. Негізі әкем – дүнген, шешем – қырғыз. Әйтсе де мен қазақпын, -дейді 36 жасар Сапар.
Кешегісін танумен болашағына жарқын жол табатын өнегемен Сапар да ата-әжелерінің жанына қытай жазасынан қорған болған қазақтарды жақынына балайды.
– Өмір ізгі іспен, адамдардың бірлікпен тірлік етуімен қызықты әрі бақытты болмақ. Биік адамгершіліктің алдында ұлт ешқандай рөл ойнамайды деп білемін. Қазақтардың ортасында өсіп, қазақшаға тіл сындырған менің сүйген жарым Айсұлудың әкесі – қырғыз, анасы – өзбек ұлтынан. Әйткенмен, оны да көрген адам қазақ қызы деп ойлайды. Бүгінде Айсұлу екеуіміздің бір ұл, үш қызымыз бар. Қазақ, қырғыз, дүнген, өзбек – түбі бір мұсылман. Бізді біріктіретін ортақ нымымыз – Ислам діні болса, ортақ үйіміз – Қазақстан. Әрине, кім де болса, өз үйінің шаңырағы биік, керегесі кең, терезесі өзгелермен тең болғанын қалайды. Менің отбасымның да түпкі мақсатымыз – осы. Қазақстанымыздың өркениет биігінен көрініп, тыныштығы бұзылмай, бейбітшілігі берік, бірлігі бекем болуы – біздің өз өміріміз үшін ғана емес, балаларымыздың кемел келешегі үшін де керек. Біз осы мұратта күш біріктіреміз, бірлесе еңбек етеміз, ортақ мақсатқа тізе қосамыз, -дейді Сапар Юбрұлы.
Бүгінде мал бағып, өрісін кеңейтіп отырған бұл отбасы мемлекетіміздің экономикалық дамуына да мұхитқа құйған тамшыдай болса да өз үлестерін қосуда.
– Қазақта «Мал өсірсең – қой өсір, өнімі оның көл-көсір» деген сөз бар ғой. Мен төрт түліктің де тілін таба білуді, бабын байқауды меңгергенмін. Ерте жастан еңбекке араласқандықтан болар. Мал шаруашылығы көшіп-қонып күн кешкен қазақтың ертеден шұғылданған кәсібі. Бұл шаруашылықты жаңарған заман талабымен ұштастыра дамытып отыруымыз керек. Өйткені, бұл кәсіп кейбір өзге өндіріс секілді түрлі жағдайлардың салдарынан тоқтап қалатын іс емес. Бұны биылғы пандемия салдарынан болған карантин де дәлелді емес пе? Қайта сол індеттің емін табуға, ауруға қарсы иммунитетті қалыптастыратын дауаны осы малдың өнімінен таптық қой. Мал – жесең ас, ішсең сусын, кисең жүн-терісі киім бола алатынын қазақтар ежелден-ақ ескерген. Тіпті, қорғасындай сүті, құрамы дәруменге бай қымыз, шұбаты, құнарлы майы дертке – дауа. Міне осыншама пайдасы адамның игілігіне асатын мал өсіру ісін бізге әлі де дамыту керек, -дейді шаруақор Сапар Суров.
Татулықты ту етіп, түтінін түзу шығарып отырған қордайлықтардың бүгінгі бірлікке бірлескен беталысы осы Сапардың отбасынан да жақсы байқалады. Бізбен әңгімелесу барысында отағасының сөзін құптаған Айсұлу:
– Адамға сапалы өмір сүру үшін ең керегі бірлік екенін жыл басында ауданымызда болған кикілжің жайт тағы да дәлелдеп тұрып көрсетті. Ол оқиға бәрімізге де ауыр тиді. Тіпті бір күнде көңілімізді «Ертеңіміз қалай болар екен?..» деген күмән көлеңкелеп алды. Өз басымыздан бетер балаларымыздың жағдайын ұайымдап кеттік. Жаратқанға мың шүкір, құқық қорғау органдары, әскерилер келіп, тәртіпті қолға алды. Мемлекеттік басқару саласының тұлғалары дер кезінде осы ауданнан табылып, жұртты сабырға шақырып, жағдайды қолға алып, реттеді. Бұл жайт бізге қиналғанда қамқорымыз болар, ашыққанда ас-ауқат жеткізер Отанымыз, жылағанда жұбатар жұртымыз барын жетік түрде көрсетті. Анамдай аяулы, әкемдей қамқор Отанымның барына сансыз шүкір айтамын. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлына, Ел басқарған ағаларға, мемлекетіміздің Үкіметіне мың мәрте рахметімді жеткізгім келеді. Сол қауырт күнде Елордадан арнайы келіп, облыс әкімі болып қалған Бердібек Сапарбаевқа шексіз алғысымды айтамын, -дейді аналық ақ жүрегімен ішкі сырын ақтарып.
Рас, ынтымақ бар жерде ырыс бар. Ал, жұдырықтай жұмыла білген жұртқа жақсылық та мол болмақ.