«Asyldin»-нің телестудиясы ғибратты сұхбат алаңы болмақ
«Asyldin»-нің телестудиясы ғибратты сұхбат алаңы болмақ
Облыстық орталық «Һибатулла Тарази» мешітінің «Asyldin» сайты ғаламтор пайдаланушыларына етене таныс. Онда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бастамасымен облыста ұйымдастырылған іс-шаралар және жамағаттың діни сауалдарына имамдардың берген жауаптары жарияланатын. Сонымен қатар, сайттан ғибратты әңгімелер, тәмсілдер де табылатын. Енді танымал сайттың жақында телестудиясы да құрылды.
Мұнда сұхбаттасатын арнайы орын да қарастырылған. Қажетті жабдықтар, жиһаздар түгелдей қойылып, көркем безендірілген. – Безендірілуін мешітіміздің дизайнері Әбжапар Әміров жасап шықты. Жаңалықтар жүргізілетін орынның жоғары жағына салынған суреттің алыстан қарасаң үлкейіп, қасына жақындап қарасаң кішірейіп көрінетін сиқырын байқай аласыз. Оның астына заңғар тау, көк жайлау, ақ қанатты киіз үйлер бейнеленген. Бұл көрініс даласындай дархан халқымыздың кең пейілін, мейірімін айқындайды. Сол көріністің жоғары жағына «Имандылық, отаншылдық, білімділік, ауызбіршілік, еңбекқорлық, мәдениеттілік, әділдік» деп жеті рухани қазық жазылды. Енді мұнда республикалық ақпараттық-насихат тобының мүшелері жылына 2-3 рет шақырылып, атқарған жұмыстары жөнінде мәлімдесе, жергілікті ақпараттық-насихат тобы жиі сұхбат беретін болады. Сонымен қатар, дінтанушы, теолог сынды мамандарымыз түзеу мекемелеріндегі жазасын өтеушілермен арнайы барып, сыр-сұхбат құрған сәттері де көрсетіледі. Енді ел ішіндегі «Мешіттегілер не атқарып жатыр?» деген сұрақтың толық жауабы іс жүзінде осы телестудиямыз арқылы қалың жұртшылықтың назарына көрсетіліп отырады, –дейді облыстық орталық мешіттің найб имамы Ғалымбек Жапек. Жомарт жанды кәсіпкерлердің демеушілігімен жасалған телестудия көрермен назарына ғаламтор арқылы жол тартады. Түсірілген хабарлар әлеуметтік желілердегі облыстық орталық мешіттің арнайы парақшаларында және «YouTube» видеохостингіндегі каналына салынады. Сондай-ақ, телестудияда имамдар, «Һибатулла Тарази» медресе-колледжінің ұстаздарының сұхбат кезінде көпшіліктің көкейіндегі діни бағыттағы сауалдарға ашық жауап беру мүмкіндігі де бар. Жақсылықтың жаршысы болар жаңа телестудия жұмысына сәттілік тілейміз!
Қамар ҚАРАСАЕВА