Руханият

Мәңгіліктің әуені

Мәңгіліктің әуені

Азан – хабарлау, білдіру, құлақтандыру деген баламада келеді. Азан шақырушыны «Муаззин» дейміз. Дүние мен қияметте азаншының дауысы жеткен жеріне жанды мен жансыз, тірілер мен аруақтар, барша өсімдік атаулысы оған куәлік етеді. Азан шақыру біз ойлағандай мешіттегі діни қызмет емес немесе табыс көзіне айналдыратын кәсіп емес. Ол бір қасиет әрі қасиеттіге яки қасиет қонғанға берілетін ұлы нығмет. Дінімізде парыз намаздардың уақытын білдіретін құлшылық. Алайда, бұл азаншының ғана құлшылығы емес. Құран оқушыны, тәспі тартушыны, зікір етушіні, жан-жануар мен жәндікті, жел тербеген барша өсімдікті тоқтататын, буырқанған теңіз толқынын басатын, көкке жиналған қара бұлтты сейілтетін, пенденің жүріс-тұрысын кідіртетін, бір сөзбен барша қозғалысты тоқтатып, әлем тынысына қуатты күш беретін мықты әуен. Яғни Азан - адамзаттың таңы мен кешін, түстігі мен көлеңкесін, жарығы мен қараңғылығын, күні мен түнін ғибадатқа туралайтын, құлшылыққа үндейтін исламның бір жауһары, құлақ құрышын қандыратын, жүректі сүйсіндіретін ғажайып бақытқа толы, аянмен берілген мәңгіліктің әуені! Сондығынан ол ерекше құдіретке ие. Ендеше, сонау айдағы басқа қауым өкілінің жан-дүниесін тебіренткен азан Жер шарындағы кез-келген жүректі дір еткіздіреді. Өйткені, ол - жүректің әлдиі. Азан даусын естіген әрбір мұсылман азанға жауап қатуы, қайталап отыруы да сүннет амалдардан. Бұл дегеніміз, іштей не сырттай яғни күбірлеп болсын, азан сөздерін азаншымен бірге қайталау. Мыңдаған ғасырдан бері жалғасын тауып келе жатқан бұл азанды өз дәуірінде біздер үшін бекітіп берген Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарға салауат айтып, Алладан Оған мәртебе сұрау. Ал, Азаннан кейін алақан жайып, дұға етіп, тілек тілеу, дұғалар қабыл болатын сәттердің тізбегінен. Бабаларымыз өз замандарында дауласқан екі елді ортақ келісімге шақырып, дау-дамайды басу үшін азанды ұлы даламызға әуелеткен! Тіпті, иманы жоқ адамды исламға бұрған да осы ұлы азан. «Осы дауыс! Менің алғаш рет Айға қонғанда естігенім осы дауыс! Менің тұла бойымды шымырлатып, шып-шып тер шығарған осы дауыс!». Міне, осыдан елу жыл бұрын Айға алғаш қадам басқан Америкалық ғарышкер Нейл Армстронгтың жүрегін елең еткізген де осы азан. Атақты Голливуд әртісі Морган Фриман «Алла жайлы хикая» атты құпия әлемдер туралы өзінің бейне түсірілімінде азанды «Әлемдегі ең әдемі дауыс!» деп әспеттеген. Ендеше, азан бұл құдірет!

Бүгінгі таңдағы мешіт мұнараларында әуелеген азандар дініміздің еркіндігін, иманымыздың өніккендігін, ата-бабалар аруағының шаттығы мен ризалығын білдіреді. Тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап, жария айтылып келе жатқан азанымыз қияметке дейін мәңгілік елімізде  ұласа берсін!

Нұрлан Байжігітұлы

Дінтанушы, имам