Қазақстандық жұмыс берушілер ең көп іздейтін мамандық иелері кімдер
- авторБақытжан Бекболат
- 7 қазан, 2025
- 548
2025 жылдың шілде–қыркүйек айлары аралығында HeadHunter.kz платформасында еліміз бойынша 145 мыңнан астам белсенді бос жұмыс орны жарияланған. Сарапшылар осы кезеңде жұмыс берушілер ең жиі іздеген мамандықтарды талдады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Жалпы белсенділік сәл төмендегенімен, жұмыс ұсыныстарының көлемі әлі де жоғары деңгейде қалып отыр. Дәстүрлі түрде ең көп вакансия Алматыда тіркелген – бұл жалпы көлемнің 40,1%-ын құрайды. Алайда өткен жылмен салыстырғанда көрсеткіш 3,8%-ға азайған. Екінші орында – Астана, оның үлесі 22,1%, бұл бір жылда 2,3%-ға артқанын көрсетеді. Қарағанды қаласы 5,2%-дық үлеспен үшінші орында тұр, дегенмен мұнда да аздаған төмендеу байқалады (–1,6%).
Осы үш қала елдегі негізгі іскерлік және еңбек белсенділігінің орталығын қалыптастырып отыр. Сонымен бірге бірқатар аймақтарда жұмыс орындары бойынша өсім байқалады:
Шымкент – 4,7% (+4,1%)
Қостанай – 3,2% (+5,4%)
Петропавл – 1,5% (+7,7%)
Көкшетау – 1,4% (+11,3%)
Тараз – 1,1% (+3,4%)
Ал керісінше, кейбір қалаларда жұмыс ұсыныстарының азайғаны байқалады:
Ақтөбе (–10,6%)
Атырау (–8,1%)
Ақтау (–8,5%)
Орал (–7,5%)
Сарапшылардың айтуынша, бұл деректер еңбек нарығындағы белсенділіктің өңірлер бойынша қайта таралып, мегаполистерден аймақтарға қарай біртіндеп теңесіп келе жатқанын аңғартады.
Қазақстанда биылғы жылдың үшінші тоқсанда жұмыс берушілер ең көп іздеген мамандар сату мен клиенттерге қызмет көрсету саласында болды. Бұл бағыт жалпы ұсыныстардың 12,2 пайызын құрап, көш басында тұр. Дегенмен өткен жылмен салыстырғанда мұндағы сұраныс 5,4 пайызға азайған.
Сұранысы жоғары үш саланың қатарына сондай-ақ маркетинг, жарнама және PR (7,8%) мен жұмысшы мамандықтары (7,7%) енді. Соңғысы бойынша өсім 1,6 пайызды құраған.
Бос жұмыс орындарының саны тұрақты өсіп келе жатқан салалар да бар. Атап айтқанда:
өндіріс пен сервистік қызмет – 5,3% (өсім 5,9%);
құрылыс пен жылжымайтын мүлік – 5,6% (өсім 2,8%);
туризм, қонақүй және мейрамхана ісі – 4,8% (өсім 4,2%);
қаржы және бухгалтерия – 4,8% (өсім 2,5%).
Сарапшылар ерекше қарқын ақпараттық технологиялар саласында байқалып отырғанын айтады – мұнда өсім 9 пайызға жеткен. Бұл – ел экономикасының цифрлануы мен бизнестің жаңа технологияларға бейімделуі нәтижесінде IT-мамандарға сұраныстың үнемі артып келе жатқанын көрсетеді.
Ал кейбір дәстүрлі бағыттарда, керісінше, бос жұмыс орындары азайған. Мәселен, әкімшілік қызметкерлерге сұраныс 9,1%-ға, автокөлік бизнесінде – 4,6%-ға, спорт және фитнес саласында – 3,8%-ға, үй қызметкерлері санатында – 2,3%-ға төмендеген.
Соған қарамастан, бұл салалар еңбек нарығында өз орнын сақтап, жұмыс берушілер арасында әлі де сұранысқа ие болып отыр.
Сарапшылардың қорытындысына сүйенсек, 2025 жылдың үшінші тоқсанында еңбек нарығы тұрақты қалыпта қалды: жаппай мамандықтар әлі де негізгі бөлікті құрайды, ал IT, менеджмент, сақтандыру және шикізат өндіру бағыттары жаңа өсім орталықтарына айналып келеді.
Ұқсас жаңалықтар
«Ақырзаман жақындады»: Ғалымдар тосын мәлімдеме жасады
- авторБақытжан Бекболат
- 20 қазан, 2025






