сәрсенбі, 22 қаңтар, 2025 9:22

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

«Баға қайда барасың?»: Қазақстанда азық-түлік, жарық және автогаз бағасы өсті

«Баға қайда барасың?»: Қазақстанда азық-түлік, жарық және автогаз бағасы өсті
Коллаж - Jambylinfo.kz
Қымбатшылық жамбылдықтарды да қысып тұр

2025 жыл басталғалы елде экономикалық жағдай тұрақсыз болып тұр. Доллар бағамының өсуі, энергетика секторындағы жеткіліксіздік қымбатшылыққа себеп деуге негіз бар. Айналдырған бірнеше күннен бері картоптың бағасы шарықтап кетті. Бұған дейін «Ашық үкімет» порталында жарияланғандай, 1-ші ақпаннан бастап, елде автогаз, электр энергиясының құны да артпақ. Үкімет пен жергілікті атқарушы билік қымбатшылыққа қарсы қандай жұмыстар атқарып жатыр? Бағаны ұстап тұрудың жолы бар ма? Халықты алаңдатқан мәселеге  әлеуметтанушылар не дейді? осы сұрақтарға Jambylinfo.kz. тілшісі жауап іздеді.

КАРТОП БАҒАСЫ НЕГЕ ҚЫМБАТТАДЫ?

Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегінше, картоп бағасының қымбаттауына әсер еткен фактор – көрші елдегі сұраныстың жоғары болуы, экспорт құнының өсуі.  Өйткені, биыл картоп экспорты 1,5 есеге өсіп, 411 мың тоннадан 605 мың тоннаға жеткен. Осылайша ішкі нарыққа «жау тиді».

Осы орайда Тараз халқы жиі сауда жасайтын бірнеше дүкенге барып, бағаны көрдік. Қала тұрғындарының пікірін тыңдадық. Олардың айтуынша, азық-түлік бағасының өсуі, оның ішінде күнделікті тұтынатын картоп құнының шарықтағаны қалтаға айтарлықтай салмақ салып отыр.

-           Біз енді қысы-жазы картоп жейміз. Қазір мұның бағасы 180 теңгеден 380-400 теңгеге бірден қымбаттап кетті. Бұл дұрыс емес қой. Үкімет халықтың жағдайын ойлап жатқан жоқ.  Өзім зейнеткермін. Күнделікті тұтынатын көкөніс пен азық-түлік бағасы күн өткен сайын қымбаттап бара жатыр. Біз қазір не жейтінімізді білмей қалдық. Арзандатылған картоп әкеліп жатыр. Оның сапасы нашар. Ал, жақсы өнімнің құны шарықтап тұр,- дейді қала тұрғыны Жақсыгүл Исмайылова.

Жақсыгүл Исмайылова  айтып отырған «арзан картоп» бүгінгі күні тұрақтандыру қорынан дүкендерге жеткізілуде. Жамбыл облысы әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының бөлім басшысы Бақытжан Орынтаевтың сөзінше, Тараздағы сауда орталықтары мен үй маңындағы дүкендерге күнделікті 15 тонна картоп беріліп, 130 теңгеден сатылып жатыр.

-           Өздеріңіз көріп отырғандай соңғы кезде картоп бағасы қымбаттады. Осы орайда қазіргі таңға нарықтағы картоп бағасын тұрақтандыру мақсатында, Жамбыл облысы әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы және "Тараз" ӘКК АҚ тарапы өңірлік тұрақтандыру қорынан Тараз қаласында орналасқан көтерме-бөлшек сауда орындарын және базарларға жалпы 58 тонна (130 тг/кг) әлеуметтік картоппен интервенция жұмыстары жүргізілуде. Бұған қоса, күнделікті 15 тонна картоп сауда орындарына жеткізіліліп отыр. Өңірлік тұрақтандыру қорында 3000 тоннаға жуық картоп өнімі сақталған. Осыған байланысты картоп ерте пісетін өнім жинау науқанына дейін жетеді. Одан бөлек, өңірлік тұрақтандыру қорында 821 тонна сәбіз, 847 тонна қырыққабат, 1050 тонна пияз, 668 тонна күнбағыс майы, 1011 тонна күріш, 4 560 мың/дана, 3,2 тонна тұз сақталуда,- дейді Бақытжан Орынтаев.

Бақытжан Орынтаев айтуынша, нарықтағы баға реттелмек. Өйткен, Сауда қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысы картоп бағасының тұрақтылығын қамтамасыз етіп, негізсіз қымбаттаудың және нарықтағы алыпсатарлық әрекеттердің алдын алу үшін картопты үшінші елдерге экспорттауға 6 айға шектеу енгізу туралы шешім қабылдады. Бұл шектеу ЕАЭО елдеріне қолданылмайды, бірақ экспортқа бақылау жүргізілмек. Бұған қоса, 16 қаңтардан бастап экспортқа фитосанитариялық сертификаттар беру уақытша тоқтатылды.

ЖАНАР-ЖАҒАРМАЙ БАҒАСЫ

Дереккөздерге сүйенсек, Қазақстанда АИ-95 маркалы бензиннің бағасы кейінгі бір жылда бір литрі орташа есеппен 6 теңгеге өскен. Мәселен, АИ-95 жанармайының құны Петропавл, Жезқазған, Тараз, Алматы, Астана және Семей қалаларында едәуір көтерілген.

Ал отандық жүргізушілер көп тұтынатын АИ-92 бензині орташа есеппен 203 теңгеден сатылып жатыр. Бұл марканың құны былтыр Орал мен Шымкент қаласында ғана қымбаттаған еді. Қалған өңірлерде баға тұрақты болған.

Сондықтан ендігі уақытта елімізде жанар-жағармай бағасын мемлекеттік реттемеуі мүмкін. Энергетика министрлігі баға саясатын нарықтық механизмдерге бейімдеу жоспарын жариялады. Бұл шешім жанар-жағармай тапшылығын азайтып, сұраныс пен ұсыныс теңгерімін реттеуге бағытталған.

Қазіргі уақытта Қазақстан жанар-жағармай бағасының төмендігі бойынша әлемде көш бастап тұр. Мәселен, АИ-92 бензинінің литрі елімізде 205 теңге болса, Ресейде бұл көрсеткіш 288 теңге, Қырғызстанда – 385 теңге, ал Өзбекстанда – 489 теңге. Сол сияқты дизель отынының құны Қазақстанда 295 теңге, көрші елдерде 355-528 теңге аралығында. Баға айырмашылығы 40%-дан 138%-ға дейін жетіп отыр.

Мемлекеттік реттеу жүйесі елде жанар-жағармай өнімдерінің шекара асып кетуіне және тапшылықтың туындауына себеп болғаны айтылуда. Нарықтық модель бұл мәселелерді шешуге мүмкіндік береді деп болжануда.

Жаңа өзгерістерді қамтитын заң жобасы "Ашық НҚА" порталында талқылауға шығарылды. Сарапшылардың пікірінше, бұл қадам елдегі жанар-жағармай нарығын жаңғыртуға жол ашпақ.

ЭЛЕКТР ЭНЕРГИЯСЫНЫҢ ҚҰНЫ ӨСТІ, ТАҒЫ ӨСЕДІ

Елімізде ақпан айынан бастап 1 кВт/сағ электр энергиясының шекті тарифі 2 теңгеге қымбаттайды. Бұл жөніндегі министр Сәтқалиевтің бұйрығы "Ашық нормативтік-құқықтық актілер порталына" жарияланған.

Түсіндірме біреу - электр өндіруші компаниялар жалақы шығыны, отын құны, көмір мен газды тасымалдау шығындары артқанын айтып, 36 ұйым шекті тарифті көтеруге өтініш берген.

-           Сондай-ақ тарифті түзетуге ықпал ететін факторлардың бірі – жөндеу науқанын жүргізу және энергия өндіруші объектілердің, оның ішінде металдың қымбаттауына байланысты объектілердің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін қажетті материалдар мен жабдықтарды сатып алу және тасымалдау құнының өсуі. Алдын ала есеп бойынша, бірыңғай сатып алушы үшін электр энергиясының құнына тарифтерді түзетудің әсері кВт/сағ үшін шамамен 2 теңгені құрайды, – делінген энергетика министрлігінің хабарламасында.

Министрдің бұйрығы 22 қаңтарға дейін "Ашық нормативтік-құқықтық актілер порталында талқыланбақ.

Ал, өткен жылы Жамбылда жарық тарифі бір рет көтерілді. Биыл 5 қаңтарда электр энергиясының бағасы 29 теңгеден 32 теңгеге өсті. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Жамбыл облысы бойынша департамент басшысының орынбасары Қалдыбай Мүслімнің сөзінше, бірыңғай сатып алушының балансындағы электр желілерін жаңарту жұмысын жүргізіп, жұмысшылардың жалақысын өсіргендіктен осындай қажеттілік туындаған. Облыста жарық таратушы мекеме біреу. Ол – Жамбыл электр желілері ЖШС. Бұл мекемедегі электр желілерінің тозу көрсеткіші бүгінгі күні 79 пайызды құрайды. Ал, ақпан айында электр өндірушілер тарифін көтерсе, қымбатшылық өңірлерге де жетуі мүмкін.

-           Жамбыл облысында 5 қаңтардан бастап электр энергиясының орташа босату бағасы 29 теңгеден 32 теңгеге қымбаттады. Бұл шамамен 10 пайыздық өсімді көрсетеді. Бұның бірнеше себебі бар. Соның бірі – облыс бойынша ЖЭЖ қызыл аймаққа енгізілген. Шамамен тозу деңгейі 79 пайызды құрайды. Осыған байланысты ҚР Президентінің Жолдауындағы «тарифты инвестицияға айырбастау» бағдарламасы аясында Жамбыл электр жүйесі ЖШС-на 2024 жылы 1,3 млрд қосымша инвестициялық бағдарлама бекітілді. 2025 жылы қосымша 12 млрд инвестициялық бағдарлама бекітілген.  Бұл тозу деңгейін төмендетуге арналған инвестициялық бағдарлама. Ол шамамен тозу деңгейін 2-2,5 пайызға түсіреді деп жоспарлануда.  Сонымен қатар тарифке әсер тететін тағы бір фактор - мекеме жұмысшыларының жалақысын өсіру.  Энергетика министрлігінің мәліметіне сәйкес, ақпан айында электр энергиясын өндірушілердің бағасы өсуі айтылған. Бұл жұмысты министрлік өзі реттейді. Бірақ, биылға бірыңғай сатып алушының бағасы бекітілген. Біздің облыста кепілді жеткізуші ЖЭЖ ЖШС-на бекітілген баға – 12 теңге. Егер бұл баға өсетін болса өңірде электр бағасы өсуі мүмкін. Қазіргі таңда бізге ондай ақпарат келіп түскен жоқ,- деді Қалдыбай Мүслім.

 ЖАМБЫЛДА ҚАЙ АЗЫҚ-ТҮЛІК БАҒАЛАРЫ ҚЫМБАТТАДЫ

2025 жылдың 14 қаңтарына Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес орташа бағасы өскен әлеуметтік маңызы бар тауарлар:

Күнбағыс майы - 2,3% (754 теңгеден 771 теңгеге),

Тауық еті - 1.2% (1317 теңгеден 1333 теңгеге)

Сүзбе - 0,4% (2013 теңгеден 2022 теңгеге)

Картоп - 2,1% (191 теңгеден 195 теңгеге)

Қырыққабат - 1,4% (147 теңгеден 149 теңгеге)

Бірінші санатты жұмыртқа - 1% (507 теңгеден 512 теңгеге) қымбаттаған.

Өзгерген сан соншалықты көп емес. Бірақ, қымбаттап жатқаны айқын көрініп тұр. Көпбалалы ана Балзия Нұрмаханбетова мұның өзі қалтаға айтарлықтай салмақ салатынын айтып, күн көріс күннен күнге қиындап бара жатқанын айтады.

-           Бізге енді көп балалы болғандықтан салық жөнінде жеңілдіктер бар. Десе де, баға саясаты алқымнан алып тұр. Азық-түліктен бастап, электр мен газға дейін қымбаттап жатыр. Бірақ, жалақы өскен жоқ. Кәсіп жасайын десек, төлем бойынша да шектеулер енгізіп отыр. Енді қарапайым халық қалай күн көреді? Дамыған мемлекеттердің тәжірибесін енгізгенде ел-жұрттың әл-ауқатын көтеретін дүниелер болса дейміз,- дейді көпбалалы ана.

Статистика департаментінің дерегінше, облыста тұтыну баға индексі 2024 жылдың желтоқсанда 2023 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда 107% құраған. Сондай-ақ, халыққа көрсетілетін ақылы қызметтердің бағасы 13,2%, азық-түлік емес тауарлардың бағасы – 6,7%, азық-түлік тауарларының бағасы – 4,9% өскен.

2023 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда 2024 жылдың желтоқсанда өндіруші кәсіпорындардың өнеркәсіп өнімдерінің бағалары 14,4% қымбаттады. Ал, бөлшек сауда көлемі 547760,3 млн теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,4% көп. Былтырғы қаңтар-желтоқсанда көтерме сауда көлемі 434758,3 млн теңгені құраса, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 102,2% -ды құрап отыр.

2024 жылғы қаңтар-қыркүйектегі жалпы өңірлік өнім көлемі қолданыстағы бағамен 2226048,7 млн теңгені құрады. 2023 жылғы қаңтар-қыркүйектегімен салыстырғанда нақты ЖӨӨ 3,9% өсті. ЖӨӨ құрылымында тауарларды өндіру үлесі 33,3%, қызметтер көрсету – 60% құрады.

ӘЛЕУМЕТТІҢ ӘЛЕУЕТІНЕ ҚАТЫСТЫ ӘЛЕУМЕТТАНУШЫ НЕ ДЕЙДІ?

Бақыт ӘЛМҰРАТОВ, ӘЛЕУМЕТТАНУШЫ: 

-  Өткен жылдың аяғына қарай доллардың қымбаттауы, яғни теңгені құнсыздануына байланысты бағалардың өсуі – бұл күтілген нәрсе. Оның үстіне жаңа жыл сайын зейнетақыға және бюджеттік сала мамандарының жалақысына 5-10 мың көлемінде қаржы қосылатын бізде бір қалыптасқан үрдіс бар. Бірақ, айлық өскенімен, баға қатар өседі. Айналып келгенде халықтың қалтасына салмақ түседі. Күні кеше доллардың өзі 470 теңгеден 500 теңгені үстіне бір-ақ шықты. Осыған тікелей байланысты болғандықтан сырттан келетін тауарлардың бағасы бірден қымбаттап кетеді.

Мысалы, мен әлеуметтанушы ретінде айтайын, қазір қоғамдағы болып жатқан жағдайларды жіті бақылауда ұстап отыру керек. Халықтың наразылығы күн өткен сайын артпаса, төмендеп жатқан жоқ. Бұны электоралды көңіл-күй дейді.  Біз әлеуметтанушы ретінде халыққа түсіндірме жұмысын жүргізіп, несиеге ештеңе алмаңыздар дейміз. Бұл көп нәрсеге кері әсер етеді. Қазір жұрт несиеге көлік емес, күнделікті азық-түлігін алып жүр. Осыдан-ақ халықтың жағдайын шамалай беріңіз. «Өткен жылды жақсы қорытындыладық, экономикалық өсім 4-5 пайыз болды» дейді. Егер экономикада өсім болса,  халықтың жағдайы да соған сәйкес жақсармай ма? Халықтың әл-ауқаты мен экномика арасында ешқандай байланыс жоқ. 

Мағжан Орынбасар
Автор

Мағжан Орынбасар

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар