жұма, 5 желтоқсан, 2025 13:53

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Цифрлық қауіпсіздік: Google-дан өзіңіз жайлы мәліметтерді қалай өшіруге болады

Цифрлық қауіпсіздік: Google-дан өзіңіз жайлы мәліметтерді қалай өшіруге болады
Фото: Unsplash
Қазіргі таңда интернет пайдаланушылар саны күн санап артып келеді. Әсіресе, Google қызметтерін қолданбайтын адам аз. Бұл іздеу жүйесі бізге қажетті ақпаратты жылдам табуға, электрондық пошта арқылы байланыс жасауға, бейнеролик көруге және түрлі қосымшалар арқылы жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Алайда осының барлығы біздің жеке мәліметтеріміздің Google-дің серверлерінде сақталуына алып келеді. Цифрлық қауіпсіздік тұрғысынан бұл – маңызды мәселе.

Google пайдаланушыларға өзінің қызметін пайдалану арқылы жеке мәліметтерін сеніп тапсыратынын бірден ескертіп, келісім мәтінінің басында осыны нақтылап жазады. Бұл арқылы технологиялық компания тұтынушыларды өздерінің қандай мәліметтер жинайтыны және оларды қалай қолданатыны туралы алдын ала хабардар етеді. Алайда көпшілік интернеттегі мәліметтерін жою мүмкін екенін біле бермейді. Осы ретте Google «Менің әрекеттерім» («Мои действия») қызметі арқылы сақталған ақпараттарды өшіру мүмкіндігін ұсынады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Google әрбір қолданушының іздеген материалы мен жасаған әрекеттерін өз аккаунтымен байланыстырып отырады. Мысалы, Google-дің түрлі формаларын, анкеталарын толтыру немесе Gmail поштасын пайдалану барысында жиналған мәліметтер адамның жеке деректеріне айналып, жүйеде сақталып қалады.

Осы мәліметтердің барлығы «Менің әрекеттерім» бөлімінде жинақталып тұрады. Қолданушы сол бөлімге кіріп, сақтаулы тұрған нақты парақшаларды, өнімдерді және басқа да мәліметтерді белгілеп алып, өшіруіне болады. Сонымен қатар барлық мәліметтерді, белгілі бір күн ішінде кірген сайттарды немесе белгілі уақыт аралығында жасалған әрекеттерді өшіруге де мүмкіндік беріледі.

Осы әрекеттердің ішіндегі ең маңыздысы және қауіптісі — бүкіл уақыттағы өнімдер туралы мәліметтерді толықтай жою. Мұндай операцияны орындамас бұрын Google бұл әрекеттің салдары мен мүмкін болатын қиындықтары туралы алдын ала ескерту жібереді. Соған қарамастан, барлық іздеу нәтижелерін немесе Google өнімдері арқылы жиналған мәліметтерді жою қолданушы аккаунтының жұмыс істеуіне зиянын тигізбейді.

YouTube — Google компаниясына тиесілі еншілес ұйым. Бұл платформа да қолданушының қандай видеоларды жиі көретінін бақылап отырады. Бірақ Google-мен салыстырғанда YouTube-тағы әрекеттер тарихын өшіру әлдеқайда оңай. Ол үшін «Тарих» («История») бөліміне кіріп, «Іздеу тарихын өшіру» («Очистить историю поиска») және «Көру тарихын өшіру» («Очистить историю просмотра») опцияларын таңдау қажет. Қолданушы жекелеген іздеу сұраныстарын немесе көрілген видеоларды да біртіндеп өшіре алады. Бұдан бөлек, болашақта бұл мәліметтердің мүлде сақталмауы үшін сақтау функциясын сөндіруге болады.

Google қолданушылар туралы жинаған ақпараттарды тек өзінде сақтап қана қоймай, кей жағдайда жарнама жасаушылар мен серіктестеріне де ұсынады. Сондықтан көптеген адамдар жақында ғана іздеген тауарлары немесе қызметтері туралы жарнамаларды жиі көреді. Бұл үрдістен қорқуға негіз жоқ, өйткені қолданушы Google-дің қандай ақпаратты кімдермен бөлісіп отырғанын өзі де бақылай алады. Ол үшін Google аккаунтына кіріп, «Құпиялылық» («Конфиденциальность») бөлімін таңдау қажет. Бұл бөлімде «Жарнамалық артықшылықтар» («Настройка рекламных предпочтений») және «Жарнама қызметі» («Настройка рекламы») деген опциялар бар.

Қолданушы жарнама жекешелендіру функциясын өшірген кезде, Google жүйесі ол туралы ақпаратты сыртқы жарнама таратушыларға жібере алмайды. Осылайша жеке деректердің таралуын тоқтатуға болады. Дегенмен, мұндай әрекеттер жасалғанның өзінде жарнаманың толықтай жойылуы мүмкін емес. Себебі, Google әрқашан жекешелендірілген жарнамалар қолданушының қызығушылығына сай дайындалатынын ескертеді.

Сонымен қатар, Google-ға тиесілі Android операциялық жүйесінде қолданушы жүрген жерлер туралы мәліметтер де автоматты түрде сақталып отырады. Бұл мәліметтерді жою үшін алдымен геолокациялық қадағалау қызметін сөндіру қажет. Қозғалыс тарихын толығымен немесе жеке күндер мен белгілі уақыт аралығын таңдап өшіруге болады.

Бақытжан Бекболат
Автор

Бақытжан Бекболат

Бақытжан Бекболат

Ұқсас жаңалықтар