бейсенбі, 20 маусым, 2024 18:15

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Үкімет Таразда мембағдарлама аясында салынатын үйлердегі шаршы метрдің бағасын өсірді

Үкімет Таразда мембағдарлама аясында салынатын үйлердегі шаршы метрдің бағасын өсірді
Коллаж авторы - Ернар Балғабай
Биыл Жамбылда 21 жекеменшік компания тұрғын үй  салып жатыр жатыр. Ал, өңірде небары екі компанияның үлескерлердің ақшасын тарта отырып үй салуға лицензиясы бар

Биыл Жамбыл облысында  мемлекеттік бағдарлама бойынша 2 909 пәтерлі 56 тұрғын үйдің құрылысын жүргізу жоспарланып отыр. Әуел баста Таразда мемлекеттік бағдарлама арқылы салынатын үйлердің бір шаршы метріне 160 мың теңге бөлінсе, 2022 жылы пәтердің шаршы метрінің құны 180 мың теңге болған. Ал, биыл мемлекет қаржысынан салынатын үйлердің шаршы метрі 234 мың теңгеге жеткен, деп хабарлайды jambylinfo.kz 

Сәулет және қала құрылысы басқармасының бас маманы Ерік Әбдурахмановтың айтуынша, облыс бойынша 21 компания жеке қаражат есебінен тұрғын үй құрылысын жүргізіп отыр. Бұл нысандардың барлығы Тараз қаласында орналасқан. Сонымен қатар, биыл 10 жеке компания дайын пәтерлерін сатылымға шығарады. Айта кетерлігі, аталған 21 компанияның екеуі ғана үлескерлердің қаражатын тартуға рұқсат алған.

«Бүгінгі күні облыста 2 компанияның үлескерлердің ақшасын тартып, үй салуға рұқсаты бар. Соның ішінде, қазір тек 1 компания ғана үлескерлерді тартқан. Ол «Hamilton park» ЖШС. Ал, екінші компания, яғни, «BAITEREK GROUP» рұқсатты енді алды. Егер тұрғын үй салып жатқан компаниясының ережеге сай рұқсаты болмаса, айыппұл салынады»,- деген Ерік Абдурахманов тек рұқсаты бар компанияларға ақша құю керек екенін ескертті.

Осы орайда jambylinfo.kz  тілшісі қаладағы бірқатар жеке компаниялар салып жатқан үйлердің бағасын біліп көрді. Айталық, қаланың қақ ортасында салынып жатқан 9 қабатты тұрғын үйдегі пәтердің шаршы метрі 380 мың теңге екен. Сәйкесінше, 2 бөлмелі баспана 32 миллион теңге тұрса, 3 бөлмелі пәтердің құны 42 миллион теңгені құрайды. 9 қабатты жерасты паркингі бар тұрғын үй кешенінде 306 пәтер бар. Көппәтерлі үйдің құрылысы биыл аяқталады.

Сонымен қатар, қаладағы қолжетімді құрылыс компаниясы болып саналатын «Бином» ЖШС-нің соққан үйлерінің бағасын сұрадық. Атқарушы директордың айтуынша,  өткен жылы қалада 105 пәтерлі 2 тұрғын үйдің құрылысы аяқталған.

«Біздегі үйлердің шаршы метрі 270 мыңнан басталады. Өткен жылы баға 240 мың болған.  Өйткені өткен жылы шаршы метрін 200-220 мыңнан да саттық. Негізі үйлерді қарапайым халық үшін соғамыз,- деді деді «Бином» ЖШС-нің атқарушы директоры Данияр Оразбеков.

Құрылыс басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ғалым Исақовтың сөзінше, өткен жылы облыста «Қуатты өңірлер-ел дамуының драйвері» ұлттық жобасының аясында құны 16,4 млрд теңгеге 3 929 пәтерлі 74 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілген. Мемлекет бюджетінен салынған үйлердің соңғы 3 жылдағы бағасында да өсім бар. Мәселен, 2022 жылы пәтердің шаршы метрінің құны 180 мың теңге болса, өткен жылы 226 мың теңге болған. Ал, биыл мемлекет қаржысынан салынған үйдің шаршы метрі 234 мың болып отыр.

«Биыл  «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында 12,1 млрд. теңгеге 2 909 пәтерлі 56 тұрғын үйдің құрылысын салу жоспарда бар. Оның ішінде ең көбі Тараз қаласында - 2 531 пәтерлі 50 әлеуметтік тұрғын үй салынады. Жыл қорытындысы бойынша 2 109 пәтерге арналған 39 үйдің құрылысын аяқтап, пайдалануға беру жоспарланып отыр»,- деді құрылыс басқармасы басшысының міндетін атқарушы.

Ал, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Қайрат Бисембаевтың сөзіне сүйенсек, Жамбыл облысы еліміздегі құрылысы сапасыз облыстардың қатарына жатады.

Президент әкімшілігінде мұндай пікірдің қалыптасуына «Ұлы дала» шағын ауданында салынған үйлердің сапасы себеп болған. Қайрат Бисембаев ондағы үйлердің сапасы өзге облыстардағы үй сапасымен салыстырғанда төмен екенін жасырмайды. Өйткені, бағасына сапасы сай. Оған дәлел 15 шағын ауданында салынған үйлерге кезінде шаршы метріне мемлекеттен 160 мың теңге бөлінсе, дәл сол кезде Түркістан облысындағы үйлерге 220 мың теңге бөлінген.

«Шымкенттегі үйлердің сапасы 220 мың теңгеге сай, Тараздағы үйлердің сапасы 160 мың теңгеге сай. Былтыр осы жұмысқа енді орналасқанда бұл мәселені көтердім. Біз Қарағанды қаласынан қарағанда 8 баллдық сейсмикалық  қауіпті аймақтағы облыспыз ғой. Бұл осы жобаны кезінде министрлікке барып қорғаған адамдардың кемшілігі»,- деді Қайрат Бисембаев

Бірақ, бұл үйлерді сейсмикаға төзімсіз деп айтуға келмейді дейді Қайрат Бисембаев. Сонымен қатар, биыл «Ұлы даладағы» үйлер өзге облыстарда салынып жатқан тұрғын үйлермен бірдей бағада салынатынын айтты.

«Өткен жылы облыстың бұрынғы әкімі Нұржан Нұржігітов пен орынбасары Ерболат Ибарайханов осы тұрғыда көп жұмыс атқарды. Астанаға барып, осы мәселелерді дәлелдеді. Енді салынатын үйлердің бағасы басқа облыстағы бағаға, яғни, 226 мың теңгеге теңесті. Енді 16 шағын ауданда салынатын үйлер дұрыс болады деп ойлаймын»,- дейді мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы.

Мағжан Орынбасар
Автор

Мағжан Орынбасар

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар