«Субсидия берілмейді». Енді елімізде ауыл шаруашылығы өнімі азая ма
- авторМағжан Орынбасар
- 27 қаңтар, 2025
- 2.3k
2025 жылы фермерлерге берілетін субсидия тоқтайды. Өткен жылы вице-премьер Серік Жұманғарин осындай мәлімдеме жасаған еді. Бұған себеп – бюджет тапшылығы. Дегенмен, қолдау тоқтап қалмайды. Ендігі демеу жеңілдетілген несие түрінде жалғасады. Осылайша отандық диқандар қауымдастығы ет-сүттің бағасын қымбаттататынын айтып, дүрліккен. Халық онсыз да қымбатшылықтың қамытын кигенде бұл да соққы болары сөзсіз. Биліктің ендігі амалы қандай болмақ? Субсидиясыз қалдық деп ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері бағаны одан әрі шарықтатып жібермей ме? Агросекторды дамыту үшін қандай шаралар қабылданады? Осы тақырыпты Jambylinfo.kz тілшісі зерттеп, шаруалармен де, жауаптылармен де тілдесті.
ЖАМБЫЛДА СУБСИДИЯҒА ҚАНША ТЕҢГЕ ҚАРАСТЫРЫЛДЫ
Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Төлебек Құлекеевтің сөзінше, 2024 жылы ауыл шаруашылығы саласын дамытуға – 38,0 млрд теңге бөлінген. Оның ішінде субсидияға – 29,5 млрд теңге, «СҚО» тәжірибесін тираждау бойынша 8,5 млрд қаржы қарастырылған. Осылайша бүгінгі күні 15 мыңнан астам ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне қолдау көрсетіліпті.
- Өткен жылы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау мақсатында 38 млрд теңге қарастырылған болатын. Оның ішінде 11 млрд теңге агроөнеркәсіп кешеніндегі инвестициялық жобаларды несиелендіру бойынша, ал, субсидиялауға 29 млрд қаржы бөлінген. Нәтижесінде 15 мыңнан аса ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мемлекеттік қолдау алды. Субсидияның 20 шақты түрі бар. Жалпы мал шаруашылығын қолдауға 5,3 млрд теңге бөлініп, тиісті мемлекеттік қолдау көрсетілуде. Сондай-ақ егін шаруашылығындағы қызылша мен софлорды, сонымен қатар тыңайтқыштар бойынша субсидиялауға қолдау көрсетілуде,- деді Төлебек Құлекеев.
СУБСИДИЯНЫ БІРДЕН ТОҚТАТУ БАҒАҒА ӘСЕР ЕТЕДІ
Басқарма басшысының орынбасары Жұманғариннің мәлімдемесіне тоқмейіл түсіндірме берді. Оның сөзінше, субсидияны жеңілдетілген несиеге алмастыру кезең-кезеңімен іске асырылады. Әйтпесе, демеу қаржыны беруден бірден бас тарту тауар бағасына әсер етеді.
- Серік Мақашұлының айтқаны кезең-кезеңімен орындалады. Шаруаларға түсінікті болсын. Субсидияны бірден алып тастамайды. 2029 жылға қарай жыл сайын демеу қаржы берудің нәтижелілігіне қарай алып тастау жайы айтылды. Бұған да біз өз кезеңінде келеміз. Жалпы бағаның қымбаттауы азық-түлік нарығына байланысты. Ауыл шаруашылығы маманы ретіндегі ойым, егер біз шаруаларға субсидия беруді бірден тоқтататын болсақ, ол бағаға міндетті түрде әсер етеді. Егер кезең-кезеңімен микронесиелермен ауыстыра отырып алатын болсақ, болашақта бағаға қатты әсері болмайды деп ойлаймын. Ал, несиеге келетін болсақ, төмен пайызды несие негізі бүгінгі күні жүріп жатыр. Ірі инвестициялық жобаларға 2,5 пайызбен несие беріліп жатыр. Сонымен қатар, «Ауыл аманаты» жобасы аясында шағын кәсіп ашамын деген кісілерге 9 миллион теңгеге дейін несие берілуде,- дейді ол.
БЮДЖЕТ ҚАРАЖАТЫНЫҢ ЖЕТКІЛІКСІЗДІГІ
Жалпы Жамбылда субсидияны кешіктіріп беру 3 жылдан бері жалғасып келеді. Мұны басқарма өкілі бюджеттің ортаюымен байланыстырды. Мысалы, биылға демеу қаржыға 23 млрд теңге қарастырылса, оның 70-80 пайызы өткен жылғы қарызды өтеуге жұмсалады.
- 2025 жылға субсидияға 23 млрдқа жуық теңге қарастырылған. Бірақ, өткен жылғы қарыздарды жабу мақсатында оның 18 млрд теңгесі жұмсалады. Бүгінгі күні ауыл шаруашылығы техникасын сатып алған, қант қызылшасын еккен шаруалар бар. Солардың субсидияларын төлеу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Қазір бюджетте жеткіліксіздік болып тұр. Сәйкесінше, жылдағы жаңа өтінімдерді сусидиялауға ауыл шаруашылығы басқармасының бюджетінде 5-6 млрд теңге қалып отыр. Бұл алдағы екі айдың көрсеткіші. Өткен жылы өңірде құны 480 млрд теңгеден астам ауыл шаруашылығы өнімі өндірілді. Бұл берілген субсидияның арқасы. Сонымен қатар 23 млрд теңге ауыл шаруашылығы мен тамақ өндірісіне инвестиция тартылды. Ал, жансыз субсидия алушылар бойынша тексеріс жүргізіліп жатыр. Егер ондайлар анықталса, тиісті тұлғалар жауапкершілікке тартылады. Субсидияның кешігуі – қаржының түсуіне байланысты. Мемлекеттік қолдаудың қағидасы бар. Бұл бойынша заңдылық сақталып отыр. Бірақ, қаржының болмауына байланысты шаруаның өтінімі аясында оң шешім қабылданып, резерв статусында тұрған кезде қаржы төленеді. Енді мал шаруашылығы бойынша айтар болсам, өткен жылы қараша айында бюджет толығымен игерілді. Одан бері 5 млрдқа жуық қарыз жиналып қалды. Оның бәрі ақпан-наурыз айында кезегімен төленеді. Өткен жылдыкі толығымен жабылған жоқ. Мал шаруашылығы бойынша субсидия қарызы 5 млрдқа жуық, ал егін шаруашылығында 10 млрдқа жуық қарыз бар. Айта кетерлігі, облыс шаруалары алған ауыл шаруашылығы техникалары мен су үнемдеу технологияларының қарызы 8 млрд теңге. Ол қазір өтеліп жатыр,- деді басқармасы басшысының орынбасары.
ҚАНТ ҚЫЗЫЛШАСЫН ӨНДІРУШІЛЕР ЖӨНІНДЕ
Өткен жылы қант қызылшасын еккен шаруалардың өнімі өтпей, шу болған еді. Оның субсидиясы қазір кешігуде. Осы жөнінде Жамбыл ауданының шаруаларымен тілдескен едік. Мысалы, Айша бибі ауылындағы «Үшарал» АШК өткен жылы бірінші рет 10 гектар тәтті түбір еккен. Бүгінгі күні өнімін Қырғызстандағы зауытқа өткізуде. Ал, 5 жылдан беру егін егумен айналысатын Бөлтен Қалабаев былтыр 10 гектар тәтті түбір еккен. Нәтижесінде 40 тонна өнімді алыпты. Ол қазір субсидия алу мәселесі өзекті екенін жасырмайды. Өйткені, шаруалардың көбі субсидияға иек артады.
Бұл мәселеге жауаптылар былай жауап берді.
- Қазір қант қызылшасын өсіргендердің субсидия қарызы 7-8 млрд көлемінде. Бұл мәліметті растай аламын. Өткен жылдың соңында үкімет резервінен 5 млрд қаржы бөлініп, шаруалардың субсидиясы толығымен төленді. Сондай ақ жергілікті бюджеттен қосымша 3,5 млрд теңге бөлінді. 2025 жылы қалған қарызды жабу үшін республикалық бюджетке 8 млрд теңге бюджеттік өтінім жолданып, бүгінгі күні нақты хабарын күтіп отырмыз. Жалпы субсидияны кешіктіріп төлеу 3 жылдан бері жалғасып келеді. Жыл соңына дейін қарыз көбейеді, қаржы бітеді. Сондықтан келесі жылға кетеді. Қазір субсидия беру қағидасына «резервте» деген статусты енгізіп қойған. Енді қазынада қаржы болмаса да, шаруалар өз өтінімін бере береді. Осылайша қарыз жиналады. Егер мұндай болмағанда қарыз болмайтын еді,- деді ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Төлебек Құлекеев
«СУБСИДИЯНЫҢ АРҚАСЫНДА ШАЛҚЫП КЕТКЕН ШАРУАНЫ КӨРМЕДІМ»
Керімқұл Бегалиев Облыстық мәслихат депутаты, «Злиха» ШҚ төрағасы:
- Бұған дейін де субсидия беріліп келді ғой. Бірақ мемлекеттік қаражаты кемдеу бола бастағаннан бері мәселе туындады. Мысалы, қызылшаны алайық, жалпы облыс бойынша субсидиясы 14 млрдтың аумағында болуы керек. Соны шаруалар дер кезінде алмағаннан кейін, қолжетімді болмағаннан кейін қажеттілігі де шамалы, бірақ қажет. Енді шаруа субсидия алғаннан кейін шығындарымды жабамын деп ойлайды ғой. Бірақ ол уақытылы түсіп жатқан жоқ. Біздегі көп шаруалар егін егу үшін банктен несие алады. Ал, демеу қаржы уақытылы түспегендіктен несиесі төленбей, пайызы өсіп кетеді. Осыдан кейін дихандардың сенімі азаяды.
Ал, алған өнімін артығымен көрсеткендер ұсталып жатыр. Кейбір мәлімет қате, кейбірі дұрыс. Енді шаруа мысалы алқабын 18 га деп көрсетсе, мемлекет тексергенде дерек басқаша болуы мүмкін. Бұл енді қылмыс болып саналады.
Мен енді субсидияның арқасында шалқып кеткен шаруаны көрген жоқпын. Күзде алатын демеу қаржысын көктемде, көктемдегісін жазда алып жүреді. Өзіміз де сондаймыз.
Егер шаруаларға жеңілдетілген несие берілсе, берілсе егер, төлеуге дейінгі каникулы 2 жыл болса, болады. Мысалы, 10 млн несие алып, 2 жыл каникулымен, 10 жыл мерзімде төлейтін болса шаруаларға үлкен демеу болады. Қазіргі несиелердің төлеу мерзімі 3-4 жыл, каникулы мүлдем жоқ. 2 жыл ішінде шаруа шаруасын дөңгелетіп алады. Ал, қазір несие алса, ай сайын үстемесімен төлейді. Осылайша ісі рәсуа болады. Ал, банктер мұндай несие бермейді. Қазір Қазақстанда банктер байып жатыр ғой.
Жалпы шаруалар малын үкіметсіз-ақ ұстап отыр. Ал, шетелде сүтті, асылтұқымды 2 миллион теңгеге сиыр алып келіп, субсидия алып отырғандардың бізге қажеті жоқ. Мысалы біздің жақта бір азамат симменталь тұқымды қымбат сиыр алып келді. Күйсеп шөп жей алмайды. Пайдасы да аз. Бұл енді мемлекеттен ақша алып отырғандардың ісі ғой. Қызылша еккендер бойынша айтарым. Қазір өнімін өткізген дихандар ғана субсидия алады. Осындай қағидасы бар. Ал, егін басындағы өткерілмегендері есептелмейді. Бірақ, қазір шаруалар өнімдерін өткізіп жатыр. Ендігі уақытта шаруалар қант қызылшасын ойланып егуі керек. Егер зауыттардан өткен жылғыдай жағдай болатын болса, басқа дақылдарды өсіруге көшкені дұрыс.