Саясат
Асылбек Смағұлов Орталық сайлау комиссиясының мүшесі болып тағайындалды
- авторjambylinfo.kz
- 16 қыркүйек, 2020
- 235
Асылбек Смағұлов Орталық сайлау комиссиясының мүшесі болып тағайындалды
Парламент Мәжілісінің депутаты Асылбек Смағұлов Орталық сайлау комиссиясының мүшесі болып тағайындалды.
Асылбек Смағұловтың кандидатурасы бүгін палатаның жалпы отырысында ұсынылды. Мәжілісмендер бұл ұсынысты бір ауыздан қолдады. Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулин оның жаңа салада жемісті жұмыс атқарарына сенім білдіріп, сәттілік тіледі.
Асылбек Смағұлов 1970 жылы Ақтөбе облысы Ырғыз ауданының Нұра совхозында дүниеге келген. Заң ғылымдарының докторы, профессор.
Еңбек жолын 1987 жылы жұмысшы болып бастаған. 1988-1990 жылдар аралығында КСРО Қарулы күштері қатарында азаматтық борышын өтеген. Құқық қорғау органдарындағы қызметін 1991 жылы Ақтөбе қаласы ҚІІБ жанындағы ПБҚ ЖБ милиционері лауазымынан бастаған.
1991 - 1992 жж. – КСРО ІІМ Свердлов жоғары мектебінің тыңдаушысы;
1992 - 1995 жж – ҚР ІІМ Қарағанды жоғары мектебінің тыңдаушысы, аталған мектепті үздік бітірді.
1995-2000 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы ІІМ Қарағанды жоғары мектебінің оқытушысы, адъюнкты, аға оқытушысы болған.
2000-2012 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Қаржы полициясының академиясында қылмыстық құқық және криминология кафедрасының доценті, бастығы, Академия бастығының ғылыми-зерттеу жұмысы жөніндегі орынбасары, Академия бастығының оқу-әдістемелік жұмысын ұйымдастыру жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарған.
2012 - 2016 жылдар аралығында "Қазақстан Республикасының Заңнама институты" ММ директоры қызметін атқарған.
2016 жылғы 24 наурыз айынан бастап "Нұр Отан" партиясынан VI сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланды. Бүгінгі күні Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі болып табылады.
Қазақстан Республикасы Президентінің алғыс хатымен, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің, Қазақстан Республикасы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің (қаржы полициясы) және Әділет министрлігінің құрмет грамоталарымен, сондай-ақ "Ерен еңбегі үшiн", "Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін", "Әділет органдары жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін", "МПА СНГ. 25 лет", "Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл" медальдарымен марапатталған. Өзге де наградалары бар.
Қазақстан Республикасы "Нұр Отан" партиясы жанындағы Құқықтық кеңестің, Журналистер одағының, Ресей Федерациясының Үкіметі жанындағы Заңнама және салыстырмалы құқықтану институтының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды ғылыми және оқу-әдістемелік жағынан қамтамасыз етуді үйлестіру жөніндегі пәнаралық кеңестің мүшесі болып табылады. Бірқатар басылымда жарияланған 100-ден астам ғылыми еңбектердің, оның ішінде 2 оқулықтың (бірлескен авторлықтағы), 10-нан астам оқу құралдары мен монографиялардың авторы.
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Келесі мақала