Саясат

Қасым-Жомарт Тоқаев Моңғолияның Ұлы Мемлекеттік Хуралының Төрағасымен кездесті

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлімдеді

Мемлекет басшысы Моңғолияның Ұлы Мемлекеттік Хуралының Төрағасы Дашзэгвийн Амарбаясгаланмен кездесті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Қасым-Жомарт Тоқаев мәртебелі мейманға ілтипат танытып, оның елімізге Парламент Төрағасы ретіндегі алғашқы сапары екіжақты байланысты нығайтуға тың серпін беретінін атап өтті. 

Президент былтыр қазан айындағы Моңғолияға жасаған сапарының нәтижесінде Үкімет пен түрлі мекемелер арасындағы қарым-қатынас күшейе түскенін айтты. Сондай-ақ жақында Қытайда өткен ШЫҰ саммиті аясында Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэлсухпен аз-кем әңгімелескенін жеткізді.

Мемлекет басшысының айтуынша, сан қырлы қарым-қатынасты дамыту ісінде Парламент дипломатиясы маңызды рөл атқарады. Бұл ретте Қазақстан достас Моңғолия елімен стратегиялық серіктестікті жан-жақты нығайтуға мүдделі.