Саясат

Қатарда өткен саммитте Ерлан Қошанов халықаралық ахуалға қатысты мәлімдеме жасады

Бұл туралы Мәжілістің баспасөз қызметі мәлімдеді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Қатар астанасы Дохада өткен төтенше Араб-Ислам саммитіне қатысты. Жиында ол Қазақстанның халықаралық қақтығыстарды бейбіт жолмен шешу жөніндегі ұстанымын ортаға салып, баяндама жасады.

Іссапар аясында Ерлан Қошанов Қатар Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәнимен жеке кездесіп, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ыстық сәлемін және ізгі тілектерін жеткізді. Қатар басшысы Қазақстанның Таяу Шығыстағы әскери жағдайға қатысты ұстанымын жоғары бағалап, ризашылығын білдірді.

Саммит отырысында сөз сөйлеген Мәжіліс төрағасы қазіргі таңда Таяу Шығыс аймағы үлкен геосаяси қиындықтарға тап болғанын айтып, бүгінгі саммит халықаралық ахуалдың күрт нашарлауымен байланысты екеніне назар аударды.

Осы орайда Мәжіліс төрағасы Газада болып жатқан қайғылы оқиғаларға да тоқталып өтті. Қазақстан Президенті әуел бастан Газа секторындағы әскери әрекеттерді дереу тоқтатуға және оның тұрғындарына гуманитарлық көмек көрсетуге тұрақты түрде шақырып келеді.

Сонымен бірге саммит алаңдарында Мәжіліс спикері Қатар Мемлекетінің Премьер-министрі – Сыртқы істер министрі шейх Мұхаммед бен Абдулрахман Әл Тәнимен пікір аламасып, екі ел арасындағы ынтымақтастықты жоғары бағалады.