Ауыл әкімін халық сайласа...
Ауыл әкімін халық сайласа...
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан:іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында қазақстандықтардың әл-ауқатын шын мәнінде жақсарту үшін халықтың өзін осы іске белсенді түрде тарту қажеттігін баса айтып өтті. Алдағы саяси реформалардың барлығы халықты мемлекет басқару ісіне қатыстыруға бағытталуы керектігін нақты атап көрсетті.
Президент аталған Жолдауында «Мысалы, қоғамдық пікір сауалнамалары ауыл әкімдерінің сайлау арқылы қызметке келуіне қатысты сұраныстың артқанын көрсетіп отыр. Бұл маңызды қадамды жан-жақты ойластырып, дәйекті түрде жүзеге асырған жөн. Мұндай жүйенің қалай жұмыс істейтінін нақты білуіміз керек. Алайда бұл мәселенің шешімін кейінге қалдыруға болмайды. Келесі жылы бірқатар ауылдық округ әкімдерінің өкілеттік мерзімі аяқталады. Ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын өткізуге болады деп ойлаймын. Жергілікті билік өкілдерінің сайланбалы болуымен қатар, мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы құзыреттерді бөлу және жергілікті өзін-өзі басқару ісін айқындап алуымыз қажет», деді. Демек келер жылдан бастап өкілеттік мерзімі аяқталған ауылдық округ әкімдерін сол ауыл тұрғындарының өзі сайлауы мүмкін. Өйткені елде жүргізіліп жатқан саяси реформаның бір бағыты жергілікті өзін-өзі басқару ісін дамытуға арналып отырғанын көрсетеді. Мәселен осыдан 2 жыл бұрын халық саны 2 мыңнан асатын елді мекендерде дербес бюджет енгізілгені есте. Нақты айтқанда мұндай ауылдар салықтың бірнеше түрінен түсетін бюджет түсімін өздері пайдалану құқығына ие болды. Яғни толғандырған кейбір әлеуметтік мәселені ауданға жалтақтамай, өздері-ақ шешу мүмкіндігіне қол жеткізді. Ол елді мекендердің өз қазанына өзі ие болу арқылы қаржылық мүмкіндіктерінің кеңейтілуі жемісті нәтиже бергендіктен, биылдан бастап осы жүйемен жұмыс істеуге барлық ауыл көшті. Нәтижесінде жергілікті тұрғындардың да өз ауылының экономикалық әлеуетін арттыру, ауыл көшелерін жөндеу секілді басқа да өзекті мәселелерді шешуде белсенділік таныта бастағаны аңғарылды. Осы арқылы билік пен халықтың арасы жақындай түсті. Ал ауыл әкімдерін сайлауға қатысты Жолдау жүктеген міндет халықтың саяси белсенділігін арттырып, ел дамуына соны серпін беретіні анық. Бүгінде ауыл әкімдерін сайлау мәселесі қоғамда қызу талқыға түсіп, сан түрлі пікірлер айтылуда. Мәселен жұртшылықты «Келер жылдан бастап ауыл әкімін халық өзі сайлайтын болса, ол қалай жүзеге асырылады?», «Үміткерді кім ұсынады?» деген сауалдар толғандырып жүргені анық. Себебі бұған дейін ауыл әкімін аудан әкімі ұсынатын, оның кандидатурасын аудандық мәслихаттың депутаттары мақұлдайтын. Осы орайда біз облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкеловке хабарласып, ауыл әкімдерін сайлау жүйесі қалай жүзеге асырылатынын, олар қанша жылға сайлануы мүмкін екенін сұрап көрдік. Алайда Серғали Өмірзақұлы бұл келер жылдың еншісіндегі мәселе болғандықтан дәл қазір ашып ештеңе айта алмайтынын, аталған сұрақтардың жауабы Үкімет тиісті құжаттарды қайта қарап, ережесін бекітіп бергеннен кейін белгілі болатынын сөз етті. Осы сұрақты біз әр жылдары Талас, Байзақ, Жуалы аудандарына әкім болған, бүгінде Тараз қалалық мәслихатының хатшысы Батырбек Құлекеевке де қойып көрдік.
Біздің қазіргі ауыл басқарып отырған әкімдердің барлығы да аудан әкімдерінің ұсынуы арқылы жергілікті мәслихаттың сайлауымен қызметке келген азаматтар. Десе де біз бір кездері халық қалауымен ауыл әкімі болған Жуалы ауданының тұрғыны, зейнеткер Төрежан Шахановқа хабарласып, ол кісінің де пікірін тыңдап көрдік. Ол сол кезде Шақпақата ауылдық округінен ауыл әкімі атануға өзінен бөлек 4 үміткер қатысқанын айтады.
Жалпы еліміз мемлекеттік басқарудың жаңа түрін қалыптастыруға тырысып-ақ жатыр. Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытуға мемлекетіміздің баса ден қоюы соның көрінісі. Тұрғындардың өз ауылына әкімді өздері сайлап, өздеріне тиесілі бюджетті өздері жұмсауға қол жеткізуі – еліміздің демократиялық дамуға ден қоюының шынайы белгісі.
Нұрым Сырғабаев