Саясат

Аймақ басшысы саяси партиялар филиалдарының жетекшілерімен кездесті

Аймақ басшысы саяси партиялар филиалдарының жетекшілерімен кездесті

Елімізде Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарын сайлауға дейін екі айдай уақыт қалды. Тіркелген партиялар кезекті науқанға әзірлік жұмыстарын қолға алған. Осыған орай Жамбыл облысының әкімдігінде арнайы жиын өтіп, өңір басшысы Бердібек Сапарбаев аймақтағы партиялар филиалдарының басшыларымен кездескен еді.

Артынша облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов сөз алып, жиынға қатысушыларды сайлау тәртібімен таныстырды. Оның айтуы бойынша қазір өңірде 492 сайлау учаскесі бар. Онда 3 750 комиссия мүшесі қызмет атқармақ.

Ал ішкі саясат басқармасының басшысы Дауыл Бейсенқұлов партиялардың үгіт-насихат шараларын баспасөз беттерінде тең дәрежеде шығуын қадағалау үшін арнайы мониторинг жүргізілетінін атап өтті.

«Nur Otan» партиясы атынан жиынға облыстық филиалдың бірінші орынбасары Балабек Нарбаев, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясынан филиал басшысы Ерболат Саурықов, «Ақ жолдан» филиал төрағасы Асан Қошмамбетов, «Бірлік» саяси партиясының атынан филиал төрағасының орынбасары Алтай Райқұлов, ал коммунистер атынан облыстық комитеттің 2-ші хатшысы Серікжан Әбдікерімов қатысты. Қазірде саяси ұйымдар үміткерлердің тізімін бекітіп, науқанға қажетті бюджет әзірлеу үстінде.