Қазақстан тәліптерді неге Астанаға шақырып жатыр – СІМ жауабы
- авторНұргүл Әубәкірова
- 29 ақпан, 2024
- 945
Қазақстан сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Талибан Астана халықаралық форумына неліктен шақырылғанын түсіндірді, деп хабарлайды jambylinfo.kz.
Сенат кулуарында Василенко Ауғанстан сауда министрінің міндетін атқарушы 13-14 маусымға жоспарланған Астана халықаралық форумына шынымен шақырылғанын атап өтті. Айтуынша, шенеунік те, тәліптер қозғалысы да БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің санкциясында емес. Оның үстіне тәліптер былтыр елордада өткен бизнес-форумға да қатысқан.
«Ауғанстан – біздің өңірлік көршіміз. Сол себепті біз ғана емес, өңірдің көптеген мемлекеті, олардың арасында Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, сондай-ақ Қытай, Ресей, Пәкістан ауған билігімен қарым-қатынасты жолға қоюға тырысып жатыр. Біздің қарым-қатынасымыз, біріншіден, 40 миллион халқы бар Ауғанстанға гуманитарлық көмек көрсетуге бағытталған. Қзір олар азық-түлікпен байланысты үлкен проблемаларға тап болып отыр. Жұмысымыздың екінші бағыты – сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту», деп мәлімдеді Василенко журналистердің сұрағына жауап беріп.
Ол Ауғанстанның өткені мен бүгіні күрделі болса да, болашағы зор мемлекет деп санайды.
«Сондықтан сауда-экономикалық ынтымақтастыққа ден қоямыз. Қазір Ауғанстанның басшылығымен бүкіл әлем байланыс орнатып жатыр. Бірақ, әрине, Талибан қозғалысының үкіметтен әйелдерге орын беру, әйел құқығын қорғауға қатысты уәдесін орындау бойынша мәселе бар. Алайда Ауғанстан Орталық Азияның өңірлік көршісі екенін естен шығармау керек және қазіргі өзара іс-қимыл біздің мүддемізге қайшы емес», деді Василенко.