дүйсенбі, 23 желтоқсан, 2024 22:32

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Басты мақсат – Қазақстанды қуатты елге айналдыру

Басты мақсат – Қазақстанды қуатты елге айналдыру
ашық дереккөзі
Басты мақсат – Қазақстанды қуатты елге айналдыру

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев VII шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясының ашылуына қатысты. Президент сессияға қатысушыларды сайлаудың аяқталуымен құттықтап, жаңа құрамдағы Мәжіліс депутаттарына табыс тіледі. Өткен шақырылым депутаттарына ойдағыдай қызмет атқарғаны үшін ризашылығын білдірді.

Кешенді реформалар жалғаса береді

«Бес жылға жуық уақытта Парла­мент қабырғасында 410 заң қабыл­данды. Депутаттар өздерінің заңға бас­тамашылық ету құқығын пайдаланып, 60-қа жуық заң жобасын дайындады. Бұл – осыған дейінгі бес шақырылым депутаттарының бастамаларын қоса алғаннан да көп. Жаңа депутаттар алдыңғы әріптестерінің осы қарқынын сақтай отырып, анағұрлым жемісті жұмыс істеуі қажет.

Себебі бәрімізді зор міндеттер мен ауқымды істер күтіп тұр. Құрамы жаң­ғыр­ған жаңа Мәжілістің қызметке кірісуі елі­міз үшін символдық мәні бар екі оқи­ғамен тұспа-тұс келеді. Біз қастерлі Тәуел­сіздігіміздің 30 жылдық мерейлі межесіне қадам бастық.

Сондай-ақ қазіргі заманғы Қазақстан парламентаризмі ширек ғасырлық белес­ке жетті. Осы тарихи кезеңде сенім мандатына ие болған депутаттар ел үмітін ақтап, Отанымызға адал қызмет етеді деп кәміл сенемін.

Өткен сайлау еліміз үшін дамудың жаңа парағын ашты. Осы маңызды оқиға мемлекеттілігіміздің тұғыры берік екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Қазақстан қоға­мының жоғары саяси мәдениетін және азаматтық кемелдігін танытты. Барлық өңірдегі дауыс беру нәтижесі мемлекеттің стратегиялық бағдарын халқымыз жаппай қолдайтынын байқатты.

Біз болашаққа сеніммен бет алу үшін қажетті алғышарттарды бірге жасадық. Саяси ұстанымдарымыз әртүрлі болса да, міндетіміз – бір. Бәріміздің ортақ мақсатымыз – Қазақстанды қуатты елге айналдыру», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Мәжіліс пен барлық дең­гейдегі мәслихаттардың көп партиялы жаңа құрамы қоғамдағы саяси бәсекенің артқанын көрсететініне назар аударды. Сондай-ақ халықтың белгілі бір бөлігінің мүддесін көздейтін басқа да партиялар сенім мандатына ие болғанын жеткізді.

Осы орайда егемендіктің төртінші онжылдығына қадам басар тұста ел-жұртымыз бұрын-соңды кездеспеген жаңа сын-қатерлермен бетпе-бет кел­ге­ніне тоқталды. Өйткені дүние жүзі мүлде жаңа дәуірге бет бұрды. Өркениеттің даму жолы мен әлемдік құры­­лымның түп негізі түбегейлі өзге­ріске ұшырай бастады.

«Келешекте сынақтар мен сын-қатер­лер аз болмайды. Дегенмен бар­лы­ғы­мыздың ең басты міндетіміз – пан­де­мияның салдарын еңсеру. ХХІ ғасырдың жиырма бірінші жылы барша адамзат үшін бетбұрыс кезеңіне айналмақ. Бұл жыл алдағы онжылдықтың басты бағдарын айқындайды. Мұндай күрделі жағдайда уақыттан ұтылуға және бір сәтке де босаңсуға болмайды.

Жылдың басында сайлау өткізу ар­қы­лы қиындықтармен күресіп қана қой­май, жаңғыруға жол ашып, жаңа сер­пінге ие болдық. Осы қарқынды сақтап, бағдарымыздан жаңылмау өте маңызды.

Сондықтан Тәуелсіздіктің 30 жыл­дығында кешенді реформалар жүргі­зілетін болады. Барлық күш-жігерімізді тиімді мемлекет пен әділетті қоғам құруға жұмылдыруымыз керек. Басты басымдық – халықтың тұрмыс сапасын жақсартып, әл-ауқатын арттыру.

Жұрт жасанды жетістіктерді емес, көзбен көріп, қолмен ұстайтын нақты нәтижені күтеді. Халық экономикалық және әлеуметтік бағдарламалардың жемісті болғанын қалайды. Біз осы мақ­саттағы ауқымды жұмыстарға барлық белсенді азаматтарды тартамыз. Олардың әрқайсысы ел тағдырына әсер ететін шешімдерді қабылдауға өздері тікелей қатысатынын білгені жөн. Ортақ іске үлес қосып жатқанын сезінуі маңызды.

Мен ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының мәні осында. Біз ұлттың жасампаздық әлеуетін пайдаланған жағдайда ғана алға басып, табысқа жете аламыз.  Реформаларды сапалы заңдар арқылы жүргізу – ұзақ мерзімді жетістікке жетудің басты шарты. Мен жаңарған депутаттық корпус өзіне жүктелген бұл міндеттерді абыроймен атқарады деп сенемін», деді Президент.

Мемлекет басшысы атап өткендей, Қа­зақ­станның стратегиялық бағдары – айқын. Басты мақсат – озық дамыған елдердің қатарына қосылу. Қ.Тоқаев дамыған елдің ұғымы ең алдымен дені сау, білімді және бақуатты жұртты қамти­ты­нын атап өтті. Сондық­тан мемлекеттің бас­ты міндеті – азамат­тары­мыздың то­лыққанды дамуына, әл-ау­қатының артуына және жайлы тұрмысына жағдай жасау.

Осыған байланысты 2025 жыл­ға қарай әрбір азамат үшін тиімді инсти­ту­ционалдық және инфрақұ­ры­лым­дық орта қалыптастыру көзделіп отыр. Қазақстанның ұзақ мерзімді дамуы Са­бақтастық, Әділдік және Өрлеу қағи­дат­тарына негізделеді. Аталған мақсатқа қол жеткізу үшін бірқатар басымдыққа мән берілмек.

«Бірінші. Біз құқықтық мемлекетті дамыту және азаматтардың билік органдарына сенімін нығайту үшін бар күш-жігерімізді жұмсауымыз керек. Бұл – өте өзекті міндет. Соған орай мемлекеттік басқарудың жаңа мо­делін енгізу айрықша маңызды. Осы бағыт­тағы реформалар жүйені байыппен орта­лық­сыздандыруды, мемлекеттік аппаратты жаңғыртуды, квазимемлекеттік секторды оңтайландыруды және барлық үдерісті цифрландыруды қамтиды. Сол арқылы мемлекеттік аппарат барынша ықшам, ашық әрі тиімді, ал шешім қабылдау үдерісі икемді және айқын болады.

Азаматтардың құқықтары лайықты қорғалмаса, әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан даму мүмкін емес. Бұл – аксиома, ақиқат. Осы орайда сот жүйесінің тәуел­сіздігін нығайта түсу үшін реформаны соңына дейін жеткізуіміз керек. Мемлекет тарапынан қолға алынған шараларға және Жоғарғы сот Төрағасының тікелей өзі күш салып жатқанына қарамастан, сот корпусының сапасына қатысты әлі де түйткілдер бар.

Сот жүйесі жабық корпорация бол­мау­ға тиіс. Сондықтан сот корпусын едәуір жаңартып, оған түрлі құқық салаларының мамандарын тарту керек. Үміткерлерді іріктеген кезде олардың кәсіби тәжі­ри­бесімен қатар, жеке қасиеттерін де ескерген абзал. Бұл жұмыс бұқаралық ақпарат құ­ралдарында ашық көрсетілуге тиіс. Сон­дай-ақ сот қызметі туралы ақпарат қоғам үшін неғұрлым қолжетімді болғаны жөн.

Құқық қорғау органдарының жұмысын да барынша өзгерту қажет. Бұл мәселе жөнінде Жолдауымда нақты айттым. Біз азаматтармен өзара қарым-қатынастың сервистік моделін енгіземіз. Қоғамдық қауіпсіздік жаңа цифрлы технологияларды қолдану арқылы қамтамасыз етіледі.

Парламент заң үстемдігі, адал бәсе­ке және жекеменшікті қорғау қағидат­тарының құқықтық негізін нығайта түсуі керек. Сонда бұл қағидаттар мүлтіксіз орындалатын болады. Бүгінде бірқатар заңнамалық ұсыныс бойынша жұмыс істеліп жатыр. Дегенмен, әлі де көптеген тың бастама көтеріп, заңдар қабылдау қажет», деді Мемлекет басшысы.

Мәжіліске өту шегі 5 пайыз болады

Президент екінші басымдық ретінде күшті және инклюзивті қоғам құрудың негізгі құралы тиімді әлеуметтік саясат екенін айтты. Сонымен қатар әлем «білім экономикасына» қарай жылжып бара жатқанын атап өтті.

«Соңғы жылдары білім беру сала­сын реформалауда ілгерілеу бар. Со­ны­мен қатар осыған дейін қордаланып қалған бірқатар мәселені шешу қажет. Әртүрлі әлеуметтік топтар мен аймақтар арасындағы білім беру сапасындағы алшақтықты азайту – маңызды міндет. Бұл ретте қайта оқыту және қызметкерлердің біліктілігін тұрақты түрде жетілдіру бо­йынша жаңа саясат қажет. Осы мақсатта арнайы ұлттық жоба әзірлеп, іске асыру керек», деді Президент.

Мемлекет басшысы отандық денсаулық сақтау саласын жаңғырту жұмысының аса маңызды екеніне тоқталды. Бұл мә­се­ленің, әсіресе пандемия жағдайында анық байқалғанын айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік қамсыздандыру саяса­тын қайта жаңғыртып, мемлекет көмекке мұқтаж азаматтарды қолдауға басымдық беруі тиіс екенін жеткізді. Әлеуметтік инфрақұрылымның негізгі бағыттарының бірі – отандық зейнетақы жүйесі. Мем­лекет басшысы аталған жүйенің әділетті, тұрақты, халықтың мүддесіне сай құрылуы қажет екенін атап өтті.

Ұлттық экономика тұрақты дамымай, халықтың әл-ауқатын арттыру мүм­кін емес. Президент белгілеген басым­дық­тың бірі осы. Мемлекет басшысы Үкі­­метке экономикалық белсенділікті қол­­дауға бағытталған контрциклды мак­роэкономикалық саясатты жалғас­ты­ру­ды тапсырды. Сондай-ақ бизнеске қо­лай­лы жағдай қалыптастыруды міндет­теді.

«Еңбек нарығының тез өзгеруін ескере отырып, жұмыс күшінің өнімділігі төмен секторларды экономиканың неғұрлым өнімді бағыттарына бет бұруын қолдау қажет. Бұған дейін айтқанымдай, еліміздің өнеркәсібі икемді және қазіргі өзгерістерге бейім болуы керек», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Аумақ пен кеңістік тұрғысынан елі­міздің теңгерімді дамуы басты басым­дық­тың бірі. Бұл ретте барлық өңірлерді бір­тұтас экономикалық кеңістік арқылы байланыстыратын аса маңызды салаларды дамытуға баса назар аударылады. Атап айтқанда,  көліктік, энергетикалық және цифрлы инфрақұрылымдарға басымдық берілмек.

«Өңірлерді, қалаларды, аудандар мен ауылдарды өзара байланыстыратын инфра­құрылымды жақсартуға басымдық беріледі. Жаңа стандарттарға сәйкес 3500-ден астам ауылды жаңғыртамыз. Ай­наласындағы елді мекендердің тірегі саналатын әрбір ауылға баратын жолдар мен республикалық маңызы бар күре жолдар 100 пайыз жөнделеді.

Жергілікті өзін өзі басқаруды әрі қарай жетілдіру үшін бюджеттік рәсім­дерді жеңілдетіп, өкілді және атқарушы орган­дардың дербестігін арттыру маңызды. Осы орайда мен мәслихат депутаттарына мына мәселені баса айтқым келеді. Сіз­дердің белсенді ұстанымдарыңыз сайлау­шылардың мүддесін қорғайтын сапалы әрі салмақты шешімдер қабылдауға ықпал етуі керек. Қолға алынған өзгерістердің жедел және табысты жүзеге асуы жергілікті жердегі жұмыстың тиімділігіне тікелей байланысты», деді Қ.Тоқаев.

Қазақстандағы реформалардың басты бағытының бірі – саяси жаңғыру. Пре­зидент биыл жекелеген ауылдық округ­терде сайлау өтетінін мәлімдеді.

«Тағы бір маңызды қадам – ауыл әкім­дерін сайлау. Биыл жекелеген ауылдық ок­ругтерде сайлау өтеді. Біз жергілікті өзін өзі басқару жүйесін ең төменнен бас­тап нығайтуды көздеп отырмыз. Бұл – өте маңызды мәселе. Сондықтан алдағы уақытта ауыл әкімдерін сайлағаннан кейін аудан әкімдерін сайлауға көшуге болады.

Алайда мұнымен де шектеліп қал­мауы­мыз керек. Саяси жүйені орнық­тырып, шешім қабылдау үдерісіне аза­мат­тардың ықпал етуін күшейте түсу үшін тың серпін қажет. Бұл бағытта реформалардың екінші бөлігін әзірлеу барысында ауқымды жұмыстар жасалды. Онда барлық партиялардың, соның ішінде кеше Парламентке өтпей қалған саяси күштердің де ұсыныстары ескерілді және болашақта да назарымызда болады. Ұлттық кеңес мүшелерінің және басқа да беделді сарапшылар мен белсенді аза­мат­тардың идеялары, бастамалары қамтылып отыр.

Біз осы жолғы сайлау науқаны карантин шектеулеріне қарамастан қаншалықты қызу өткеніне куә болдық. Кейбір пар­тия­лардың Мәжіліс пен мәслихаттарға өтуіне сәл ғана дауыс жетпей қалды. Олардың әрқайсысында белгілі бір саланы жетік меңгерген, білімді, білікті азаматтар да бар. Солар Парламенттің биік мінберінен айтылуға тиіс көптеген өзекті мәселені дер кезінде әрі орынды көтеріп жүр.

Осындай партиялардың өкілдері Парламентке өтсе, ондағы пікірталасты қыздыра түсер еді, ортақ жұмысқа тиімді болар еді. Олар заң шығару жұмысының сапасын арттыруға да сүбелі үлес қосары анық. Сондықтан саяси партиялардың Мәжіліске өту шегін 7-ден 5 пайызға төмендетуіміз керек. Осындай шешімді қабылдайтын уақыт келді, өйткені аталған норма заң жүзінде тіркелген партияларды алдағы сайлауларға қатысуға ынталандырады», деді Мемлекет басшысы.

Президент мұндай қадам елдегі саяси бәсекенің дамуына септігін тигізетінін атап өтті. Бұл бастама мемлекеттік сая­сат­ты жүргізу үшін халықтың пікірін неғұр­лым көбірек қамтып, ескеріп оты­руға мүмкіндік бермек. Соған сәйкес бо­лашақта партия мүшелерінің тізімін және соған қатысты басқа да рәсімдерді онлайн форматта жасауға мүмкіндік бар. Қ.Тоқаев осы мақсатта электронды үкіметтің мүм­кіндіктерін пайдалануды ұсынды.

«Парламенттің заң шығарумен қатар бақылау функциясы да бар екенін бі­ле­сіздер. Оның тиімділігі халықаралық тәжі­рибеде дәлелденген. Осы аса маңызды құзы­ретті тиімді пайдалану қазіргі заман­ғы Қазақстан парламентаризмінің инсти­ту­ционалдық негізін едәуір орнықтырады. Бұл менің «Күшті Президент – ықпалды Парламент – жауапты Үкімет» деп аталатын саяси формуламмен үндесіп жатыр. Депутаттар халықтың мүддесін іс жүзінде қорғап, әрдайым табандылық танытуға тиіс», деді Президент.

Мемлекет басшысы азаматтық қоғам өкілдерінің белсенділігін арттыру, жастар саясатын жетілдіру және қайырымдылық қызметін қолдау мәселелерін де ұдайы назарда ұстау қажеттігін айтты.

«Өздеріңіз білесіздер, жыл басында мен кейбір заңнамалық актілерге қо­ғам­дық кеңестер қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы тиісті заңға қол қойдым. Сол арқылы қоғамдық кеңестердің өкілеттігін едәуір күшейттік.

Енді, азаматтық белсенділікті арттыру жолында тағы бір маңызды қадам жасалады. Бұл – талқыланып жатқан «Қоғамдық бақылау туралы» заң. Біз онлайн-петиция инс­титутын да заң жүзінде ресімдеуіміз керек. Бұл бастамалардың мақсаты – мемлекет қызметінің тиімділігін арттыру, ше­шім қабылдауға азаматтық қоғамды тарту.

Мемлекеттік жастар саясаты сала­сын­дағы заңнаманы жетілдіру – негізгі мін­деттің бірі. Үкімет 2020 жылы Жас­тар­ды қолдау жөнінде кешенді жоспар қабылдады. «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты ұлттық жоба, мемлекеттік жастар саясаты және волонтерлік қызмет туралы заңдар дайындалып жатыр.

Депутаттар «жастардың әлеуметтік қызметтері» деген ұғымды заң жүзінде ресімдеуі керек. Әлемдік тәжірибеге сәй­кес Қазақстанда «Жастардың даму ин­дек­сін» енгізген жөн. Жергілікті атқару ор­ган­дарының жастар саясатын жүзеге асы­руға қатысты жұмысы соның негізінде бағаланады.

Қайырымдылық қызметін жүйелі қолдау мәселесі де басты басымдық болып отыр. Бұл саладағы ынталандыру шаралары қарапайым әрі нақты болуы керек. Соған сәйкес қайырымдылық шараларына және волонтерлік жобаларға атсалысатын бизнес өкілдері мен жеке тұлғаларға түрлі жеңілдіктер берілуге тиіс», деді Қ.Тоқаев.

Адам құқықтары толық қорғалуы тиіс

Мемлекет басшысы адам құқықтарын толық қорғау мемлекеттің басты мақ­саты­ның бірі болып қала беретінін атап өтті. Бұл ретте азаматтардың таңдау еркіндігін барынша қамтамасыз ету өте маңызды.

«Біздің басты мақсатымыздың бірі – адам құқықтарын толық қорғау. Бұл ретте азаматтардың таңдау еркіндігін барынша қамтамасыз ету өте маңызды. Әлемдік тәжірибеде адамның қандай да бір сайлауға келіспейтінін немесе үміт­керлердің бәріне қарсы екенін заңды түрде білдіру құқығы кеңінен қалыптасқан.

Шын мәнінде, баламалы пікір және бә­ріне қарсы дауыс беру ұғымы біз үшін де қа­лыпты нәрсе болуға тиіс. Сондықтан бар­лық деңгейдегі сайлау бюллетеньдеріне «бә­ріне қарсымын» деген жазу енгізген жөн. Бұл бастама азаматтардың сайлау құ­қы­ғын қорғауға жағдай жасайды. Таңдауы жоқтығын ресми көрсетудің өзі таңдау емес пе?!

Тағы бір мәселе – адам құқығын қорғау саласы дәйекті түрде жетілдірілуге тиіс. Оны институционалдық және ұйым­дастыру жағынан нығайта түсуіміз қажет. Мысалы, бізде омбудсмен институты бар. Бірақ ол әзірге өзінің әлеуетін толық көрсете алмай отыр. Сондықтан жақын арада Омбудсмен туралы арнаулы заң қабылдауымыз керек.

Бұл заң аталған институттың қыз­метін барлық бағыттар бойынша рет­тейді.  Тиісті мамандар болмаса және ұйым­дас­тыру жұмыстары жасалмаса, омбудс­мен қызметін заңнамалық тұрғыдан қам­тамасыз ету қиынға соғады.

Адам құқықтарына байланысты не­гізгі мәселелер өңірлерде байқалып отыр. Жергілікті биліктің үстінен арыз-ша­ғымдар көп түседі. Сондықтан омбудс­мен институтын, ең алдымен, аймақтарда кү­шейту қажет. Адам құқығы жөніндегі уәкілдің аппаратын нығайтуымыз керек.

Сонымен қатар біз бала құқықтарын қорғау жөніндегі ауқымды мәселелерді шешуге тиіспіз. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, балалар арасындағы суицид пен буллингтің алдын алу үшін мем­ле­кеттік бақылауды күшейтіп, тиімді тетіктерді қарастырған жөн. Ерек­ше кү­тімге мұқтаж балалардың инклю­зивті да­муы мәселесін назардан тыс қалдыр­мауы­мыз керек.

Білім беру мекемелеріндегі тиісті қызметтердің тиімділігін арттыру үшін нор­мативтік база қалыптастыру – кезек күт­тірмейтін мәселенің бірі. Әлеуметтік ма­ңызы жоғары осындай мәселелерді ше­шу мемлекеттік органдардың ғана міндеті емес. Оған бүкіл азаматтық қоғамның атсалысуы қажет екенін бәріміз түсінуге тиіспіз», деді Қ.Тоқаев.

Президент ұсынылған бастамалар қазір күн тәртібінде тұрған ұзақ мер­зімді әлеуметтік-экономикалық, саяси рефор­малардың бір бөлігі ғана екенін айтты. Депутаттар бұл жұмысқа белсене қаты­сып, Үкіметпен сындарлы қарым-қатынас орнатуы қажет деп санайтынын жеткізді.

«Ұсынылған бастамалар – қазір күн тәртібінде тұрған ұзақ мерзімді әлеуметтік-экономикалық, саяси реформалардың бір бөлігі ғана. Оның көптеген бағыты бо­йынша қажетті заң жобалары талқыланып жатыр. Депутаттар бұл жұмысқа белсене қатысып, Үкіметпен сындарлы қарым-қатынас орнатуы қажет деп санаймын.

Менің негізгі ұстанымым – қоғамдағы бар­лық өзекті мәселелер, ең алдымен, Пар­­­ламентте талқылануға тиіс.  Қоғам өкіл­­дері мен сарапшылар заң жобаларын да­йын­­дау ісіне барынша атсалысуы керек. Аза­маттардың наразылығын туғызуы мүм­­­кін даулы мәселелер бойынша тиімді кері байланыс орнату – басты талаптың бірі.

Парламенттің алдында маңызды екі міндет тұр. Бұл – сапалы заңдар қабылдау және өзекті мәселелердің шешімін табатын орталыққа айналу. Жалпы, еліміздің заңнама жүйесін кешенді түрде жетілдіру керек. Заң нормаларын әзірлеу барысында біреулердің жеке мүддесіне бола лобби жасауды түп-тамырымен жою қажет. Сіздер, ең алдымен, сайлаушылардың сұранысын басшылыққа алып, тәуекел мен қатердің бәрін де саралауға тиіссіздер. Депутаттар әрдайым қоғам тынысын аңғарып, тамырын дөп баса білгені жөн», деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент – ел мүддесі үшін аянбай қызмет ететін қай­наған жұмыс ортасы деді. Сонымен қатар депутаттарға халқымыздың оң өзгерістер күтетінін әрдайым есте ұстаған абзал екенін айтып, шешім қабылдау кезінде асқан жауапкершілік танытуға шақырды.

egemen.kz

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар