Байзақтық жастар жарап тұр
«Үйі жоқтың – күйі жоқ» дейді халық даналығы. Бабаларымыз «Қайран менің өз үйім, кең сарайдай боз үйім» деп лашық та болса басыңда баспанаң болмай, басқа тірліктің бәрі бекер екенін бір сөзбен меңзеп кеткен. Барша жұрттың басын қатырып, балтырын сыздатқан» баспаналы болу мәселесі әлі де өзектілігін жоймай тұр. Әсіресе ауылдықтардың халықты баспанамен қамту мақсатында қабылданған әртүрлі мемлекеттік бағдарламаларға қатысуға мүмкіндігі келе бермейді. Ал жеке үй салып алуға кез келгеннің күші жете бермейтіні анық.
Ауылдағы тұрмысы нашар отбасы тұрмақ, жағдайы орташа деген тұрғындардың өзі баспана тұрғызу мәселесіне келгенде жүзін төмен салатыны анық. Себебі үй салуға құрылыс материалдарының қымбаттығы мен құрылысшыға беретін ақының жоқтығы ырық бермейді. Ауылдық жерде жаңадан үй салғаннан, дайын үйді сатып алған арзанға түсетінінің сыры осы. Дегенмен ауыл адамдары қаржы тапшылығын жылу жинау, көптің қол күшін қажет ететін тірлікті асарлату секілді қайырымдылық түрлері арқылы шешуді біледі. Біріне-бірі қол ұшын созып, бірінің жоқ-жітігін бірі түгендеп беру негізінен бұрыннан бар дәстүр. Өңірімізде осы дәстүр соңғы уақытта тіпті жандана түсті. Әсіресе тұрмысы нашар отбасыларға көп болып көмек қолын созу арқылы үй салып беру бүгінде кеңінен көрініс таба бастады. Мәселен, Тараз қаласында-1, Байзақ пен Т.Рысқұлов ауданында 18 үй, Шу ауданында екі отбасылық 2 үйдің құрылысы мен 16 баспана, Қордай мен Талас ауданында 13, Меркіде-9, Жамбыл ауданында 8, Жуалы мен Мойынқұм ауданында-6, Сарысуда-4 үйдің құрылысы осындай тәсілмен қолға алынған. Облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық офисінің үйлестіруімен жүзеге асып жатқан «Асарлатып үй салу» жобасының негізгі бастамашысы – Байзақ ауданы екенін айта кетуіміз керек. Асарлатып үй салу ісі байзақтық жастардың идеясы екенін облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жақында аталған ауданға жасаған жұмыс сапары барысында тілге тиек еткен еді. Өңір басшысы Байзақ ауданның белсенді және ерікті жастарымен болған бір сәттік жүздесуде: «Қазақ қашанда қайырымдылық жасаудан қол үзбеген халық. Өңірде қолға алынған қайырымдылық бағытындағы тірліктер соның айғағы. Асарлатып үй салу жөніндегі осы аудан жастарының бастамасын, идеясын біз қазір облыс аумағында кеңінен таратып жатырмыз. Жастардың ерікті түрде қайырымдылықпен айналысуы, ізгіліктің жаршысы болуы кейінгі буын үшін үлкен өнеге, тәлімі мол. Жастар кез келген істе өзгеге үлгі бола білуі керек. Сіздерді індетпен күрес жүргізу мәселесінде де белсенді болуға шақырамын, өзгеге қарайласуда жомарттық танытып жүрген қалталы азаматтарға да алғысымыз шексіз!», – деген еді.
Халқымыз «Жас келсе - іске» деген сөзді тегін айтпаған. Қолының қары, белінің күші бар жігіттер біріксе, кез келген шаруа оңай еңсерілетіні анық. Осы орайда біз Байзақ ауданы «Жастар ресурстық орталығының» директоры Әсет Құрманалиевпен тілдесіп, жастарпдың күшімен қанша үй салынып жаттқанын сұраған едік.
Біз өз тарапымыздан біреуге үй салып беріп жатырмыз деп айта алмаймын. Тек аудандағы ауылдық округтерде демеушілердің көмегімен салынып жатқан үйлерге жастар көмектесіп, басы-қасында жүр. Негізінен әр ауылдық округтегі жастар ісі жөніндегі мамандар сол ауылдың жастарын ұйымдастырып, көптің күшімен салынып жатқан үйлерге қолабыс тигізеді. Бір нысанда кірпіш құю, қалау сияқты қауырт әрі ауқымды жұмыс бола қалса, волонтерлар көмекке барады.
– Бұл Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевттың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру бағдарламалық мақаласының «Туған жер» бағдарламасы аясында жүзеге асып жатқан жоба. Осыдан екі-үш жыл бұрын аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен тұрмысы нашар отбасыларға демеушілердің көмегімен асарлатып үй салынып жүрді. Аудан жастары сол кезде қол көмегін берді. Осыдан кейін біздің аудан осы жобаның бастамашысы секілді боп кетті. Әйтпесе, облыс бойынша 300-ге тарта асарлатып үй салу облыс әкімінің тапсырмасынан туындады. Біз осы тапсырманың жүзеге асуына үлес қосудамыз. Қазір аудан әкімінің қолдауымен, 18 ауылдық округте 18 баспана тұрғызылып жатыр. Бұл көпшіліктің ауызбіршілік таныту арқылы қоғамның осал топтарына жататын, яғн әлеуметтік аз қамтылған, мүмкіндігі шектеулі, көпбалалы секілді мұқтаж отбасыларға үй салып беру жөніндегі көмегі. Биыл және осы ауылдық округтердегі баспанаға өте мұқтаж 18 отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілетін болады, – деді ол.
Әсет Ерболұлының айтуынша, баспана үшін есік, терезе, шатыр жабындысы, ағаш секілді құрылыс материалдары білім беру және өзге де мемлекеттік мекемелерге күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде шығарылып тасталған ескі құрылыс заттары екен. Ол аталған құрылыс материалдарының жарамдысын лақтырылып тасталмай, пайдаға асып жатқанын сөз етті.
Аудандағы асарлатып салынып жатқан баспананың бірі – Бәйтерек ауылдық округі, Сарыкемер ауылында. Ауылдық округ әкімі Айдос Абдуалиев ол үй асырушысы жоқ, екі баланың анасы Насиба Юлдашованың баспанасы екенін айтады.
– Ауылдық округте үш елді мекен бар болса, – орталығы Сарыкемер ауылы. Мұнда 16 мың тұрғын, 2488 түтін бар. Тұрғындарддың 170-і мемлекет тарапынан әлеуметтік көмек алса, оның 20-сы баспанаға өте мұқтаж. Олардың біртіндеп болса да баспанамен қамтылуына облыс әкімінің тапсырмасымен жүзеге асып жатқан жоба септігін тигізуде. Мәселен, осы баспана біте салысымен, тағы біреуін қолға алуға ниеттеніп отырмыз. Негізінен үй салу ісі аудандағы кәсіпкерлер мен өзге де қалталы азаматтардың көмегімен жүзеге асуда. Аудандық орталық мешіт тарапынан да қаржылай көмек көрсетілуде. Үй салу үшін демеушілер арқылы құұрылыс материалы, адам күші мәселесін шешкенімізбен, үй салудаан хабары бар білікті маман болмаса, еібек зая кететіні анық. Осы ретте істің жай-жапсарын білетін мамандар ауданымыздың белді кәсіпкері Нұрсерік Бақтыбековтың көмегімен тартылуда. Ал жастар оларға көмек беріп жүр, – дейді Айдос Сейсенбекұлы.
Н.Юлдашева осы күнге дейін ені 2, ұзындығы 3 метр бір бөлмені баспана тұтып келіпті. Қазір ол бөлменің еңсесі биіктетіліп, оған құмблоктарын қалау арқылы жаспсарласа тағы үш бөлме және ауыз үй жалғанып, шатыры жабылыпты. Қазіргі таңда есік терезесін салу, ішін сылау жұмыстары жүргізілуде. Ол өз баспанасы үшін қалтасынан бір тиын қаржы шықпағанын айта келе, осы істің басы-қасында жүрген қайырымды жандарға алғысын білдірді. Насиба Юлдашева болашақ баспанасын мектеп жасына толмаған балаларымның нәсібі деп отыр.
Жалпы, қайырымдылық халқымыздың қанында бар қасиет. Бірақ, сол қасиетті, бір-бірімізге деген таза ниетті, адамгершілік қарым-қатынасты көрсету үшінде ұйымшылдық керек. Өзгеге жақсылық жасауда, жанашырлық танытуда жастардың да қатары көбейіп келе жатқаны қуантады.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Ұқсас жаңалықтар
Саясат
Тоқаев ТМД-ға мүше мемлекеттер басшыларының бейресми кездесуіне қатысты
- авторМағжан Орынбасар
- 25 желтоқсан, 2024
Саясат
Тоқаев Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевті туған күнімен құттықтады
- авторМағжан Орынбасар
- 24 желтоқсан, 2024