Бердібек Сапарбаев: «Арманым – маған жүктелген барлық міндетті абыроймен орындау»
Бердібек Сапарбаев: «Арманым – маған жүктелген барлық міндетті абыроймен орындау»
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев облыстық «Jambyl» телеарнасы эфирінде облыс тұрғындарымен тікелей байланысқа шықты. «Әкім сағаты» бағдарламасы аясында аймақ басшысы телеарна директоры Мейіржан Әлібекұлымен сұхбат құрып, тікелей эфирдің телефон желісі, WhatsApp мессенджері арқылы түскен тұрғындардың сауалдарына жауап берді. Бағдарлама барысында жамбылдық жұртшылықтың сұрақтарын қойып, ұсыныс-пікірлерін айтуға барлық мүмкіндік жасалды. Екі сағат бойы ағымдағы жылы атқарылған жұмыстар айтылып, алдағы меже мен міндет сараланып, тұрғындарды толғандырған сұрақтарға жан-жақты жауап берілген сұхбатты ықшамдап, оқырман назарына ұсынып отырмыз.
– Құрметті Бердібек Машбекұлы, әлеуеті мол Әулиеата өңіріне әкім болып келгенде ең алдымен қандай мәселелерге, қай салаларға айрықша басымдық бердіңіз? – Әрине алдымен облыстың даму мүмкіндігін, қай салалардың кенже қалып келе жатқанын жан-жақты зерделедік. Маған дейін облыс әкімі болған Асқар Исабекұлы аз жұмыс атқарған жоқ. Өзге өңірлерге үлгі боларлық жобалар жүзеге асты. Сондықтан Асқар Мырзахметов бастаған жобаларды орта жолдан қалдырмай, жалғастыру керек болды. Қазіргі таңда жобалар жалғасып жатыр. Жалпы ең негізгі мақсатымыз – барлық мүмкіндікті тиімді пайдаланып, облыс экономикасын дамыту, сол арқылы халықтың жағдайын жақсарту. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, табыс, жалақы жағынан облыс республика бойынша соңғы орындардың бірінде. Сондықтан халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартып, табысын арттыру ешқашан күн тәртібінен түспейді. Өңірде экономиканың бар саласын өркендетудің мүмкіндігі мол. Мәселен жер қойнауындағы пайдалы қазбалар игерілмей жатыр. Түсті металл да, алтын да, мұнай да, газ да бар. Пайдалы қазбаларды өңдеп, халықтың игілігіне неге пайдаланбасқа? Әрине ол үшін ірі инвесторлар керек. Сол бағытта жұмыс атқарып жатырмыз. Өкінішке қарай індетке байланысты биыл біршама қиындықтар болды. Соған қарамастан он бір айдың қорытындысы бойынша көңіл көншітерліктей көрсеткіштерге қол жеткіздік. Жалпы он бір айдың қорытындысы бойынша экономиканың даму қарқыны 102,5 пайызды құрап отыр. Тағы бір баса көңіл аударған мәселе – халықты жұмыспен қамту. Елімізде сан саланы қамтитын мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асып жатқаны баршаға мәлім. Бір жылдың өзінде мемлекеттік бағдарламалардың нәтижесінде өңірімізге 100 миллиардтай қосымша қаржы бөлініп, 37 мыңға (26 мыңы тұрақты жұмыс) жуық жамбылдық жұмыспен қамтылды. Алдағы уақытта да жамбылдықтар мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көре береді. Өндіріс дамымай өңір өрге баспайды. «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өнімі биыл өткен жылмен салыстырғанда 4 пайызға өсті. Қазіргі таңда «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында кәсіпорын 44 миллиард қосымша қаржы алды. Яғни келесі жылы зауыттың екінші кезеңі іске қосылып, шығарылатын тыңайтқыштың көлемі 1 миллион тоннаға жетеді. Кем дегенде мыңға жуық жұмыс орны ашылады. Сол секілді өзге де алпауыт өндіріс орындарында халықты жұмыспен қамту, өңір экономикасының дамуына серпін беру мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Облыс ауыл шаруашылығына қолайлы. Сондықтан асыраушы сала айрықша назарда. Былтырғы жылмен салыстырғанда егістік көлемін 53 мың гектарға арттырдық. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің табанды еңбегінің нәтижесінде өткен жылмен салыстырғанда мол өнім алынды. Мәселен 690 мың тонна пияз жиналып, елдегі жалпы өнімнің 70 пайызын құрады. Агросектордағы алда тұрған міндеттің бірі – суармалы жерді көбейту. Биыл қосымша 40 мың гектар қосымша суармалы жерді кәдеге жараттық. Сонымен қатар ірі су қоймаларына жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Басты мақсат – қырғыз суына тәуелділіктен құтылу. Шаруалар судан тарықпауы керек. Сонда ғана мол өнім алу мүмкіндігі туады. – Агросалада судан басқа қандай мәселелер бар? – Өкінішке қарай өңір диқандары бүгінге дейін төртінші-бесінші репродукциялы тұқымдарды егеді. Сапасы төмен тұқым себу дегеніңіз, алдын ала өнімді азайту. Сонымен қатар диқандар топырақтың құнарлылығын арттырып, тыңайтқыш пайдалануға құлықсыз. Тыңайтқыштың 50 пайызы тегін берілсе де алмайды. Әрине тұқым сапасыз, топырақ құнарсыз болса өнім де аз болады. Одан кейін жыл сайын бидайды немесе картопты еге беруге болмайды. Сұранысқа ие, шығыны аз, табысы мол өнімдерге басымдық беретін кез жетті. Аталған мәселелер бойынша биыл аз жұмыс жасалған жоқ. Диқандарды жоғары сұрыпты тұқыммен, тыңайтқышпен қамтамасыз етіп, нарықта сұранысқа ие дақылдар егілді. Мұнымен тоқтап қалуға болмайды. Келесі жылы да жалғасады. Облыста 18 мың шаруа қожалық бар. Саны көп, сапасы жоқ. Көп қожалықтың не техникасы, не ақшасы жоқ. Кімге пайда?! Сондықтан бірігіп әрекет ететін кез жетті. Ұсақ шаруашылықтардан пайда жоқ екеніне ендігі көз жеткен болар. Егер әр ауданда кем дегенде екі-екіден агрохолдингтер құрылса, шаруаларға үлкен мүмкіндіктер сыйлап, көп қиындық өздігінен шешілетін еді. Ауыл шаруашылығы техникаларының тозығы жеткені де ең өткір мәселе. Жетпіс пайыз техниканың пайдалану мерзімі 30-40 жылдан асып кеткен. Сондықтан биыл лизингке техника беру жұмыстарын бастадық. Қынжылтатыны, өзіміз тым болмаса тырма шығара алмаймыз. Әрине мұның барлығы жай ғана айтылып, кейін ұмытылып кетіп жүрген мәселер емес. Нақты қолға алынып, тапсырма берілген. Нәтиже де жоқ емес. – Облыс орталығы – аймақтың айнасы. Әрине жұмыс көп жерде мәселе де көп. Тараз қаласына байланысты көп сын айтылады. Мұның себебі неде деп ойлайсыз? –Экономикамыздың 70 пайызы Тараз қаласына байланысты. Себебі ірі-ірі кәсіпорындар Тараз қаласында орналасқан. Осы орайда Тараз қаласының әкімдігі біріншіден, әрбір кәсіпорынмен, кәсіпкермен тығыз байланыста жұмыс істеуі керек. Екіншіден, игерілмей жатқан жерді тиімді пайдалану қажет. Үшіншіден, құрылыс саласының тамырына қан жүгірту үшін нәтижелі жұмыстар жүргізу керек. Құрылысқа қажетті материалдардың 90 пайызы өзімізде шығады. Тек металл ғана сырттан келеді. Міне осы олқылықтардың орнын толтыру қажеттілігі туындап тұр. Егер аталған мәселелер оң шешімін тапса, қаланың экономикасы дамиды. – Бюджет қаржысын игеруде карантин шектеулері кедергі келтірген жоқ па? – Мойындау керек, құрылыс саласына байланысты біршама қиындықтар туындады. Себебі құрылысқа қажетті құрал-саймандар, жабдықтардың көбі шетелден келеді. Сондықтан карантиндік шектеулерге байланысты мерзімінде жеткізе алмады. Қазіргі таңда тиісті жұмыстар жасалуда. Басталған құрылыс нысандары аяқталады. Тек Тараз қаласындағы 4 нысан ғана келесі жылға өтпелі. – Қазіргі таңда жүздеген мың жамбылдық тұрғын үй мен жер кезегінде тұр. Бұл мәселенің шешімі қалай болады? – Облыс бойынша тұрғын үй кезегінде 29 мыңға жуық адам кезекте тұр. Он тоғыз мыңы Тараз қаласында. Халықты қолжетімді баспанамен қамту мақсатында жұмыстар жасалуда. Бірақ жеткіліксіз. Мемлекеттік бағдарламаларды әлі де тиімді пайдалана білуіміз керек. Сонымен қатар қосымша қаржы көздерін қарастыру жоспарлануда. Мәселен кәсіпкерлерді, демеушілерді тарта отырып та өзекті мәселені аз да болсын шешуге болады. Ал жеке тұрғын үй салу үшін берілетін жерге алдымен инфрақұрылым жүргізілуі қажет. Қала әкімдігіне нақты тапсырмалар берілген. Бұл мәселе де біздің ерекше бақылауымызда. – Карантинге байланысты 500 мыңға жуық әулиеаталық әлеуметтік көмекпен қамтылды. Құлдырамауға қаншалықты себеп болды? Әрі қарайғы аяқ алысы қалай болмақ? – Өңірде мемлекеттік бағдарламалар өз деңгейінде жүзеге асуда. Жамбылдықтар кез келген бағдарламаның шарапатын сезінуде. Айрықша атап кететіні, «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы. Аталған бағдарлама аясында халықты жұмыспен қамту үшін 64 миллиард теңге ақша бөлініп, 523 мың жамбылдыққа 47 миллиард теңгенің әлеуметтік көмегі көрсетілді. Бұл жұмыстар келесі жылы да жалғасады. – Басшы ретінде кадрлық саясатта неге мән бересіз? –Ең алдымен біліміне, қабілетіне, тазалығына, адамдармен сөйлесе білуіне мән беремін. Облысқа әкім болғалы он ай болды. Өз еркіммен ешбір аудан әкімін ауыстырған жоқпын. Мәселен Қордай ауданының әкімі Президенттің шешімімен босатылды. Сарысу ауданының әкімі облыс әкімі аппаратынының басшысы болып ауысты. Қалған әкімдер өз орындарында жұмыс істеп жатыр. Әкімдерге «Сіздерге бір жыл уақыт беріледі. Бір жылда атқарған жұмыстарыңыз жақсы болса, берілген тапсырмалар орындалса, нәтижелер оң болса, халықтың негізгі көтеріп жүрген мәселелері шешілсе, әрмен қарай жұмыс істейсіздер. Тапсырмалар орындалмаса орындарыңыздан босайсыздар» деген болатынмын. Маған әлеуметтік желі арқылы «әкімдерге жиналыс сайын ескерту жасайсыз, бірақ нақты шара қолданбайсыз» деген секілді хаттар келіп жатады. Әкімді орнынан алып тастау оңай емес. Алған күннің өзінде орнына кімді қоясың. Мен үшін үлкен мәселе – кадр тапшылығы. Жыл біткеннен кейін барлық аудан әкімдерінің есебін тыңдаймыз. Жұмысын көреміз. Кемшілікке жол берсе, тиісті шара қолданамыз. Дәл осындай талап облыс әкімінің орынбасарлары мен басқарма басшыларына да қойылады. – Өмірде нені жақсы көресіз, нені жақтырмайсыз? – Таза, адал, еңбекқор, жауапкершілігі жоғары азаматтарды жақсы көремін. Ал өтірік айтатын, екіжүзді сатқын адамдарды жек көремін. Олармен бірге жүруге, араласуға болмайды. – Әкімде бос уақыт бола ма? Болса немен айналысқанды жөн көресіз? – Бос уақытым өте аз. Ал болса серуендеп, кітап оқып, теледидар көремін. Немерелеріме көңіл бөліп, қасында болуға тырысамын. – Сіз бес облыстың дамуына ерен еңбек сіңірдіңіз. Үкіметте де жемісті еңбек еттіңіз. Мемлекет және қоғам қайраткері деңгейіне көтерілдіңіз. Кез келгеннің маңдайына бұйыра бермейтін бақ. Жалпы саясаткер Сапарбаевтың арманы не? – Арманым – Жамбыл облысында маған жүктелген міндеттің бәрін абыроймен орындау. Халықтың алғысына бөлену. Соңымнан жақсы сөз ілесіп жүрсе, одан артық бақыт жоқ. Халқымыздың тұрмысы жақсарса екен деймін. Одан кейінгі арманым – елде тыныштық болып, береке-бірлігімізден айырылмай, тезірек індеттің құрсауынан құтылу, – деп сұхбатты түйіндеген Бердібек Машбекұлы өз атынан және облыс басшылығы атынан Жамбыл жұртшылығына алғысын жеткізді. Жалпы, мұнан өзге де «Бейбітшілік пен келісім», «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру» жобаларының жүзеге асырылу барысы және білім, денсаулық сақтау салаларында атқарылған жұмыстар сұхбатқа арқау болып, тұрғындарды толғандырып жүрген сұрақтарға тікелей эфир арқылы нақты жауаптар берілді.
САН САУАЛҒА – НАҚТЫ ЖАУАП
Нұрғазы ДӘУЛЕТБАЙҰЛЫ, Шалғай Қарасу алқабының тұрғыны: – Биыл көшемізге асфальт төселіп, ұзақ жылдардан бері жол азабын тартып келген тұрғындардың қуанышында шек болмады. Ал алқап көшелерін жарықтандыру жоспарда бар ма? Бердібек САПАРБАЕВ, облыс әкімі: – Жарықтандыру ғана емес, жол, жылу, ауызсу мәселесін түрлі кездесулерде, әлеуметтік желіде тек Шалғай Қарасу алқабының ғана емес, қала аумағына кейіннен кірген 26 саяжай мен алқап тұрғындары жиі көтереді. Тұрғындардың талап-тілегі ескерусіз қалмайды. Аталған мәселелер бойынша құжаттар дайындалып, Үкіметке жолданды. Қаржы бөлінді. Келесі жылдан бастап жарықтандыру жұмыстары жүргізіледі. Әрине бәрін бірдей бір жылда қамту мүмкін емес. Дегенмен кезең-кезеңімен жоспар бойынша жүргізіледі.
Орынбасар ТОҚБЕРГЕНОВ, Құмшағал ауылының тұрғыны: – Ауыл тұрғындарын электр желісі, жол, ауызсу мәселесі алаңдатып отыр. Сонымен қатар ауылда балабақша мен емхана да жоқ. Бос ғимаратты балабақша ретінде пайдалануға болатын еді. Қоғамдық көліктер бірде жүреді, бірде жүрмейді. Бердібек САПАРБАЕВ: – Балабақша мен емхана бойынша Тараз қаласының әкімдігіне тапсырма беремін. Балабақша ретінде пайдалануға болатын бос ғимарат болса зерделеп көру керек. Ал емхана бойынша да халықтың санына байланысты шешім қабылдаймыз. Қоғамдық көлік мәселесі жамбылдықтардың бас ауруына айналғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Жалпы облыста жолаушы тасымалдаумен 11 компания айналысады. Шынын айту керек, Тараз қаласындағы халықты тасымалдайтын қоғамдық көліктерді көрсең жүрегің ауырады. Ешқандай облыс орталығында Тараздағыдай «пазиктер» жоқ. Сондықтан ауыстыруымыз керек. Қазіргі таңда еліміздегі үш автокомпаниямен жұмыс істеп жатырмыз. Келесі жылы жаңа 100 автобус аламыз. Осылайша кемшіліктер шешімін табады.
Ботагөз БОЛТАЕВА, Жамбыл ауданы, Бесағаш ауылының тұрғыны: – Биыл ауылда елдің игілігі үшін, тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау мақсатында қыруар жұмыс атқарылды. Өкінішке қарай ауызсу мәселесі өзекті күйінде қалып отыр... БердібекСАПАРБАЕВ, облыс әкімі: – Бесағаш ауылын және жақын орналасқан елді мекендерді ауызсумен қамту жоспарда бар. Жалпы қазіргі таңда облысымызды ауызсумен қамту 88 пайызды құрап отыр. Орталықтандырылған ауызсумен қамтылмаған шағын елді мекендер бар. Бір нәрсені айрықша айта кету керек, ауызсу қоры бар жерден 70-80 шақырым қашықта жатқан 10-15 үй тұратын кейбір ауылдар бар. Миллиондаған қаржыға су құбырын сала алмаймыз. Бірақ сусыз қалдырмаймыз. Скважина орнатып, сумен қамтимыз. Аудан әкімдеріне тапсырма берілген.
Шолпан БАХОДИРОВА, Жамбыл ауданы, Айша бибі ауылының тұрғыны: – Бүгінгі таңда ауылдағы 640 орындық мектепте 1198 оқушы оқып жатыр. Соған орай ауылда жаңа мектеп бой көтерсе деген ұсынысымыз бар. Бердібек САПАРБАЕВ, облыс әкімі: – Айша бибі ауылында болғанда ауыл тұрғындары, ақсақалдары мектеп мәселесін көтерген. Сонда уәде де берген болатынмын. Қаржы бөлінді. Жаңа мектеп құрылысын келесі жылы бітіру жоспарымызда бар. Үлгере алмай жатсақ, 2022 жылы толықтай аяқталатын болады. Сонымен қатар тікелей эфир кезінде Т.Рысқұлов ауданы, Жарлысу ауылының тұрғыны Серік Жүздібаев жайылым тапшылығын көтерсе, Сарысу ауданы, Саудакент ауылының тұрғыны Мұрат Әубәкіров тозығы жеткен мәдениет үйінің жайын айтты. Сол секілді Талас ауданы, Тамды ауылының тұрғыны Рашид Аятов Қойгелді мен Ерназар ауылын жалғап жатқан көпірдің апатты жағдайда екенін айтып, жөндеу жұмыстары жүргізілсе деген ойын жеткізді. Ал Жаңатас қаласының тұрғыны, көпбалалы ана Аида Ақылбекова биыл көптен күткен арманына қолы жетіп, баспаналы болғанын айтып, облыс әкіміне үлкен алғысын білдірді. Өз кезегінде өңір басшысы Жаңатаста, Қаратауда, Шуда бос тұрған үйлерді қалпына келтіру жұмыстары тоқтамайтынын, үш қалада жыл сайын кем дегенде 4 үйден берілетінін тілге тиек етті. Сондай-ақ Шу ауданының медицина мамандары үстемақы ала алмай жүргендерін көтеріп, облыс әкімі тікелей бақылауына алатынын жеткізді.
Жалпы «Әкім сағатында» алдын ала жүздеген сұрақ түссе, эфир барысында СаII-орталыққа 350-ден аса қоңырау қабылданған. Тұрғындардың көпшілігі ауызсумен, көгілдір отынмен, тұрғын үй, жер телімін алу, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, жеке балабақшалардың жайы, қоғамдық көлікті реттеу, аялдама орнату секілді әлеуметтік мәселелерге байланысты сауалдар жолдаған.
Талғат НҰРХАНОВ