дүйсенбі, 23 желтоқсан, 2024 17:57

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Бердібек Сапарбаев: Халықпен кері байланыс барлық жерде бірдей орнатылмаған

Бердібек Сапарбаев: Халықпен кері байланыс барлық жерде бірдей орнатылмаған
ашық дереккөзі
Бердібек Сапарбаев: Халықпен кері байланыс барлық жерде бірдей орнатылмаған
Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Жуалы мен Жамбыл аудандарының әкімдері Нарбай Ергебеков пен Сәкен Арубаевтың есептерін тыңдады. Әдеттегідей Жамбыл ауданында өткен кездесуге аймақ басшысымен бірге облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров, ҰҚК департаментінің басшысы Марат Ирменов, полиция департаментінің басшысы Жанат Сүлейменов және өңірдегі құқық қорғау органдарының аймақтық бөлімшелерінің басшылары да қатысты. Кездесу барысында қатысушылар аудандардың әлеуметтік-экономикалық дамуы, қоғамдық-саяси ахуалы мен жедел шешуді қажет ететін өзекті мәселелерді талқылады. Аудан әкімдері ең негізгі, маңызды мәселелерге тоқталып, тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту аясында жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады. Атап айтсақ, Жуалы ауданында биыл жалпы сомасы 4 миллиард теңгеге 44 жоба жүзеге асырылуда. 15 ауылда су құбырлары тартылып, жөнделуде. 8 ауылда газдандыру жұмыстары жүргізілуде. - Ауылдардағы жолдар жөнделуде, көшелерді жарықтандыру жұмыстары жүргізілуде. Мұның бәрі «Жұмыспен қамтудың жол картасы» және Өңірлерді дамыту бағдарламасы аясыда іске асуда, - деді Нарбай Ергебеков. Аталған бағдарламалар шеңберінде 5 ауылдық мектепте құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жоспар бойынша тамыз айының соңында барлық нысандар пайдалануға берілуі тиіс еді, дегенмен кейбір мектептерде жөндеу жұмыстары әлі де жалғасуда. Сонымен қатар, барлық мектептер сырттағы дәретханаларды ғимарат ішіне көшіріп үлгермеген. - Мұның бәрі аудан мен ауыл әкімдерінің жұмыс барысын қадағаламауынан және бұл мәселеге жауапкершілікпен қарамауынан орын алып отыр,- деді Бердібек Сапарбаев. Ауыл шаруашылығы саласындағы жұмыстар да сын көтермейді. Облыс әкімі жыл сайын бір мәселенің шеті шығып тұратынына қынжылыс танытты. Ол мәселелердің қатарында каналдар мен науаларды жөндеу қажеттігі, пайдаланусыз жатқан жерлердің тиісінше анықталмауы, тамшылатып суару әдісінің белсенді енгізілмей отырғаны және тағы басқалар бар. - Неге әкімдер сырттан ғана бақылап, қол қусырып отырады. Басқа аудандардағыдай механикаландырылған жасақтың мүмкіндіктерін барынша пайдалануға болады ғой, - деді аймақ басшысы. Ол осы үдерісті жолға қоюды, сондай-ақ пайдаланусыз жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін талдауды, анықтауды және қайтару бойынша жұмыстар жүргізуді тапсырды. Сондай-ақ, жұмыспен қамту және еңбек саласында бәрі ойдағыдай дей алмаймыз. "Еңбек" бағдарламасы шеңберінде жұмысқа орналасу көрсеткіші 35,7 пайызды құрайды десек, бұл облыс бойынша орташа көрсеткіштен төмен. Сол сияқты жастар тәжірибесі, әлеуметтік және қоғамдық жұмыс орындарын құруда да мәселелер жоқ емес. - Тамыз айы аяқталып қалды, ал жауапты тұлғалар істі әлі күнге қабылдай алмай отыр. Дәл бұлай жалғастыру мүмкін емес. "Еңбек" бағдарламасының орындалуын ерекше бақылауға алыңыздар, - деп тапсырды өңір басшысы. Жамбыл ауданында да осындай келеңсіз көріністер бар болып шықты. Атап айтсақ, "Еңбек" бағдарламасын іске асыру нәтижелерінің көрсеткіштері облыс бойынша орташа деңгейден төмендігі, суармалы судың жетіспеушілігі, ауыл шаруашылығы жерлерінің қайтарылмайтындығы солардың қатарында. -Аудан әкімдері барлық проблемалық мәселелерден жіті хабардар әрі оларды шешуге қатысты нақты жоспарлары болуы тиіс , - деді Бердібек Сапарбаев. Сәкен Арубаевтың айтуынша, биыл науалар мен арналарды жөндеу және салу бойынша 6 жоба жүзеге асырылуда. Жамбыл ауданында жалпы сомасы 7,5 миллиард теңге болатын 57 жобаны орындау жоспарланған. Оның ішінде сумен қамту бойынша 8 жоба, газдандыру бойынша 6 жоба бар. Айта кетейік, ағымдағы жылдың 7 айының қорытындысы бойынша екі ауданда қылмыс деңгейі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 30 пайызға төмендеген. Жыл санап дәстүрлі емес діни ағымдарды ұстанушылар қатары азая түсуде. Теологтар олармен тұрақты түрде мақсатты жұмыстар жүргізіп келеді. - Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқықтық тәртіпті сақтау бірінші кезекте учаскелік инспекторларға байланысты. Осындай кездесулер барысында біз жергілікті биліктен әр ауылға учаскелік инспектор бекітуді, оның сол ауылда тұруы үшін тұрғын үймен қамтамасыз етуді және тұрғындармен тығыз қарым - қатынас орнатуын талап етеміз, - деп атап өтті Бердібек Сапарбаев. Ол аудан әкімдерінен әрдайым ауыл әкімдерімен байланыста болу керектігін баса айтты. - Сіздер ауыл әкімдерінің есептерін тыңдайсыздар ма? Ауыл әкімдері тұрғындарды толғандыратын мәселелерден хабардар ма? Біз олардың жұмысын атқарылған нақты істер бойынша бағалауымыз керек. Егер қолдарынан келмесе, басқа адамдарға мүмкіндік беріңіздер, - деді Бердібек Сапарбаев. Сондай-ақ, әлеуметтік желілер арқылы атқарылған жұмыстар туралы есеп беріп отыру тапсырылды. - Әкімдер әлі күнге дейін халықпен тиімді кері байланыс орната алмай отыр. Азаматтардың өтініштеріне жауап беріп, оларға мемлекеттің жүргізіп отырған саясаты туралы жеткізіп, барлық даулы мәселелерді ашық және бірлесіп шешіп отырыңыздар, - деп сөзін түйіндеді аймақ басшысы.
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар