Мемлекет басшысы мен Словакия Премьер-министрі кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлімдеді
Мемлекет басшысы Словакияны Қазақстанның Еуропадағы маңызды әрі сенімді серіктесі ретінде атады, — деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Астана мен Братислава арасындағы ынтымақтастық берік құқықтық базаға арқа сүйейді. Ол барлық бағытты қамтиды. Қазақстан Словакиямен күн тәртібіндегі екіжақты және көпжақты серіктестікті тереңдетуге ниетті.
Мемлекет басшысы экономикалық әріптестікке баса назар аудару қажет деп санайды. Былтыр тауар айналымы 140 миллион долларды құраған. Қазақстанда Словакияның 30-дан астам компаниясы жұмыс істейді және 22 бірлескен кәсіпорны түрлі секторда қызмет етіп жатыр.
Қазақстан Президенті ынтымақтастықты одан әрі әртараптандырудың маңызына тоқталды. Мемлекет басшысы энергетика, өнеркәсіп өндірісі, ауыл шаруашылығы, логистика, цифрландыру, аса маңызды шикізат материалдары, білім және туризм салаларында мол мүмкіндік бар деп санайды.
Словакия Премьер-министрі Мемлекет басшысына өзіне және делегациясына қазақ жерінде көрсетілген құрмет үшін алғыс айтты.
Келіссөз барысында тараптар қазақ-словак байланысын дамытуға ықпал ететін серіктестікті одан әрі нығайтуға, жаңа бастамаларды іске асыруға бейіл екенін растады.