Саясат

Мемлекеттік қызмет көрсету сапасы мінсіз болуы тиіс

Мемлекеттік қызмет көрсету сапасы мінсіз болуы тиіс

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Мемлекеттік басқару жүйесінде цифрлық технологияны қолдану – бүкіл бағдарламаның табысты болуының басты кілті. Бұл істе түбегейлі өзгерістер қажет. Барлық құжат айналымын толықтай электронды форматқа көшіру керек. Қазіргі кезде талап ететіндей, құжаттарды қағаз жүзінде де, электронды түрде де дайындап, тапсыру дұрыс емес. Құжаттардың қағаз нұсқаларына біртіндеп тыйым салынуы керек», – деген болатын «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру жөнінде кеңес отырысында.

Жалпы мемлекетіміздің цифрлық жүйеге көшуінің негізгі мақсатының бірі – электронды құжат айналымын енгізе отырып, мемлекеттік органдардың жұмыс сапасын арттырып және халықтың мемлекеттік қызметті алуына ыңғайлы ете отырып, қазақстандықтардың өмір сапасын жақсарту. Негізінде өңірімізде мемлекеттік қызмет көрсету ісі «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Жамбыл облысы бойынша филиалы арқылы жүзеге асырылатыны белгілі. Өйткені осы мекеме кезінде мемлекеттік жүйеде бірыңғай провайдер болу үшін құрылған болатын. Мұндағы басты мақсат – елдегі бюрократияны және әкімшілік кедергілерді жою. ҚР заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтерді көрсету, «бір терезе» қағидаты бойынша өтініштерді қабылдау және нәтижелерін тұрғындарға беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру. Сондай-ақ электрондық нысанда мемлекеттік қызметтерді көрсетуді қамтамасыз ету. Облыс әкімдігінде өңір басшысы Бердібек Сапарбаев телекоммуникация және халыққа қызмет көрсету саласы басшыларымен кездесу барысында осы жылдың 11 айында мекеме қандай жұмыстар атқарғанына назар аударды.

Басқосу барысында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының облыс бойынша филиалы директорының орынбасары Зейнел-Нәби Сұлтанбаев мемлекеттік тізілімге сәйкес қызметтердің жалпы саны 698 құрайтынын, оның 674-і мемлекеттік корпорация арқылы, 649-ы «Электрондық үкімет» порталы арқылы көрсетілетінін сөз етті.

– Жылдың 11 айында Жамбыл облысы бойынша 821 644 қызмет, оның ішінде 2434-і электронды негізде көрсетілді. Былтыр 1 099 924 қызмет көрсетсе, оның 223 056 электронды негізде көрсетілді. Жалпы көрсетілген қызмет санының төмендеуі Egovmobile, Paperfree, «бір ретті парольмен », telegrambot, арқылы қызмет алу, мемлекеттік корпорация арқылы мекен-жай анықтамасын алуды тоқтату, Қазақстан Республикасының аумағында 2020 жылдың 26 наурызы мен 13 мамыр аралығында ТЖ режимі орнауына байланысты болды, – деді Зейнел-Нәби Сұлтанбаев

 Сондай-ақ ол мемлекеттік қызметтерді дұрыс алуды үйрету мақсатында кеңестер беру үшін халыққа қызмет көрсету орталықтарында «Электрондық үкімет» порталы арқылы онлайн қызмет көрсететін және азаматтарды мобильдік базаға тіркейтін бейне-ассистенттерге арналған сектор ашылғанын, азаматтардың цифрлық сауаттылығын арттыру бағытында қызметалушыларды өз бетінше қызметтерді алу мақсатында филиал әкімдіктерімен бірлесіп фронт-офистерден тыс емханаларда, кітапханаларды, әкімдіктердің ғимараттарында өзіне-өзі қызмет көрсету секторларын іске қосылғанын аөз етті. Аарнайы бекітілген кесте арқылы, мемлекеттік қызметтер көрсету мақсатында мобильды топ 33 714, мүмкіндігі шектеулі азаматраға 2676 қызмет көрсеткенін баяндады. Бұдан бөлек әлеуметтік қамсыздандыру бағыты, жер кадастры бойынша да атқарылған жұмыс нәтижесін тілге тиек етті.

Өз кезегінде Бердібек Машбекұлы өзіне-өзі қызмет көрсету секторына қанша адам жүгінгенін сұрап, кейбір кітапханалардағы мұндай орындардың жұмысы сын көтермейтінін алға тартты. Бұдан бөлек, жер кадастыры бойынша рәсімделмеген және тиісті органдарда тіркелмеген, нысаналы мақсатта немесе толық пайдаланылмай жатқан жер учаскелерін анықтап, есепке алуды еске салып, бұдан дда басқа мәселелер бойынша тиісті тапсырма берді.