Саясат

Президент Италия Министрлер Кеңесінің төрағасымен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді

The final spritzer

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлімдеді

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға ресми сапармен келген Джорджа Мелонимен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz

Жиынға екі ел делегациялары қатысты.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Италия стратегиялық серіктес екенін атап өтті. Қос елдің қарым-қатынасы өзара құрметке, сенім мен ортақ мүддеге негізделген.

Президент мемлекеттер арасында тығыз саяси диалог орнап, берік экономикалық ынтымақтастық дамып келе жатқанын жеткізді. Сонымен қатар мәдени-гуманитарлық байланыс беки түскеніне назар аударды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Италияның Орталық Азиядағы жетекші серіктесі, ал Италия еліміздің сауда әріптестерінің үштігіне енетін және ірі инвесторларының бірі екенін айтты. Елдер арасындағы тауар айналымы 24 пайызға артып, өткен жылы 20 миллиард долларға жетті.

Президент соңғы жиырма жылда Италия Қазақстан экономикасына 7,6 миллиард долларға дейін инвестиция құйғанын атап өтті. Сондай-ақ Қазақстанда ENI, SDF Group, PetroValves, Maire Tecnimont және Ballestra секілді ірі инвесторлар бастаған 270-ке жуық италиялық компания табысты жұмыс істеп жатқанын жеткізді.

Өз кезегінде Джорджа Мелони екі ел арасындағы ықпалдастықты жоғары бағалап, оның стратегиялық серіктестік рухына сай келетінін айтты.

Келіссөз барысында екіжақты күн тәртібінің негізгі бағыттарын қамтитын көптеген мәселе талқыланды. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Джорджа Мелони Қазақстан мен Италияның қарым-қатынасын қарқынды дамытуға ықпал ететін серіктестікті одан әр жандандырып, жаңа бастамаларды жүзеге асыруға мүдделі екендерін растады.