Президенттен қатаң сөгіс алған су министрі отставкаға кете ме
- авторjambylinfo.kz
- 2 сәуір, 2024
- 928
Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында журналистер президенттен қатаң сөгіс алған министрден отставкаға кетесіз бе деп сұрады.
Нұржігітов қазір мемлекеттік органдардың алдында жағдайдың ушығып кетпеуіне жол бермеу міндеті тұрғанын атап өтті. Айтуынша, жұмыс қорытындысы бойынша тиісті шаралар қабылданады.
«Шешім су тасқынының алдын алу жөніндегі қызметіміздің нәтижелері бойынша қабылданады. Мен сіздің сұрағыңызға жауап бердім, келесі сұраққа көшейік», - деді Нұржігітов.
Өткен демалыстарда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқынына қарсы уақытылы шара қабылдамағаны үшін үкімет мүшелеріне қатаң сөгіс жариялады. Олардың арасында Сөгіс алған су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов те бар.
Осы орайда журналистер «сіз өзіңізді осы қызметке лайықтымын деп санайсыз ба?» деп сұрады. «Бүгінгі күні президент тарапынан тәртіптік жауапкершілікке тартылдық. Әрі қарай осы қызметке лайықтымыз ба, жоқ па, ол туралы президент шешім қабылдайды», - деп жауап берді Нұржігітов.
Су ресурстары министрлігінің құрылғанына жарты жыл өтті. Министрдің айтуынша, алты ай ішінде су тасқынына қарсы ауқымды іс-шараларды атқаруға мүмкіндік болмаған. Ведомство оыс уақыт бойы құқықтық базаны ғана қалыптастырып келген.
«Алты ай ішінде із құқықтық базаны қалыптастырдық. Бүгінгі күні әр жергілікті атқарушы органмен қандай жұмыстар атқаратынымыз туралы жоспарларымыз бар. Алты айдың ішінде осы ауқымды жұмыстарды атқаруға ешқандай мүмкіншілік болған жоқ. Мәселен, жоспарға сәйкес, 20 су қоймасын салуды жоспарлап отырмыз. Бүгінгі күні 9 су қоймасының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр, алтауы бірінші жартыжылықта дайын болады. Одан бөлек қолданыстағы 15 гидротехникалық құрылымды жөндейміз», - деп түсіндірді министр.
Айтуынша, осы жұмыстардың арқасында жалпы халық саны 200 мыңнан асатын 134 елді мекен тасқын судан аман қалады.
«Әрине оған уақыт керек. Сондықтан қазір біз сол жұмыстарды тездетуге тырысып жатырмыз», деді Нұржігітов.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз