Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер өзара қол жеткізген келісімдерді сақтауы қажет - Қасым Жомарт Тоқаев

Бұл туралы Ақорда мәлім етті
Қасым Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер өзара қол жеткізген келісімдерді сақтауы қажет екенін айтты, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Мемлекет басшысы соңғы кездегі тарифке қатысты оқиғалар жаһандық сауда саясатындағы өте үлкен өзгерістерге себеп болғанына назар аударды. Президент мұндай дағдарыстар түрлі сын-қатер тудырумен қатар жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын алға тартып, өнеркәсіп, көлік-транзит, ауыл шаруашылығы, цифрландыру сияқты бағыттар бойынша бірлесе әрекет етуді ұсынды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Орта дәлізді Шығыс пен Батыстың арасындағы негізгі көпірге айналдыруды стратегиялық міндет ретінде атады. Бұл ретте Президент еліміз Қырғызстанмен және Өзбекстанмен шекарадағы рәсімдерді цифрландыру, жүк транзитін жеңілдету үшін нақты шаралар қабылдап жатқанын, сондай-ақ Қазақстан-Қытай шекарасында үшінші темір жол бекетін ашуды жоспарлап отырғанын жеткізді.
Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев бауырлас елдерді ірі инфрақұрылымдық жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға, соның ішінде «Солтүстік – Оңтүстік» бағыты бойынша халықаралық көлік қатынасын дамытуға шақырды. Аталған жоба түркі елдерінің өңірлік транзит хабы ретіндегі рөлін едәуір нығайтады.