Саясат

Таиландтағы Қазақстан Елшісі WFB басшысымен дінаралық диалогты талқылады

Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді

Қазақстанның Таиландтағы Елшісі Марғұлан Баймұхан Дүниежүзілік буддистер бауырластығының (WFB) президенті Фаллоп Тайаримен кездесті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Cұхбат барысында Елші Бауырластыққа көп жылғы жемісті серіктестік үшін терең ризашылығын білдіріп, жаһандық деңгейде бейбітшілікті нығайтудағы және конфессияаралық диалогты ілгерілетудегі буддизмнің басты рөлін атап өтті.

Сондай-ақ М. Баймұхан Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы 8 қыркүйекте жариялаған жыл сайынғы Жолдауының негізгі ережелерімен таныстырды, онда заманауи сын-қатерлер жағдайында бірлік, тұрақтылық пен дінаралық келісімді сақтауға ерекше назар аударылды.

Тараптар 2025 жылғы 17-18 қыркүйекте Астанада өтетін «Діндер диалогы: болашаққа синергия» тақырыбындағы Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезіне буддистік делегацияның алдағы қатысуын да талқылады. Бұл іс-шара өзекті жаһандық мәселелерді шешу үшін әртүрлі конфессия өкілдерінің ынтымақтастығының айрықша маңыздылығын атап көрсетеді.

Ф. Тайари өз кезегінде Қазақстанға түрлі діни ағымдар мен дәстүрлер арасындағы өзара түсіністікті нығайтуға бағытталған бастамаларға көрсетілген қолдауы үшін алғысын білдірді.