сенбі, 23 қараша, 2024 0:03

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Таразда түйткілді мәселелер болмауы тиіс

Таразда түйткілді мәселелер болмауы тиіс
ашық дереккөзі
Таразда түйткілді мәселелер болмауы тиіс
Тараз қаласы әкімдігінің мәжіліс залында облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен облыстың бас шаһарының әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты 9 айда атқарылған жұмыстың қортындысы қаралып, басқа да өзекті мәселелер талқыланды. Басқосу барысында өңір басшысы облыстың негізгі халқы Тараз қаласында орналасқанын айта келе, қалаға қатысты қандайда бір мәселе шешімін таппаса, оның соңы шиеленіске ұласып, тұрғындардың наразылығын тудыратынын сөз етті. Кез келген өңір, кез келген шаһарда қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақты болуы оның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткішінің жоғары болуымен байланысты екенін баса айтты. Осыдан бір ай бұрын қаланың ирригациялық жүйелерін ретке келтіру, білім саласында бітпей жатқан құрылыс нысандарының жұмысын аяқтау, автокөлік жолдары мен аяқжолдарды жөндеу, қаланы қоқыстан арылту, әлеуметтік желіде тұрғындар көтерген мәселеге дер кезінде жауап беру секілді бірқатар мәселелер төңірегінде арнайы тапсырма берген еске салды. – Қазір біз осы және өзге де тұрғындарды қандай мәселе толғандыратынын, қай мәселе шешімін таппай тұрғанын талқылау үшін жиналып отырмыз. Халықты комуналдық қызметке қатысты мәселелерде көп толғандырады. Әсіресе саяжайлар мен кейбір тұрғын алқаптарға газ, су құбырын тартып, жол салу өзекті болып отыр. Таразда салынып жатқан үйлерді аяқтау, келесі жылы салынатын тұрғын үйлердің жобалық сметалық құжатын ертерек дайындау, атқарып жатқан жұмысымыздың сапалы болуына мән беру өте өзекті. Біз қаланың абаты мен тазалығын бір шама ретке келтіргендей болғанбыз. Бірақ кейінгі кезде қай жер болса, сол жерде қоқыстар қайтадан пайда болуда. Әсіресе бұл ықшамаудандарда кеңінен көрініс тауып отыр. Егер біз қоқыс мәселесін шеше алмасақ, онда басқа күрделі мәселелерді қалай шешпекпіз? Осындай шаруаларды жүйелі атқарумен қатар, індеттің екінші кезеңіне дайын болуымыз қажет. Қазір біз бетперде тағып, әлеуметтік қашықтықты барынша ұстанғанымызбен, мейрамхана, тойханалар тығылып жиын тойлар өткізуін тоқтар емес. Оны қадағалайтын мобильдік топ өз жұмысын бәсеңдетіп алды. Біз осы қалыпта кете берсек, ертеңгі күні шілде айында тап болған келеңсіздікке қайта ұшырауымыз мүмкін. Тиісті топ дәріхана, емхана ауруханаға барып, ондағы қмедициналық қорғаныс құралдары мен қажетті дәрі-дәрмектің жеткілікті екеніне көз жеткізуі керек. Еліміз дәстірлі оқыту жүйесіне қайта көшетін жағдай туындаса, білім саласы оған дайын болуы шарт. Білім нысандарына күрделі және ағымды жөндеу жұмыстарын жүргізу, жаңа мектептер салу ісінде қалалық әкімдіктің атқарып отырған жұмысы көңіл көншітпейді. Біз халықтың мұң-мұқтажын тыңдайтын мемлекет құруға талпынып жүрміз. Ал қалаға қатысты тұрғындар тарапынан әлеуметтік желі арқылы 803 сұрақ түссе, соның 311-іне жауап берілмеген. «Jardem-109» жедел көмек желісі арқылы да келіп түскен сұрақтарға дер кезінде жауап берілмеген. Уақытында жауап қайтарылмайғандықтан, 595 сауалдың мерзімі өтіп кеткен, – деді Бердібек Машбекұлы. Жиында баяндама жасаған облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаев Тараз қаласының ирригациялық жүйесін дамыту бойынша қолға алған тірліктің өнбей отырғанын сөз етті. Қанша канал, қанша шақырым латок, қанша құбыр өткелдері бар екенін тізе отырып, ескі науаларды жаңасына ауыстыруда латоктың көше қиылыстарына жете бере тұйықталғаны, ағын су жолдың арғы бетіне өтуі үшін жасалған жол астындағы құбырдың аршылмай жатқаны, кейбірін талдың діңгегі бөгеп тұрғаны, құбыр өткелдері мен латок қиылысы бетондалмағаны секілді бірқатар кемшіліктерді атады. Мұндай кемшілік облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Аслан Оразбековтің жасаған баяндамасында да кездеті. Бұдан кейін сөз алған облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Гүлнар Ходжабергенова Тараз қаласында 60 білім ошағы бар екенін, онда 76 мың 926 оқушы білім алуы тиіс болса, оның 7326-сы кезекші топта оқып жатқанын сөз етті. Осы күнге дейін оқушыларға 7811 компьютер таратылып берілсе, әлі 2 469 жағдайы төмен отбасы компьютерді қажет етіп отырса керек. Десе де бұл мәселе қазан айында жеткізілетін 6 407 компьютер есебінен шешіледі екен. Жаңадан және қосымша құрылыс нысаны салынып жатқан 5 мектептің құрылысы жуық арада аяқталмайтын көрінеді. Егер жақын арада дәстүрлі оқытуға қайта көшсек, 4 мектептің оқушылары жақын маңдағы мектепке барып оқыса, бір мектептің оқушылары ол жерден қашықтау орналасқан келесі бір мектепке тасымалданатын көрінеді. Бұл жөнінде облыс әкімі ата-аналар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Бұдан кейін Тараз қаласының әкімі Айтқазы Қарабалаев Тараз қаласының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы есеп берді. Ағымдағы жылдың қаңтар-қыркүйек айларының қорытындысы бойынша барлық сала бойынша оң динамика қалыптасыпты. Тек Есепті кезеңде бөлшек сауда тауар айналымы 164 миллиард теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 98,5%-ды құраған. Басқосуда өңірдің бас шаһарының басшысы Тараз қаласында көше бойынша орнатуға арналған науаларды дайындайтын орындардың жоқтығына байланысты бұл жабдықтар Шымкент қаласынан жеткізіліп жатқанын, арықтар мен науаларды жаңғыртуға жасыл желектің де кедергі келтіріп жатқанын, кемшіліктер атап көрсетілгенде айғақ ретінде көрсетілген фотосуретер ескі екенін, кейбір латоктарды жаңғырту осыдан бір апта бұрын аяқталғанын сөз етті. – Бұған дейін қаланың ирригация жүйесін қамтамасыз ететін науалардың тозығы жетіп, су жүретін құбырлардың аузы бітелгенін де ескеру керек. Сол себепті, Тараз көшелерінде арық суының жүруі кей аудандарда тоқтап қалған. Осындай жағдай Т.Рысқұлов пен Қ.Тұрысов көшелерінің қиылысында да орын алған. Көше бойына науаларды орнату барысында ағаштарға зиян келтірмеуге назар аударылып жатыр. Арық бойындағы ағаштардың ретсіз егілуі қазір науаларды орналастыруға кедергі келтіріп тұр. Алайда, біз оларды кеспеу жолдарын қарастырып, кедергі боп тұрған талдарды айналып өту жолын қарастырудамыз, – деді Айтқазы Дәулетқұлұлы. Өз кезегінде Бердібек Машбекұлы тұрғын үй аулаларын жаңғыртуда мердігерлер балалар ойын алаңшасындағы әткеншек, сырғанақтарды жаңадан салмай, бұрынғы ескі-құсқы, қирап тұрған дүниелерді сырлап кеткенін де сынға алды. Осы мәселелерді ретке келтіру керектігін ескертті. Бұдан бөлек, жоғарыда аталған кемшіліктерге қатысты және азық-түлік бағасын қымбаттатпау, санитарлық тазалық талаптарының орындалуы секілді бірқатар мәселелер жөнінде жауаптыларға нақты тапсырма берді.   Нұрым СЫРҒАБАЕВ
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар