Саясат

Таяу Шығыс шиеленісі: Трамп саммитті тастап, елге оралды

The final spritzer

АҚШ Президенті Дональд Трамп Канадада өтіп жатқан «Үлкен жетілік» (G7) саммитіне қатысуын Таяу Шығыстағы ахуалға байланысты мерзімінен бұрын аяқтады. Бұл туралы Ақ үйдің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Президенттің баспасөз хатшысы Кэролайн Ливитт әлеуметтік желідегі жазбасында Трамптың саммит барысында Ұлыбритания Премьер-министрі Кир Стармермен ірі сауда келісіміне қол қойғанын атап өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Вашингтонда – шұғыл кеңес

CBS News агенттігі Трамппен бірге Мемлекеттік хатшы Марко Рубионың да Вашингтонға ұшатынын хабарлады. CNN-нің мәліметінше, Президент ұлттық қауіпсіздікке жауапты қызметкерлерге Ақ үйдегі Ситуациялық бөлмеде шұғыл жиын өткізуді тапсырған. Бұл – Президент пен әскерилер, арнайы қызмет өкілдері шұғыл шешім қабылдайтын арнайы байланыс құралдарымен жабдықталған стратегиялық орталық.

Жиынға дейін Трамп Truth Social парақшасында Иранның ядролық қаруға ие болуына жол берілмейтінін жазып, «Барша жұрт Тегераннан дереу эвакуациялануы керек» деп мәлімдеді.

Саммиттегі кездесулер мен келіссөздер

G7 саммиті аясында Трамп Германия канцлері Фридрих Мерцпен жеке кездесу өткізіп, Израиль мен Иран арасындағы қақтығысты тоқтату жолдарын талқылады. Екі ел көшбасшысы Иранның ядролық бағдарламасына біржола нүкте қою қажет деген ортақ пікірге келді.

17 маусым күні Трамптың Мексика Президенті Клаудия Шейнбаум мен Украина Президенті Владимир Зеленскиймен кездесуі жоспарланған еді. Бірақ ол келіссөздер кейінге қалуы мүмкін.

Франция Президенті Эммануэль Макрон бұл жағдайға қатысты пікір білдіріп, Трамптың шұғыл шешімін оң бағалады. Оның айтуынша, АҚШ басшысының бұл әрекеті Израиль мен Иран арасындағы қақтығысты тоқтатуға жол ашуы мүмкін.