Трамп ЕО тауарларына 50 пайыздық баж салығын енгізуді шілдеге дейін шегерді
- авторБақытжан Бекболат
- 26 мамыр, 2025
- 325

АҚШ президенті Дональд Трамп Еуроодақтан келетін тауарларға 50 пайыздық баж салығын енгізу туралы шешімді 9 шілдеге дейін кейінге қалдырды, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Бұл туралы Трамп 25 мамыр күні Нью-Джерси штатындағы Морристаунда журналистерге мәлімдеді. Ол Вашингтонға оралар жолда Еуропалық комиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйенмен телефон арқылы сөйлескенін айтты. Трамптың сөзінше, Урсула фон дер Ляйен келіссөздерге шынайы ниет танытқан.
"Мен бәріне айттым – енді нақты әрекет ететін уақыт келді", – деді ол.
Президенттің айтуынша, Еурокомиссия басшысы жақын күндері кездесу ұйымдастырып, келісімге келуге тырысатынын жеткізген.
Бұған дейін, 23 мамыр күні, Трамп ЕО-мен арадағы келіссөздердің баяу жүріп жатқанын айтып, Одақты "қиын әріптес" деп атаған. Ол 1 маусымнан бастап баж салығы енгізілетінін мәлімдеген еді. Алайда Урсула фон дер Ляйенмен болған әңгімеден кейін оның мәлімдемелері жұмсара түсті.
Өз кезегінде Еурокомиссия төрағасы ЕО мен АҚШ арасындағы сауда қарым-қатынасының әлемдегі ең маңызды әрі тығыз байланыстардың бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, Брюссель келіссөздерге белсенді түрде дайын, бірақ 9 шілдеге дейін уақыт қажет.