сәрсенбі, 2 сәуір, 2025 22:02

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Жамбылдық «AMANAT» фракциясы жасанды интеллект туралы заңды талқылады

Жамбылдық «AMANAT» фракциясы жасанды интеллект туралы заңды талқылады
Фото: Jambylinfo.kz
Жиында екі негізгі мәселе қаралды: жасанды интеллект туралы заң жобасы және депутаттардың сайлауалды уәделерінің орындалу барысы

Бүгін «AMANAT» партиясының Жамбыл облыстық мәслихатындағы депутаттық фракциясының кеңейтілген отырысы өтті, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Жиынға фракция жетекшісі, партия облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов төрағалық етті.

Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе – жасанды интеллект (ЖИ) туралы заң жобасын талқылау болды. Депутаттар технологияның қарқынды дамуы оның құқықтық реттелуін қажет ететінін атап өтті.

Үкіметтің мәліметінше, 2030 жылға қарай ЖИ қолдану әлемдік жалпы ішкі өнімді 14%-ға арттыруға мүмкіндік береді. Қазақстанда бұл технологияны мемлекеттік басқару, денсаулық сақтау, білім беру, ауыл шаруашылығы, көлік және логистика салаларына енгізу жоспарланып отыр.

Алайда, ЖИ-дің дамуымен бірге қауіп-қатерлер де қатар жүреді. Депутаттар атап өткендей, дербес деректердің қорғалмауы, алгоритмдердің әділетсіз шешім қабылдауы және жұмыссыздықтың өсу қаупі сияқты мәселелер реттеуді қажет етеді.

Фракция мүшелері бұл заң жобасының қажеттілігі мен оның ықтимал салдарларын жан-жақты талқылады. «Бай-Нұр» шаруа қожалығының жетекшісі, фракция мүшесі Айман Әшімова ауыл шаруашылығына ЖИ-ді енгізудің ықтимал әсерлері туралы сөз қозғады.

Сарысу аудандық орталық кітапханасының директоры Айтбала Жолмаханова мәдениет саласындағы өзгерістерге тоқталса, білім саласының өкілі Ерұлан Мағзымбеков ЖИ-дің білім жүйесіне ықпалын талдады.

Отырыс барысында фракция мүшелері сайлауалды бағдарламаның орындалуы және сайлаушыларға берілген уәделердің жүзеге асуы жөнінде есеп берді.

Айман Әшімова әлеуметтік желілерде белсенді жұмыс жүргізіп, депутаттық сауалдар жолдағанын атап өтті. Ол бекітілген Жол картасының тармақтарын орындау үшін партиялық рейдтер ұйымдастыру қажеттігін жеткізді.

Бақытжан Қалымбетов экологиялық мәселелер бойынша сауалдар жолдағанымен, әлеуметтік желідегі белсенділігінің төмендігін мойындады. Фракция жетекшісі одан бұл бағытта жұмысты күшейтуді сұрады.

Фракция жетекшісі Дауыл Бейсенқұлов депутаттардың белсенділігіне назар аударып, 2024 жылы өткен фракция отырыстарына қатыспаған депутаттарды атап өтті. Сонымен қатар, партия мүшелеріне әлеуметтік желілердегі белсенділігін арттырып, атқарылған жұмыстар туралы ақпараттарды тұрақты жариялауға шақырды.

Жиын соңында фракция мүшелеріне депутаттық рейтингтің тоқсандық бағалауы жүргізілетіндігі ескертіліп, тиісті есептерді уақытылы тапсыру керектігі айтылды.

Фракция отырысының қорытындысы бойынша, көтерілген мәселелер бойынша нақты ұсыныстар әзірленіп, алдағы уақытта оларды жүзеге асыру шаралары қабылданатыны айтылды.

jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар