«Алтыннан дәмелімін». Елдос Сметов Жақсылық Үшкемпіровтың үмітін ақтай ала ма
Спортшы ел абыройы үшін шаршамауға серт берді
Дзюдодан Рио де Жанейро Олимпиадасының күміс жүлдегері Елдос Сметов биыл Парижде алтын алғысы келетінін айтты, деп хабарлайды jambylinfo.kz.
Жастар арасындағы Әлем чемпионаты мен Азия чемпионатының жеңімпазы Елдос Сметовтың мойнында тек Олимпиаданың ғана алтыны жоқ. Жасындай жарқырап, Рио де Жанейро Олимпиадасында атой салғанымен, ақтық сайыста ресейлік спортшы Беслан Мудрановқа есе жібергені есімізде. Ал, 2021 жылы Токиода жапондық Наохиса Такатодан жеңіліп, қола жүлдені місе тұтқан. Жамбыл облысынан шыққан даңқты спортшы биыл Париж Олимпиадасына барады, бұл жолы Сметов алтыннан дәмелі. Бұл ойын ол Астана төрінде өтіп жатқан гранд-слэм турнирінде қола жүлде жеңіп, журналистерге сұқбат берген кезінде айтты. Елдос Сметов марқұм спорт саңылағы Жақсылық Үшкемпіровтың елордада 2015 жылы әлем чемпионы атанған шағында берген батасын еске алып, ел абыройы үшін намысқа тырысатынын жеткізді.