Аустралия ашық чемпионаты: Анна Данилина жеңісті жолды жалғастырды
Жекелей сында Қазақстаннан Елена Рыбакина, Юлия Путинцева және Александр Бублик жарыс жолын жалғастырып жатыр
Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 14-ракеткасы Анна Данилина Аустралия ашық чемпионатының екінші айналымына шықты, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.
Жарыстың 7-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші сербиялық Александра Круничпен бірге бастапқы кездесуін ресейлік Елена Приданкина — америкалық Куинн Глисонмен өткізді.
Бірінші партияда қазақстандық-сербиялық жұп 7:5 есебімен басымдылық танытты. Екіншісінде ресейлік-америкалық дуэт есе қайырды — 6:4.
Үшінші сетте Данилина — Крунич бет қаратпады — 6:0.
Екі сағат 21 минутқа созылған тартысты бәсекеде Данилина — Крунич 2 эйспен бірге 9 брейк-пойнттың жетеуін мүлтіксіз пайдаланды. Приданкина — Глисон 11 брейк-пойнттың төртеуін жүзеге асырды.
Анна Данилина — Александра Крунич үшінші айналымға шығу үшін аустралиялықтар Дарья Касаткина — Арина Родионовамен таласады.
Аустралия біріншілігінде жекелей сында Қазақстаннан Елена Рыбакина, Юлия Путинцева және Александр Бублик жарыс жолын жалғастырып жатыр. А.Данилина америкалық Джеймс Трейсимен бірге миксте де сынға түседі.