Қазақстан әйелдер құрамасы Billie Jean King Cup финалына үшінші рет жолдама алды
- авторБақытжан Бекболат
- 11 сәуір, 2025
- 150

Қазақстанның әйелдер теннис құрамасы тарихта үшінші рет Billie Jean King Cup жарысының финалдық кезеңіне жолдама алды, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Юрий Щукин баптайтын команда D тобының соңғы кездесуінде Колумбия құрамасын сенімді түрде 2:0 есебімен жеңіп, турнирдің келесі кезеңіне өтті. Алғашқы матчта Юлия Путинцева Валентина Ариасты 6:0, 6:1 есебімен ойсырата ұтты. Екінші кездесуде Елена Рыбакина өз шеберлігін тағы бір мәрте дәлелдеп, Юлиана Лисаразоны 6:1, 6:2 есебімен жеңіп, Қазақстанға шешуші ұпайды алып келді.
Бұған дейін қазақстандықтар Billie Jean King Cup турнирінде жеті мәрте жеңіске жеткен, "Үлкен дулыға" турнирінің иесі саналатын Австралия құрамасын жеңген болатын. Бұл — елдегі теннисті дамытудағы стратегиялық қадамдардың нәтижелі болғанын көрсетеді.
Финалдық кезең 16–21 қыркүйек аралығында Қытайдың Шэньчжэнь қаласында өтеді. Турнир уақыты Азия туры кезінде өтіп жатқандықтан, ойыншылар үшін ыңғайлы болмақ. Қытай (иесі), қазіргі чемпион Италия және Қазақстан финалға жолдама алып үлгерді. Қалған бес команда топтық кезеңдегі матчтардың нәтижесіне қарай анықталады.
Команданы қолдау үшін Қазақстан теннис федерациясының президенті Болат Өтемұратов Брисбенге арнайы барып, матчтан кейін бұл тарихи жеңіспен барша теннис жанкүйерлерін құттықтады.