Коронавирус кеселі әлемдегі ең айтулы спорттық додаларды кейінге шегергені белгілі. Олардың ішіндегі ең маңыздысы, әрине – Токио Олимпиадасы. Төртжылдық аламанда топ жаруды аңсаған спортшылар тағы бір жыл дайындалуға мүмкіндік алып отыр. Десе де «Токио Олимпиадасы тағы да кейінге қалдырылмайды ма?» деген сауал көптің көкейінде жүр. Және бәсі жоғары бәсекеге іріктеу жарыстары қашан басталмақ? Осы сауалдарға зер салып, зерделеп көрсек.
Халықаралық Олимпиада комитетінің вице-президенті Джон Коутстың айтуынша, Токио Олимпиадасы әлемдік пандемияға қарамастан биыл міндетті түрде өтеді екен. Ал Олимпиаданың алауы 2021 жылдың 23 шілдесі күні тұтанады деп күтілуде. Олимпиадаға екі жүз елден 11 мыңнан астам атлет қатысады деп болжануда. «Егер вакцина пайда болса, жақсы жаңалық болар еді. Дегенмен біз вакцинасыз ойын өткізе алмаймыз деп айтпаймыз. Себебі бұл міндетті емес», – дейді Джон Коут. Ал Токиодағы Олимпиаданы ұйымдастыру комитетінің басшысы Йоширо Мори егер дода 2021 жылы өткізілмесе, онда ол мүлдем өтпейтінін айтты. Мұндай шешімді түсіндіре отырып, ХОК президенті Томас Бах: «Ұйымдастыру комитетінің 3-5 мың адамнан тұратын штатын тұрақты ұстап отыра алмайсың. Жыл сайын әлемдегі барлық басты спорттық оқиғалардың күнтізбесін де түзетуге келмейді», – деді. Пандемияға дейін Олимпиада тек дүниежүзілік соғыстарға байланысты тоқтатылған, бірақ ешқашан кейінге қалдырылмаған. Ал ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру комитеті Олимпиада ойындарына жолдама ойналатын лицензиялық жарыстардың күні әзірге нақтыланбағанын айтады. «Қазіргі уақытта коронавирустың таралу жағдайына қарап спорт түрлерінен Халықаралық федерациялар жарыстардың күнтізбелік жоспарын пысықтауда. Аталған күнтізбе нақтыланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиада комитетімен, Спорт түрлерінен аккредиттелген спорттық федерациялармен, жаттықтырушылар кеңесімен бірге қаралып, отандық спортшылардың дайындық жоспарларына тиісті өзгерістер енгізіледі», – дейді комитеттегілер. Жалпы, бүгінге дейін Қазақстан спортшылары 17 спорт түрінен 42 лицензия жеңіп алған. Нақтырақ айтсақ, спортшылар жеңіл атлетикадан 3 лицензия (Георгий Шейко, Ольга Рыпакова, Айман Ратова), тасжолдағы велосипед спорты 4 лицензия, жүзуден 2 (Дмитрий Баландин), ашық суда жүзуден 1 (Виталий Худяков), садақ атудан 4 (Мұсаев Санжар, Ганкин Денис, Абдуллин Ильфат), спорттық құзға өрмелеуден 1 (Ришат Хайбуллин) үйлесімді жүзуден 1 (Александра және Екатерина Немич) грек-рим күресінен 2 (Мейрамбек Айнағұлов, Асхат Ділмұхамедов), әйелдер күресінен 2 (Валентина Исламова, Эльмира Сыздықова), еркін күрестен 4 (Нұрислам Санаев, Дәулет Ниязбеков, Данияр Қайсанов, Әлішер Ерғали), спорттық гимнастикадан 1 (Милад Карими), стенд атудан 1 (Рысбекова Сәрсенгүл), нысана көздеуден 1 (Юрков Юрий), қазіргі бессайыстан 2 (Потапенко Елена, Ильященко Павел), каратэ WKF-тан 1 (Дархан Асаділов), бокстан (ерлер) 8 лицензия (Сәкен Бибосынов, Теміржан Серік, Сафиуллин Зәкір, Жүсіпов Абылайхан, Аманқұл Әбілхан, Нұрдәулетов Бекзат, Левит Василий, Қамшыбек Қоңқабаев) және бұрымды былғары қолғап шеберлеріміз 1 лицензия (Рябец Надежда) ұтып алып отыр. Ал ҚР Бас мемлекеттік санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес, қазір ұлттық құрама командалардың дайындығын ұйымдастыруға қатысты барлық спорттық объектілер санитарлық-эпидемиялық талаптарды сақтай отырып жұмысын бастады. Сондай-ақ 2021 жылғы жазғы Олимпиада ойындарында медаль алған спортшылардың сыйақысы бұрынғыдай қалатын болды. Яғни халықаралық спорттық жарыстардың чемпиондары мен жүлдегерлеріне, жаттықтырушыларға және спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасы құрама командаларының мүшелеріне ақшалай көтермелеудің мөлшері өзгеріссіз қалды. Қысқы Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада ойындарында І орын алғандарға – 250 мың АҚШ доллары, ІІ орынға – 150 мың АҚШ доллары, ІІІ орынға – 75 мың АҚШ доллары, ІV орынға – 30 мың АҚШ доллары, V орынға – 10 мың АҚШ доллары және VІ алған спортшыларға – 5 мың АҚШ долларынан беріледі. Міне, осылайша төрткүл әлем көз тігіп отырған Токио Олимпиадасы биыл түндігін түретіні анық болып отыр. Ол үшін Халықаралық Олимпиада комитеті қазірден дайындықты бастауда. Еліміз де сақтық шараларын қатаң сақтай отырып, айтулы аламанға спортшылардың шеберлігін шыңдауды бастады. Бұдан бөлек биыл пандемиялық жағдай тұрақталатын болса, спорттың бірнеше түрінен Қазақстан чемпионаты (Қарағанды), әлем чемпионаты (Корея), «Азия-Еуропа» халықаралық жасөспірімдер турнирі, А.Булахов атындағы турнир (Ресей) Қазақстанның ашық командалық чемпионатының І туры (Қарағанды), Ресей командалық чемпионатының ІІІ туры, Ақпан Батыр атындағы халықаралық турнир (Шымкент) және «Наурыз» халықаралық турнирі (Павлодар) ұйымдастырылады деп күтілуде. Сондай-ақ «Гауһар лигасының», конькимен жүгіруден Азия біріншілігі және жүзуден Әлем кубогының бағдарламасы да пысықталуда. Бір сөзбен айтқанда, ағымдағы жылы спортсүйер қауым үшін тарту болар айтулы аламандар аз емес. Әйтеуір дуы басым бәсекелерде бағымыз жанып, ел абыройы асқақтасын деп тілейміз. Ең бастысы коронавирус кеселі «кісенделіп», аламандардың алауы тұтануына кедергісін келтірмесе игі.
Саян Тілеужан
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Коррида: Қызылкөз бұқа және матадор
Ұқсас жаңалықтар
Андрей Мартин «Ордабасы» футбол клубының бас бапкері қызметіне келді
- авторМағжан Орынбасар
- 22 желтоқсан, 2024
Футбол федерациясының жаңа президенті болып Марат Омаров сайланды
- авторМағжан Орынбасар
- 20 желтоқсан, 2024