Спорт

ҚФФ Какамен жасалған келісімшарттың аяқталғанын мәлімдеді

Бұл туралы Қазақстан футбол федерациясының баспасөз қызметі мәлімдеді

Қазақстан футбол федерациясы футзалдан ұлттық құраманың бас бапкері Пауло Рикардо Фигейро Силвамен (Кака) келісімшарт мерзімінің аяқталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Бразилиялық маман 2018 жылдан бері ел намысын қорғайтын команда тізгінін ұстап, отандық футзалдың дамуына сүбелі үлес қосты. Оның басшылығымен Қазақстан құрамасы ойын деңгейі мен ұйымдастыру мәдениеті тұрғысынан жаңа белеске көтеріліп, Еуропа мен әлемнің үздік құрамаларының қатарына қосылды.

Кака жаттықтырған жылдары ұлттық құраманың ең жарқын жетістіктерінің бірі – 2021 жылы Литвада өткен әлем чемпионатында жартылай финалға шығып, төртінші орын алуы болды. Бұл – қазақстандық футзал тарихындағы ең ірі табыс.

Сондай-ақ 2022 жылғы Еуропа чемпионатында команда плей-офф кезеңіне жолдама алып, әлем чемпионатының іріктеуін сенімді өтті. Өзбекстанда өткен додада да Қазақстан үздік сегіз құраманың қатарынан табылды.

Каканың жетекшілігімен Қазақстан құрамасы әлемдік рейтингте рекордтық көрсеткішке қол жеткізіп, халықаралық аренада мойындауға ие болды. Ол бірнеше мәрте «Жылдың үздік бапкері» атағына үміткер атанды.

Қазақстан футзалының өркендеуіне қосқан зор үлесі үшін Пауло Рикардо Кака Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан II дәрежелі «Достық» орденімен марапатталды.

Қазақстан футбол федерациясы Какаға көпжылдық еңбегі мен кәсібилігі, сондай-ақ өз ісіне деген адалдығы үшін алғыс білдірді.