Футбол федерациясының жаңа президенті болып Марат Омаров сайланды
Сала өкілдерінің басым бөлігі аталған тұлғаның кандидатурасын қолдаған
Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновтың қатысуымен Қазақстан футбол федерациясының ХХVІI кезектен тыс конференция отырысы өтті. Іс-шара барысында федерацияның жаңа президенті сайланды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Қазақстан футбол федерациясының президенттігіне кандидаттар ретінде «Алматы облысының футбол қауымдастығы» ЗТБ атынан Алтай Даумов, «Ақмола облыстық футбол қауымдастығы» ЗТБ атынан Ербол Қайыров және «Астана қаласы футбол федерациясы қауымдастығы» ЗТБ атынан Марат Омаров үміткер атанды.
ҚФФ Бас хатшысы Саян Хамитжанов жиынды ашып, күн тәртібіндегі мәселелерді атап өтті. Одан кейін президенттікке үміткерлерге сөз берілді. Отырыстың ресми бөлігі аяқталған соң облыстық футбол қауымдастығы заңды тұлғалар бірлестігінің, футбол ұйымдарының және футбол мектептерінің өкілдері жаңа президентті сайлау үшін дауыс берді. Нәтижесінде қатысушылар М.Омаровтың кандидатурасын қолдады.
Министр Ербол Мырзабосынов Марат Омаровты жаңа лауазымымен құттықтап, алдағы жұмысына сәттілік тіледі.
Айта кетейік, бүгінгі таңда бұл спорт түрімен 1 миллионнан астам адам тұрақты түрде айналысады. Оның ішінде ауылдық жерлерде 537 мың адам шұғылданады.