Ислам Сәтпаев нысана көздеуден Азия чемпионы атанды
Құрлықтық біріншілік 13 ақпанда аяқталады.
Қорғаныс министрлігі Спорт комитеті – Армия орталық спорт клубының әскери қызметшісі, спортшы-нұсқаушы лейтенант Ислам Сәтпаев Үндістан астанасы Нью-Дели қаласында өтіп жатқан Азия құрлықтық біріншілігінде нысана көздеуден чемпион атанды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Париж Олимпиадасының қола жүлдегері 50 метр қашықтықтан кіші калибрлі винтовкамен жатып нысана көздеу сайысында жеңіске жетті.
Қазақстан құрамасының тағы бір өкілі Никита Шахторин күміс медаль иеленді. Командалық жарыста Ислам Сәтпаев, Никита Шахторин және Константин Малиновский үздік нәтиже көрсетіп, алтын медальға қол жеткізді.
Жалпы Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы үш алтын және екі күміс медаль жеңіп, құрлықтағы ең мықты командалардың бірі екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Биылғы жарысқа 20 елден 320-дан астам спортшы, ал Қазақстан құрамасына 47 мерген қатысуда. Құрлықтық біріншілік 13 ақпанда аяқталады. Әскери спортшылардың жеңісі Қарулы күштердің отандық спортты дамыту және елдің халықаралық беделін нығайтудағы үлесін тағы бір рет көрсетті.