Ұлттық мектеп лигасы: Баскетболдан үздіктер анықталды

Елордада өтіп жатқан баскетболдан Ұлттық мектеп лигасының шешуші кезеңі мәресіне жетіп, тартысты дода өз жеңімпаздарын анықтады.
Жоғары деңгейде өткен бұл жарыс Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің қолдауымен ұйымдастырылды. Елдің түкпір-түкпірінен келген жас спортшылар ел намысын қорғап, шеберліктерін ортаға салды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Ақтық кезең — мыңдаған мектеп пен миллиондаған оқушыны біріктірген республикалық жобаның биік белесіне айналды.
Жарыс қорытындысы бойынша Түркістан облысындағы Далабазар мектебінің оқушылары жеңіс тұғырынан көрінді. Жамбыл облысының №24 мектеп-гимназиясы күміс жүлдені иеленсе, Астана қаласындағы №62 мектеп-лицейінің командасы қола жүлдеге қол жеткізді.
Марапаттау рәсіміне Қазақстан ҰОК-нің Бас хатшысы Әлімжан Ақаев қатысты.
Айта кетейік, 2025 жылы Ұлттық мектеп лигасы 23 маусымда атап өтілетін Халықаралық Олимпиада күніне арналған іс-шаралар аясында өтіп жатыр.