Спорт

"Шамам толық жетеді". Жәнібек Әлімханұлы "Канелоны" жеңу тактикасын әзірлеп қойған

"Шамам толық жетеді". Жәнібек Әлімханұлы "Канелоны" жеңу тактикасын әзірлеп қойған

Орта салмақтағы қазақстандық проспект Жәнібек Әлімханұлы (9-0, 5 КО) үлкен жекпе-жектерге дайын екенін мәлімдеді. "Мен чемпиондарға 100 пайыз дайынмын. Әркім өз деңгейін, өз шамасын жақсы біледі. Мен қазір кәсіпқой бокс мансабымның өте шыңдалған деңгейіндемін. Жасым 27-де. Құдайға шүкір, денсаулығым жақсы. Жарақат жоқ. Өз салмағымның кез-келген чемпионын ұруға, белбеулерін тартып алуға шамам толық жетеді.

Күніне 2 мезгіл, 6 сағат жаттығу залындамын. Әртүрлі спарринг қарсыластармен жұдырықтасып, мамандармен ақылдасып, мықтылармен кеңесіп дайындық жасап жүрмін. Жұма күні жекпе-жек өткіздім, дүйсенбі залға келіп жаттығуымды қайта бастадым. Маған демалу, қыдыру деген қызық емес. Менің бар ойым чемпиондық белбеу. Соған қол жеткізбейінше тоқтамаймын.

Канело? Оған қарсы менде ондаған айла-тәсіл бар. Шыңдап, дайындап қойғанмын. Чарло? Оның Деревянченкoмeн жұдырықтасуын көргендер оныншы раундта шаршап қалғанын да көрді. Андраде? Ашық бокстасады. Жақтарын ашық ұстайды. Қарсы соққыға оңай түседі. Мен жәй бір-екі мысал ғана келтіріп отырмын. Барлық чемпионға тактикалық тұрғыдан дайынбыз. Залда құр тер шығарып, энергиямды тауысып жүрген жоқпын. Күн сайын чемпиондарға дайындаламын", -  деп жазыпты спортшы Instagram желісінде. vesti.kz