сейсенбі, 24 желтоқсан, 2024 18:25

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

US Оpen мәреге жетті

US Оpen мәреге жетті
ашық дереккөзі
US Оpen мәреге жетті
Нью-Йоркте өткен АҚШ-тың ашық біріншілігі өз мәресіне жетті. Бұл жарыста Қазақстанның бес теннисшісі бақ сынады. Солардың арасында Юлия Путинцева ең үздік нәтижеге қол жеткізді. Бұл күндері әлемнің 35-ракеткасы атанып отырған жерлесіміз ширек финалға дейін жетіп, өз жанкүйерлерін бір қуантып тастады. Михаил Кукушкин үшінші кезеңде өнер көрсетсе, соңғы кездері айшықты өнерімен көзге түсіп жүрген Елена Рыбакина екінші айналымнан аса алмады. Ал Александр Бублик пен Зарина Диас өздерінің тұсаукесер кездесулерінде сүрінді.
Теннисшілер арасында «Үлкен ду­лыға» санатына жататын турнирлердің мәртебесі аса жоғары. АҚШ пен Аустра­лияның ашық біріншіліктері, Ролан Гаррос пен Уим­блдонда табысты өнер көрсету осы спорт түрін серік еткен әр ойыншының ар­маны. Сонымен қатар олардың жүлде қоры да өте қомақты. Ал ең бастысы, айтулы жа­рыстарда табыс­ты өнер көрсетсең, әлемдік рейтингтегі жағдайың да күрт жақ­сарады. Өткенге зер салсақ, «Үлкен дулыға» дода­ларында Қазақстанның санаулы ғана теннисшілері ауыз толтырып айтарлықтай табыстарға қол жеткізгенін анық аңғаруға болады. Мәселен, Ярослава Шведова (2010, 2012) мен Юлия Путинцева (2016, 2018) екі реттен Ролан Гарростың ши­рек финалына шықты. 2018 жылы Уим­бл­донда Шведова дәл сол межеге дейін жетті. Міне, бар табысымыз осымен ғана шектеледі. Күні кеше ғана аяқталған АҚШ-тың ашық біріншілігінде Путинцеваның жоғарыдағы нәтижені жақсартуына жақ­сы мүмкіндігі болды. Нью-Йорктегі жарыс­тың алғашқы айналымдарында аме­рикалық Робин Монтгомери, бело­руссиялық Вера Лапко мен Алек­сандра Сосновичті сан соқтырған жер­лесіміз төртінші кезеңде әлемнің 15 ракеткасы, хорватиялық Петра Мартичтен мерейі үстем болды. Сөйтіп Юлия алғаш рет US Оpen турнирдің ширек финалына жолдама алды. Ширек финалда Юлияның жолы аме­рикалық Дженнифер Брэдимен қиысты. Екеуі де 1995 жылы дүниеге келген. Осы межеден сүрінбей өткен жағдайда Пу­тин­цеваның есімі «Үлкен дулыға» сана­тындағы жарыстардың жартылай фи­налында өнер көрсеткен тұңғыш қазақ­стандық теннисші ретінде тарихта қалатын еді. Дәл солай болатынына біз де кәміл сендік. Себебі соған дейін АҚШ өкілімен екі мәрте шеберлік бай­қасқан отандасымыз екеуінде де басым түсті және де Дженнифердің бағын­дырған пәлендей белестері де жоқ. Кә­дімгі қатардағы көп ойыншыларының бірі. Қазіргі кезде WTA рейтингінде Брэ­ди Путинцевадан алты саты төмен тұр. Бірақ бұл жолы Юлияға тарихта із қалдыру бақыты бұйырмады. Қос құрбы арасындағы бәсеке америкалықтың пайдасына шешілді. Өзге ойыншыларымыз жайында айтсақ, тұсаукесер кездесуде Александр Бублик ұлыбританиялық Кайл Эдмунтен және Зарина Диас америкалық Бернарда Перадан ұтылды. Алғашқы айналымда украиналық Катарина Завацкаяның тас-талқанын шығарған Елена Рыбакина келесі ойында АҚШ-тың өкілі Шелби Роджерстен жеңілді. Оларға қарағанда Михаил Кукушкин біраз тәуір ойнады. Бас­тапқыда ол мажарстандық Атилла Балаж бен чилилік Кристьян Гариннен басым түсті. Алайда үшінші кезеңде аустралиялық Джордан Томпсонның осал тұсын таба алмады. АҚШ-тың ашық бірінші­лігінің жүлде қоры биыл 53 400 000 долларды құрады. Қазақстанның теннисшілері арасында ең үздік нәтижеге қол жеткізіп, ширек финалда өнер көрсеткен Юлия Путинцеваның есепшотына 425 000 доллар аударылды. Егер жерлесіміз жанкештілік танытып, тағы бір кездесуде жеңіске жеткенде 800 мың долларды «әмиянына» салатын еді. Бұл – жартылай финалға жеткен спортшыларға берілетін сыйақы мөлшері. Ал финалға шыққандары 1,2 миллионды еншілесе, жеңімпаз атанғандардың байлығы 3 миллион долларға артады. Сондай-ақ жарты жолда қалып қойғандар былай тұрсын, бастапқы бәсекелерде сүрінгендердің өздері АҚШ-тан құр қол қайт­пайды. Олар мынадай көлемде қар­жыға иелік етеді: бірінші кезең – 61 мың, екінші кезең – 100 мың, үшінші кезең – 163 мың және төртінші кезең – 250 мың доллар. Сонымен, 15 күнге созылған US Оpen тур­нирі өз мәресіне жетті. Бұл жарыс­та әйелдер арасында ақтық сында белорус­сия­лық Виктория Азеренко мен жапониялық Наоми Осака кездесті. Бұл бәсеке 1:6, 6:3, 6:3 есебімен Күншығыс елі өкілінің пайдасына шешілді. Бұл – оның АҚШ-тың ашық біріншілігіндегі екінші жеңісі. Осака осыдан екі жыл бұрын дәл осы турнирде топ жарды. Ал аса тартысты өткен ерлер сайысында аустриялық Доминик Тим германиялық Александр Зверевтен 2:6, 4:6, 6:4, 6:3, 7:6 есебімен айла­сын асырып, өзінің спорттық карьерасында тұңғыш рет «Үлкен дулыға» додасының жеңімпазы атанды.
egemen.kz
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар