«Қызыл қағаз» алмаған футболшылар
«Қызыл қағаз» алмаған футболшылар
Футболдан Испания Суперкубогының финалында Аргентинаның және Испанияның «Барселона» клубының шабуылшысы Лионель Месси «қызыл кәртішкемен» жазаланып, матчтың аяқталуына бір минут қалғанда алаңнан қуылды. Бұл – аргентиналық футболшының «Барселона» жейдесіндегі 753 ойында (осы ойындарда жалпы 61 360 минут уақыт алаңда ойнаған) алған тұңғыш «қызыл кәртішкесі». Дегенмен, бұл оның карьерасындағы алғаш рет алаңнан шеттетілуі емес. Бұған дейін Месси 2005 жылы Мажарстан құрамасымен өткен жолдастық ойында алаңға екінші таймда шығып, бірнеше минуттан кейін тәртіпсіздігіне байланысты кездесуді мерзімінен бұрын аяқтауға мәжбүр болған еді.
Бұл оқиғадан кейін жанкүйерлерде футбол әлемінде ең салмақты спортшы деген Мессидің өзі «қызыл кәртішкемен» жазаланған соң, тәртіпті футболшылар қалмаған шығар деген ой қылаң бергені рас. Өйткені аргентиналық саңлақты айтпағанның өзінде, жуырда ғана өмірден өткен әйгілі аяқдоп шебері Марадона, Мадридтің «Реал» клубында жасындай жарқылдаған Зидан, 1998-2015 жылдар аралығында «Ливерпуль» командасының «моторы» болған, жасыл алаңда өзін өте салқынқанды ұстайтын Стивен Джеррард, өз заманында «Уэльс сиқыршысы» деген мәртебелі атаққа ие болған Райан Гиггз, Португалия футболының және әлемнің қазіргі шоқжұлдызы Роналду, бразилиялық аяқдоп шебері Неймар және тағы басқа атақты футболшылар кемінде бір мәрте болсын «қызыл кәртішке» алған. Әйткенмен, жоғарыдағы футболшылар сияқты жұлдыз деңгейіне жетсе де, мүлде «қызыл кәртішке» алмай, бутсасын шегеге ілген де, әлі күнге дейін статистикасын бұзбай доп теуіп жүрген де ойыншылар бар екен.
Мәселен, тәртіпті футболшылардың көшін Франция футболы тарихындағы ең үздік шабуылшы және әлемнің тірі аңызына айналған Мишель Платини бастап тұр. Үш мәрте «Алтын доп» сыйлығын иеленген ол «Нант», «Сент-Этьен» және «Ювентус» клубтарының ардагері саналады. Платини 17 жылға жуық жасыл алаңда өнер көрсетсе де, төрешілер тарапынан бірде-бір мәрте «қызыл кәртішкеге» лайық деп танылмаған екен.
Мадридтің «Реал» клубының аңыз футболшысына айналған Рауль Гонсалес те алаңдағы тәртіпті ойынының арқасында тәп-тәуір жетістікке жеткен. Испания құрамасының экс-шабуылшысы УЕФА Чемпиондар лигасының үш дүркін жеңімпазы (1998, 2000, 2002), осы турнирдің екі финалында гол соққан алғашқы футболшы және Испанияның алты дүркін чемпионы атанған. «Реал», «Шальке-04», «Әл-Садд» және «Нью-Йорк Космос» командаларында 932 матч өткізіп, 388 гол соққан. Сонымен қатар Испания құрамасында 44 мәрте мергендігімен көзге түскен. Сөйтіп 17 жылдық мансабында бірде-бір рет алаңнан қуылмаған.
Ирландия футболының ең жарқын жұлдызы болған Дамьен Дафф 19 жыл кәсіби футболмен шұғылданған. «Челси» және басқа да клубтарда доп тепкен Дафф карьерасын Aустралияның «Мельбурн» командасында аяқтады. Жартылай қорғаушы тек клубтық деңгейде ғана емес, ұлттық құрамадағы ойындарда да ешқашан алаңнан қуылмаған. Клубтық деңгейдегі ойындарын айтпағанның өзінде, ол бір ғана ұлттық құрамада 100-ден аса матч өткізген. Қазіргі таңда Дафф Ирландия ұлттық құрамасының көмекші жаттықтырушы қызметін атқарады.
Әдетте ең көп «қызыл кәртішкені» қорғаушылар алатыны белгілі ғой. Бірақ тасқамал қорғаушылардың арасында да «қызыл кәртішкемен» жазаланбаған футболшылар бар екен. Соның бірі және бірегейі – германиялық Филипп Лам. Бундеслига ойындары өте тартысты өтетінін ескерсек, «қызыл кәртішке» алмау қорғаушы үшін оңай шаруа емес екені айтпаса да түсінікті. Германиялық клубтарда жалпы саны 765 ойын өткізген Лам 22 мәрте әртүрлі дәрежедегі кубоктарды басынан асыра көтерген. Оның ішінде әлем чемпионатының кубогы бар екені де кісі қуантады.
Жасыл алаңда нәтижелі ойын көрсетіп қана қоймай, осы күнге дейін бірде-бір рет «қызыл кәртішке» алмаған Карим Бензема биыл өзінің кәсіпқой футболдағы 17-маусымын, ал «Реалдағы» 12-маусымын өткізіп жатыр. Кейде дыз ете қалатын франциялық футболшы үшін 16 жыл бойы «қызыл кәртішке» алмау – шын мәнінде ғажап нәтиже. Бүгінге дейін оның еншісінде 700-ден аса ойын, әртүрлі деңгейдегі 28 жүлде бар. Бензема мен «Реал» арасындағы келісімшарт келесі жылдың жазында аяқталады. Шабуылшының өзі мансабын өзіне жақсы таныс «Лион» командасында аяқтағысы келетіні жиі айтылады.
World Soccer басылымының нұсқасы бойынша XX ғасырдың таңдаулы футболшыларының қатарына енген ағылшын футболының жұлдызы Гари Линекер де тәртіпті футболшылардың қатарында. Өз дәуірінде «Лестер», «Эвертон», «Барселона», «Тоттенхэм», «Нагоя Грампус» клубтарында және бірнеше жыл Англия құрамасында өнер көрсеткен Линекер барлығы 567 матч өткізіп, қарсылас қақпасын 281 мәрте дәл көздеген. Сондай-ақ әлем чемпионаттарындағы гол саны бойынша (10 гол) Англия құрамасының рекордшысы саналады.
Талай жыл «Барселона» клубы мен Испания құрамасын өрге сүйреген жасыл алаңның тағы бір сиқыршысы Андреас Иньеста бүгінге дейін 750 матч өткізсе де, ешқашан алаңнан қуылмаған. Үндемей жүріп көп іс тындыратын ол бүкіл әлемге ерекше талантымен ғана емес, тәртібімен де танымал. Есім-сойына Maestro атағын ілестіріп алған ол Испания құрамасымен бірге бір мәрте әлем чемпионатында, екі рет Еуропа чемпионатында топ жарды. Иньестаның ОАР-да өткен жаһандық біріншіліктің финалында соққан голы Испанияға 40 жылдан кейін әлем чемпионы атағын сыйлағанын білмейтін футбол жанкүйері кемде-кем шығар.
Келесі кейіпкеріміз – жасыл алаңдағы және одан тыс жерлердегі адалдығы мен қарапайымдылығы арқасында 1982 жылы Италия құрамасымен бірге әлем чемпионы атанған «Скуадра Адзурра» өкілі – Гаэтано Ширеа. Сол уақыттан бері ол Италия футболының джентльмені атанып кеткен. Ширеа 16 жылдық кәсіби мансабының 14 жылын «Ювентус» клубында өткізіп, УЕФА-ның барлық үш басты клубтық турнирінде жеңіске жеткен алғашқы ойыншы саналады. Мансабын аяқтағаннан кейін ол «Ювентус» клубында скаут қызметін атқарды. Өкінішке қарай, даңқты футболшы 1987 жылы Польшада жүріп жол апатынан қаза тапты.
Даниялық футболшы Микаел Лаудроп әр жылдары Испания, Дания, Жапония, Италия және Нидерланд чемпионаттарында доп тепкен. Сонымен қатар 16 жасынан бастап Дания ұлттық құрамасына шақырту алған. Еуропа чемпионы атанған Микаел Дания құрамасының жейдесін киіп, 104 мәрте жасыл алаңға шыққан. Кейіннен жаттықтырушы қызметін атқарған ол футболшы кезінде 656 ойынға қатысып, бірде-бір рет төрешіні «қызыл кәртішке» көрсетуге мәжбүрлемепті.