Сұхбат

«Ғұлама ғибраты – жастарға аманат»

«Ғұлама ғибраты – жастарға аманат»

Қазақтың рухани құбыласына, өнегелі шұғыласына, парасат тұғырына, ақыл-ой тұнығына айналған асқар алып Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы ел шежіресіндегі ең елеулі сәт. Бұл қасиетті қазақ әдебиеті мен руханиятының мерекесі. Абайдың қазағы бұл күнді айрықша атап өтті. Осы ретте өңірде кемеңгердің кейпін сомдап, қашанда қара жерден биік тұратын сахнада ақынның өсиетін өскелең ұрпаққа айшықты жеткізіп жүрген белгілі сахна шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Асқарбек Сейілханмен сәті түскен сұхбат барысында әңгіме өрбіткен едік.– Асқарбек аға, Абай – қаншама уақыт бойы ұлтқа ұстаздық етіп келе жатқан алып. Өз салаңыз бойынша қазір сіз де жастарға ұстаздық етіп жүрсіз. Өз шәкірттеріңізді Абай әлеміне қаншалықты жетелеп, жеткізе алдыңыз? Олардың арасында да алдағы уақытта Сіз секілді Абайдың образын өз қатарластарына шынайы көрсете алатын жастар бар ма?

  Бар. Қазір студенттерге Иран Ғайыптың «Мен ішпеген у бар ма?» атты драмасын дайындатып жатырмын. Осы драма бүгінгі таңда көрермен жоғары бағасын беріп, жалпы театр мамандарының дұрыс қабылдап жүрген туындысы. Соны қысқартылған нұсқада студенттік аудиторияға бейімдеп, дайындап қойғанбыз. Алла жазса биыл жыл аяғына дейін Абай жылы, қойылымда өзім Абайдың болмысын, спектакльдерді ойнаған кездегі бастан кешірген күйді, ұлы ғұламаның ұғым-түсінігін осылай жас буынға, студенттерге тәжірибе жүзінде жеткізгім келді. Кейіпкерлерді  М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде өзім актерлік шеберлік, режиссурадан сабақ беріп жүрген «Мәдениет және өнер» кафедрасының студенттері сомдайды. Бұл жыл басынан бері әзірленіп жатқан қойылым. Үлкен іріктеулер жасалды. Әуен-саздарын таңдадық, үйлестірдік. Қойылым Абайдың атқа мініп, азамат болып, әкесі Құнанбай мен екеуінің ортасындағы көзқарас, дүниетанымдарының сәйкеспей қалу кезінен басталады. Драма желісі Құнанбайға Абай ең бірінші келген кезінде «Сен жайдақ су сияқтысың, ол суды ит те, құс та, аң да ішеді, кім көрінген аузын батырады. Жайдақ суда қасиет болмайды» деген диалогтан өрбиді.  Содан Абайдың ең соңғы демі таусылғанға дейінгі аралықты қамтиды. Онда хакімнің кемелденуі, қалыптасу кезеңдері, ел өміріне араласуы, болыс болуы, соның барлығы  көрсетілетін болады. Қазір біз соны барынша шынайы әрі шебер сахналауға әрекет етіп жатырмыз. Бұл менің актер, ел азаматы ретінде Абайды танығаным, оқығаным, тоқығанымды шәкірттерім арқылы халыққа жеткізсем деген  басты мақсатым. Рұқсат берілсе жоспар бойынша қазан айының аяғында қарашаның басында сахналайтын боламыз. Мыңмен жалғыз алысқан Абайдың рөлін сомдау жастар үшін қиынға соғып жатқан жоқ па және неліктен осы шығарманы таңдадыңыздар? Жастар қазір батыр ғой. Бойларында жастық жігер, қайрат, максимализм тұнып тұр. Мәселен биылғы Абай жылы тек жастардың ғана емес, жалпы қоғамдағы кез келген адамның бойында Абайға деген махаббатты молайтып, ұлылығына қарай ұлттың ұмтылысын ұлғайтты деп айта аламын. Әлемді әбігерге салған пандемия килікпегенде биыл Семейде Абай фестивалі өтуі керек болатын. Бұл фестиваль де еліміздің әр аумағынан оншақты театр өнер көрсетеді деп жоспарланған еді. Біз де Абай туралы қойылымдарды алып баратын едік. Жалпы қырқыншы жылдары жазылған Мұхтар Әуезовтың шығармасы инсценировка түрінде өмірге келген туынды. Сол Абай драмасынан кейін біраз уақытқа дейін хакім туралы ешқандай шығармалар қойылған жоқ.  Кейінірек Абайдың 150 жылдығында көптеген сахналық туындылар жазылды. Бірақ соның ішінде шоқтығы биігі осы Иран Ғайыптың «Мен ішпеген у бар ма?» драмасы болды. Қазіргі қазақ сахнасында жүрген де осы М.Әуезов пен И. Ғайыптың «Абайы». Сондықтан таңдауымыз осыған түсті. Ал бұл ретте «Абай күні» мерекесі хакімді бұрынғыдан да таныту, бүкіл болмысын ашу, «Толық адам» ілімін елге насихаттаудың салмағын арттыра түсті. Абай өз дәуірінің ғана емес, біздің де замандасымыз. Сыбайлас жемқорлықпен де арпалысып жатқан – Абай. Пандемиямен де күресіп жатқан – Абай. Биліктегі қарама қайшылықтарға, әділетсіздіктерге қасқайып қарсы тұрған да – Абай.  Бар болғаны 170-тен аса өлең, 2 поэма, 45 қара сөзінде Абай осының барлығын қамтып кеткен. Абай шығармалары қазақ халқының рухани тұжырымдамасы.  «Абайтану» деген пән мектептерге енгізілсе, «Абай күні» аталып өтіп жатса, одан расында ұтарымыз көп. Ақ пен қара арпалысы, махаббат пен ғадауат майданы, әділетсіздік, парақорлық тұрғысында хакімнің айтқандары бала күннен баршамызға таныс. Ал өзіңіз әлгінде айтып өткендей, пандемиямен күреске Абайдың қандай қатысы бар, тарқатып айтсаңыз? 1890 жылдары қазақ даласында оның ішінде Семейде оба ауруы тараған. Сонда обаның ортасында болғандар көпшілік жерге жиналмаңдар, құдай тамақ жасамаңдар, өлік шыққан жерге жоламаңдар дегенді Абайдың аузымен айтқызып, халықты аман сақтап қалған. Семейдің көптеген мешіттерінде Абайдың сондай ескерту сөздері жазылған. Абай сол індеттен сақтану жайлы насихат айтып, тоқтау салған. Бүгін де бізге Абайдың сондай өсиеті қажет. Қазір де әрбір өңірде елімізді індеттен, басқа да қауіптен арашалайтын Абай секілді тұлға қажет. Мәселе сонда, бізде сол дәрежеге жететін ақсақалдарымыз бар ма? Соған жете аламыз ба? Елді тоқтату үшін, халықтың көзін жеткізе білетін, ұғындыратын ақыл, ой, тіл керек. Ал ондай қасиет Абайда бар-тұғын. Абайдың киесі әлі де бар, себебі ол мәңгілік кие. Ақынның образын сомдап жүріп, қазіргі қоғамға Абайдың көзқарасымен қараған сәттеріңіз аз болмаған шығар. Сондай сәтте нендей күй кештіңіз? Абайдың: Заман ақыр жастары, Қосылмас ешбір бастары. Біріне бірі қастыққа, Қойнына тыққан тастары. ...Күлмеңдеп келер көздері, Қалжыңбас келер өздері. Кекектеп секек етем деп, Шошқа туар сөздері, деген керемет өлеңі бар. Міне, Абай біздің бүгінгі қоғамды көріп отыр. Мұны неге айтып отырмын, күні кеше ғана облысты дүр сілкіндірген «Шөлдаладағы» бірге оқып, бәрі бірге ойнап-күліп жүріп, қойындарына пышақ салып алып, жасөспірімді өзінің қатарластары өлтіріп тынды. Ал сол неден шықты? Абайдың «қойнына тыққан тастары» дегені сол. «Шошқа туар сөздері» дегені бір бала  екіншісінің қарындасына ауыр сөз айтып қойған. Бар мәселе осыдан шығып отыр. Намысына тиді. Ақылды бала болса қыздың намысына неге тиеді? Ол баланың да анасы, әпкесі, қарындасы бар. Сол жаман сөз айтылмаса ана бала аман қалар еді. Абайдың бір-ақ өлеңінде бүкіл біздің қоғамымыздың трагедиясы, заманымыздың қасіреті, нәубеті, адам тәрбиесі, ұрпақтың бетімен кеткендігі бәрі көрініп тұр. Ал барлық өлеңі, 45 қара сөзінде адамзатқа қажеттінің бәрі бар. Мен Абай арқылы қоғамға осыны айтқым келеді. Ей, ағайын, қайда барасың деген жанайқай бұл. Біз Абайдың өлеңіндегі бір ғана сөзді әлі күнге дейін шеше алмай келе жатырмыз. Біреу «Махаббатсыз дүние бос» десе бірі «Махаббатсыз дүние дос» деп дауласады. Осыған қазір бүкіл ғалымдарымыз бас қатырып отыр. Сондағы бар мәселе  бос пен дос деген сөзде. Екеуі де келіп тұр. «Махаббатсыз дүние бос», яғни махаббатың болмаса, Отанға, анаға, елге деген махаббатсыз дүние қараң қалады. Ал «Махаббатсыз дүние дос» десек, махаббат болмаса дүниең дос болып кетеді. Дүниеқоңызға айналып кетесің дегенге саяды. Абай әр сөзін сондай терең философиялық тұжырыммен жазды. Бұл әлі талай адамзат баласының, талай ұрпақтың басын қатырады. Абайдың кемеңгерлігі де, алыптығы да осында деп ойлаймын. Абай бар қазақтың рухани жанашыры, сырласы. Ал барлығымыз Абаймен сырласпыз деп тағы айта алмаймыз. Хакімнің мұрасы – Сіз бен бізге аманат. Сол аманатқа адалдықты қалай дәлелдей аламыз? Еліміздің театр сахнасында Абай образы сонау 1945 жылы хакімнің 100 жылдығына орай алғаш рет көрерменге жол тартқан болатын. Оған қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби режиссер Асқар Тоқпановтың қосқан үлесі мол. Содан бері хәкімнің рөлін қаншама талантты азаматтар сомдап шықты. Қазір «Jambyl» телеарнасының Абай туралы арнайы жобасында көрермендер алдында монологтарын орындаудамын. Телеарна ұжымының маған осындай сенім білдіргеніне алғыс айтамын. Бұрын Лениннің рөлін ойнау кеңестік кезең актерлерінің бақыты болса, қазір шүкір Абайды сомдау әрбір талантты әртістің арманына айналды. Осылайша біз кейінгі буынды Абаймен қауыштыра аламыз. Солай ету бізге ауадай қажет. Себебі атап өткенімдей хакім өз заманында көзін шұқып тұрып, қамшылап айтқан сыни сөздерінің барлығы қазір XXI ғасырға да тән. Біз Абай арқылы ғана елді, адамзатты шынайы сүюді үйренеміз. Абай арқылы ғана біз ұлттық кодымызды, рухани қазығымызды сол қалпы сақтап қала аламыз. Сондықтан өскелең ұрпақты да Абай арқылы тәрбиелеуіміз қажет. Абай бізді бала күнімізден адамгершілікке, еңбекке, адалдыққа, білімге жетелеп келе жатыр. Балалық шақтан қасымызда жүр. Қазір еліміздің әр өңірінде оқу орындары, көшелер, елдімекендер Абайдың атымен аталады. Бірақ біз Абайдың «Жүрегімнің түбіне терең бойла, мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла» деп өзі айтқан тереңдігін әлі бойлай алмай келе жатырмыз. Көпшілік Абайдың атын біледі, затын білмейді. Сондықтан келешек ұрпақ Абай әлемінде жетіліп, Абаймен сырласып, Абаймен ажырамас дос болып өссе деп армандаймын. Сонда ел келешегінің кемел, болашағының жарқын боларына ешқандай күмән болмас еді. Талабы таудай жастарымыз Абай мұрасына, өсиет-өнегесіне, аманатына адал болады деп сенемін! Әңгімеңізге рақмет. Сұхбаттасқан Нұржан Қадырәлі  

Сұхбаттасқан     Нұржан ҚАДІРӘЛІ