Тарих-таным

Аймантөбе ақиқаты

Аймантөбе ақиқаты

Ұшқан құстың қанаты, жортқан аңның аяғы талатын кең байтақ жеріміздің тауы мен тасына қолың тисе тарихтан сыр шертеді. Әсіресе қойнына құпиясын бүгіп жатқан төбелер қаншама десеңізші. Жері шұрайлы, сулы да нулы Байзақ жеріндегі Шөлтөбе, Рсымбет,  төбелердің тарихы өз алдына бір әңгіме.

Дихан ауылдық округіне Дихан, Аймантөбе және Жеңіс ауылдары кіреді. Ауылдың батысында Аймантөбе деп аталатын тарихи қорым бар. Ол атаудың шығу тарихы туралы көнекөз қариялардың айтуынша, осы жерден өтіп бара жатқан көштегі бір байдың сұлу да ақылды, көріпкелдігі бар қызы науқастан қайтыс болып, осы төбеге жерленеді. Қыздың есімі Айман болғандықтан бұл төбе «Аймантөбе» аталып кеткен екен.

Бір қарағанда кәдімгі төбе. Зер салып қарайтын болсаң, төбе қойнына  бір сырды бүгіп жатқан секілді. Ата-баба мұраларынан сыр шертетін, олардың қалдырған өнегесін кейінгі ұрпаққа танытар – тарихи-мәдени ескерткіштер, төбелер десек, қателеспейміз.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының «Туған жер» бағдарламасында: «Туған жердің әрбір тасы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір  жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуі тиіс» делінген болатын.

Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы Мемлекеттік ономастика комиссиясының 1997 жылғы 6 ақпандағы ұйғарымымен ауыл «Аймантөбе» болып қайта аталды. Айтулы ауылдан даңқты қызылша өсірушілер Берікқара Саурықов, Сәмен Өтепбергенов,  Жақсымбет Өтепбергенов сынды тұлғалар шыққан.

Жамбыл облысы бойынша қант қызылшасын алғаш рет егіп, оның тұсауын кескен, адал еңбегімен «Стахан шал» атанған даңқты стахановшы Берікқара Саурықов 1936 жылы звеносына бекітілген қант қызылшасының әр гектарынан 1 000 центнерден өнім жинап, ерен еңбегі үшін Мәскеудегі Бүкілодақтық халық шаруашылығы көрмесіне қатысып, күміс медальмен марапатталған екен. Көрме комитетінің шешімімен жаңадан шыққан бір жарым тонналық жүк автомашинасын сыйлыққа алған.

Техникалық дақылды өсірудің ерен үлгісін көрсеткен Берікқара атамыздың озық тәжірибесі республика бойынша насихатталып, тәжірибе алмасуға украиндық белгілі Мария Демченко, Талдықорған облысының қызылшашылары да келгені, Қазақстан Компартиясының сол кездегі бірінші хатшысы Левон Исаевич Мирзоян да Аймантөбе ауылында болып, стахановшы қарияның баптаған қызылшасын таразыға тартқанда тура 16 келі шыққандығы туралы марқұм Жапар Дидарбековтің «Өркені өскелең Байзақ өңірі» кітабында жан-жақты жазылған. Аталған кітапта 1936 жылы қант қызылшасынан гектарына 1 410 центнерден өнім алып, әлемдік рекорд жасаған звено жетекшісі Сәмен Өтепбергенов пен 1937 жылы 12 желтоқсанда өткізілген ең алғашқы сайлауда КСРО Жоғарғы Кеңесінің Одақ кеңесіне 24 жасында депутат болып сайланған Жақсымбет Өтепбергеновтің елге сіңірген еңбектері баяндалған.

Тарихты тұлғалар жасайды демекші, Аймантөбе ауылын шар­та­рап­қа танытқан аталары­мыз­дың ізбасарлары, бүгінгі ұрпақтың өкілдері Керімжан Дидарбеков, Аян Лесбекұлы сынды жігіттер де туған ауылын көркейтуге үлестерін қосуда. Қос азаматтың бастамасымен, ауыл тұрғындарының демеушілігімен еңселі мешіт бой көтеріп, бүгінде ел игілігіне қызмет етуде. Кәсіпкер Аян Лесбекұлының демеушілігімен бокс мектебі іске қосылып, жасөспірім­дер спорттың осы түрімен шұғыл­дану­да.

«Еңбек ер атандырады». Қара­пайым еңбектің мәртебесін биіктеткен Берікқара Саурықов, Сәмен және Жақсымбет Өтепбергенов­тердің көзі кетсе де, олардың еткен еңбегі, өнегелі ғұмыры ел есінде сақтала бермек.

Гүлжан РУСЛАНҚЫЗЫ,

Байзақ ауданы