Тарих-таным

Қазақстандық партизандардың ерлігі

Қазақстандық партизандардың ерлігі

Неміс-фашист басқыншыларына қарсы Кеңес халқының қаhармандық күресі тек майдан даласында ғана емес, жау тылында да жүріп жатты. Жауынгерлермен қатар партизандардың да қосқан ерлігі ерен.

Аса ірі партизан құрамалары Ук­раина­­­да, Белоруссияда, Ресей жерінде, тіпті Еуропа елдерінде басқыншыларға қар­сы кескілескен ұрыс жүргізілді. Жау тылында партизан отрядтарының құ­рылуы әскерге баға жетпес көмек көр­сетті. Олар жасырын жүріп, оз­быр ойлы басқыншылардың үрейін ұшырып, табаны тиген жер­ле­рінде, оларға қарсы ажал төніп тұр­ды. Жаудың жолына тоқсауылдар қойып, фашистердің ең мықты деген әс­кер­лерінің мыңдаған солдатта­ры мен офи­церлерінің көзін жойды,­ жау эшелонын күйретті, темір жол және тас жол бой­ларындағы стратегиялық маңызы бар көпірлерді қиратты, жарылғыш зат­тармен күлін көкке ұшырып, істен шы­ғарып тастады. Фашистердің көп­теген жоспарлы операцияларын үлкен шығынға ұшыратты. Жергілікті бейбіт халықтың жақындарын жұбатты,  қор­ға­ды, қаhармандық пен ерлік­тің, табан­ды­лықтың асқан үлгісін көрсетті. Жау ба­сып алған аудандардың халықтары пар­тизандардан  күш-қуат алып отырды.

Партизандардың ішінде көптеген қаhар­­ман қазақстандық қыздар мен жігіттер болды.Тек Белоруссияның 65 партизан құрамасында 1500-ден ас­там қазақстандық, Ленинград және Смоленск облыстарында 500-дей, ал Ук­раинаның территориясында  партизан отрядтары мен құрамаларына  елдің 62 ұлтының өкілдері қатысқан. Оның 1500-і қазақ партизаны болды. Аласапыран соғыста қар төсеніп,мұз жас­танған, батырлық пен ерліктің ерен үлгісін көрсеткен, кейбір қазақ­стандық партизан батыр аталарымыз­ды атап өтейін, олар: Қасым Қай­се­нов,Тоқтағали Жангелдин, Ғалым Ахмедияров, Үсенбай Тастанбеков, Әбдіғали Төлегенов, Қабыш Ахметов, Әлімбай Тілеулин, Жұмағали Саин т.б. сынды батыр аталарымыз баға жет­пес ерліктің асқан үлгісін көрсетті.

Партизан қозғалысына белсене қаты­сушы Әди Шәріпов өзінің ес­телігінде былай деп жазады. «Біз қа­сықтай қанымыз қалғанша Отан-ананың алдында сүттей таза, әскери антқа берік болуға серт бердік. Біз Бе­­лоруссияның орман-тоғайы, орыс­тың кең жазық даласында қан кешкен ұрыстарда жүрсек те туып-өс­кен Қазақстанымызды, сүйікті Ота­нымызды қорғайтынымызды жақсы біл­дік»,  деп ортақ тудың төңірегіне топ­тасып, жауынгерлік қаруды берік ұстады.

Партизандар өлімнің аузына мың рет барып, мың рет ажалдың бетіне тура қараған. Соғыстың ең қызу сұрапыл 1941-1943 жылдарында,  бет қаратпайтын боран, сақылдаған са­ры аяздарда үсіп, жаурап, ауыр жо­рықтан азап шеккен. Ұйқысыз түндер. Азық-түлік жоқ. Жылы киім де жоқ. Жылынуға отты да жағуға болмайды. Отты жақсаң, жауға өзіңді-өзің ұс­тап бергенің. Сақылдаған сары аязды күндердің қараңғы түндері, парти­зандарды жау көзінен тасалайды.  Пар­тизандар сол қараңғы түндерді пай­даланып, тынығып алған. Ал не­містер қараңғы түндерде партизандардан өлердей қорықты. Олар үне­мі қыл үстінде жүретіндіктен, көп тыныға алмайтын, өйткені ми­нут, секунд сайын қауіп-қатер күтіп, ажал қай жағымнан келіп қалар екен деп елеңдеп күтіп отырған. Оларға ба­рынша сақ болу керек болды. «Не­містерді еш уақытта ізге түсірмеу» –бұл партизандардың бұлжымас заңы болып саналды. Осындай қиын қыстау кезеңдерде партизандардың  ажалдан аман қалуының жеңілмес күші-жергілікті халыққа арқа сүйеуінде. Де­ревнялардағы халықпен жасырын байланысып отырған. Адамдар жа­сырын түрде күн сайын тамақ, тө­сеніш шөп, жылы киімдер тасып отыр­­ды. Егер немістер біліп қалса, жан түршігерлік ауыр азап шеккізіп, үй іштерімен қырып тастайтындарын біле тұра,  халық өз өмірін құрбан етсе де пар­тизандарға көмек беруге әзір тұ­ратын.

Партизандар күресінің әрбір күні аса қатал сын болды, қаhармандық де­ген олар үшін ауа мен судай қажет болды. Оларды көзсіз ерлікке, жүрек­теріндегі Отанға деген ой-санасы ұм­тылдырып отырды. Отанның бос­тандығы мен тәуелсіздігі үшін жүр­гізілген бұл қозғалыс бүкіл халықтық және интернационалдық сипат алды.

«Біз ерліктің мектебінен тәлім ал­дық. Қобыланды, Тарғын сияқты бабаларымыздан ерлікті үйрендік. Біз Исатай мен Махамбеттің Амангелді мен Абайдың хал­қының балаларымыз. Біздің қылышымыз немістің қанымен суарылуы керек, серт осы болсын» деп серт алысқан қазақстандық партизандар осынау арпалысқан ауыр жылдарда өздерін мәңгі өшпес даңққа бөледі. Олар мәңгілік ел жадында.

egemen.kz