сенбі, 23 қараша, 2024 5:12

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Бүгін қазақтың батыры Рақымжан Қошқарбаевтың туған күні

Бүгін қазақтың батыры Рақымжан Қошқарбаевтың туған күні
ашық дереккөзі
Бүгін қазақтың батыры Рақымжан Қошқарбаевтың туған күні
Берлиндегі Рейхстагқа жеңіс туын тіккен қазақтың ержүрек азаматы, «Халық Қаһарманы» Рақымжан Қошқарбаевтың (1924-1988 жж.) ерлігі ұрпақтан-ұрпаққа аңыз болып таралды.  Ол 1924 жылы 19 қазанда Ақмола облысы Тайтөбе ауылының маңындағы қыстақта дүниеге келген. Оған ананың мейірімі мен жылы алақанын, әкенің қамқорлығын сезіну бұйырмады: 4 жасында анасы дүниеден өтті, ал әкесі болса, жалған саяси жаламен сотталып, ГУЛАГ лагерьлеріне жіберілді. Рақымжан Тайтөбе балалар үйінде тәрбиеленді. 7 жылдық мектепті бітірген соң, осы арадан Балқаш қаласындағы фабрика-зауыт училищесіне жіберілді. Өзінің өмірі туралы Қошқарбаев өзі жазған "Штурм" атты кітабында жан-жақты баяндады.  1942 жылы 18 жасында әскер қатарына келді. Көкшетаулық полктегі әскери қызметтің жағдайы аса ауыр болды, қала мұндай ірі әскери бөлімді орналастыруға дайын емес еді, казармаға, асханаға, сабақ өткізуге, штабқа және басқа да әскери ұйымдар мен әскери қызметкерлерге арналған үйлер болмады.  1943 жылдың жазында біздің полктен офицерлік училищеде оқытуға сержанттардың бір тобы іріктеліп алынды. Рақымжан осы топқа ілігіп, Ресейдің Тамбов қаласынан қоныс аударды. Кейін Фрунзе қаласына орналасқан офицерлік училищеге келеді. Рақымжан училищенің қоғамдық өміріне белсене араласты және партия мүшелігіне кандидат болып қабылданды.  Училищені 1944 жылдың қазан айында тәмамдаған оған кіші лейтенант шені берілді. Р.Қошқарбаев бірінші Беларусь майданының 3-ші пәрменді армиясына 1944 жылғы қараша айының ортасында жетті. Ол I Беларусь майданындағы 150-Идрицк атқыштар дивизиясы құрамында взвод басқарып, Польша және Германия жерлеріндегі ұрыстарға қатысты. Соғыстан кейінгі жылдары Эльба бойындағы кеңестік оккупациялық әскер бөлімде қызмет атқарды.  1947-1967 ж. Ақмола облыстық атқару комитетінде нұсқаушы, Қазақ КСР Министрлер кеңесі жанындағы қоныс аударушылар жөніндегі бас басқармада инспектор,1967 жылдан "Алматы" қонақ үйінің директоры болды.  Рақымжанның майдандағы соғыстарға қатысуы мерзімді баспасөзде және көркем әдебиетте жан-жақты жазылды. Берлиннің өзінде болған соғыстарда ол өзінің взводымен ең алдыңғы шептерде болды, Шпрееге - соңғы сулы бөгетке және Король алаңына - "Гитлердің үйіне" бірінші болып жетті. Одер өзенінен өтудегі қанды шайқастан кейін оны партия мүшелігіне қабылдады. Ал партия билеті аса маңызды бекіністі және саяси маңызды мақсатқа жетудің мадақтау белгісі ретінде "Гитлердің үйінде" табыс етілді. Осы "Гитлердің үйінде" барлау взводының командирі, лейтенант Қошқарбаевқа Рейхстагқа Қызыл Туды тігу туралы тарихи жауынгерлік бұйрық берілді. Жалауды оған батальон командирі Давыдов және саяси жетекші Васильченко табыс етті. "Гитлер үйі" мен Рейхстагқа дейін ара қашықтық 360 метр ғана, бірақ ол жан-жағынан оқ жауған ашық алаңда еді. Лейтенант Қошқарбаев өзінің солдаттарымен толассыз атылған оқтың астынан жерге жабыса 7 сағат бойы еңбектеп өтті. Межелеген орынға ол Григорий Булатов деген солдатпен бірге жетіп, бұйрықты орындап, Рейхстагтың фронтанына туды тікті. Бұл оқиға сәуірдің 30-ы күні 18 сағат 30 минутта болған еді. Тарихи оқиға жайындағы бұл хабар бүкіл әскери бөлімдерді шарлады. Бұл ерлігі үшін Р.Қошқарбаевқа жауынгерлік "Қызыл Ту" ордені берілді, сондай-ақ ол "І дәрежелі Отан соғысы" орденімен, "Берлинді алғаны үшін", "Варшаваны азат еткені үшін" медальдарымен марапатталды. Ел есінде қалған ер 1988 жылы дүниеден өтті.  "Халық қаһарманы" атағы Р.Қошқарбаевқа 2001 жылы берілді. Батырдың жұлдызын тапсыру сәтіне Қошқарбаевтың жары Рахила, қызы Әлия жөне майдандас досы Ж.Жанасов шақырылды. Награданы тапсыру кезінде Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Р.Қошқарбаевтың батырлық ерлігіне барынша жоғары баға берді, оның тәрбиелік және патриоттық мәнін баса атап айтты. oinet.kz © Oinet.kz
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар